15 Қараша, 2016

Тұрақтандыру қоры толықтырылуда

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жергілікті билік халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Облыс орталығында коммуналдық базарлардағы азық-түлік бағалары тұрақты бақылауда ұсталуда. Қалалықтардың арзан да қолжетімді тамақ өнімдеріне сұранысын қанағаттандыру үшін жаз бойы аудандардың облыс орталығындағы күндері ұйымдастырылды. Оларда аудандардың тек рухани жетістіктерімен таныстырылып қана қоймай, осы шара аясында өткізілген жәрмеңкелер арқылы тұрғындарға арзан азық-түліктер ұсынуға да мүмкіндік туды. Енді  жиын-терін аяқталғаннан кейін облыс орталығында ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері апта сайын ұйымдастырылуда. Бұл да қалалықтардың қысқы кезеңге азық-түлік қорын жасап алуға алғышарт жасауда. Қыс мезгілінде азық-түлік бағасын өсірмеу, олардың қолжетімділігін қамта­масыз ету мақсатында облыстық тұрақ­тан­дыру қорын толықтыру шаралары алы­нуда. Қазіргі таңда 7 мың тоннадан астам жеміс-жидек пен азық-түлік об­лыстың тұрақтандыру қорына салынды Қалалықтар сұранысын өтеу үшін белгіленген жоспарға сәйкес об­лыстың тұрақтандыру қорына 1000 тонна картоп, 136 тонна сәбіз, 68 тонна орамжапырақ, 200 тонна жуа, 10 тонна қызылша салынған. 2016 жылдың көктемінде өнімдерді сақтайтын барлық  қоймасы бар «Пригородный» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылды. Алдағы қыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейту үшін қосымша 272 тонна қант, 200 тонна өсімдік майы, 204 тонна күріш, бірінші сұрыпты 200 тонна ұн сатып алу туралы шешім қабылданды. Тұрақтандыру қорының өнімі «Табыс» коммуналдық базарында, 10 шағын базарда және 2 әлеуметтік дүкенде, сонымен қатар, облыс аудандарында жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыс аудандарда да жүйелі жүргізілуде. Осы кезге дейін аудандарда 4 мың тоннаға жуық өнім салынды. Облыста  33 түрлі әлеуметтік азық-түлік бағасын көтермей ұстап тұрудың  қайтарымды шаралары алынуда. Осы бағытта құрылған арнаулы жұмыс тобы базарлардағы бағаға  бақылау жасап, мониторинг жүргізеді. Бұл азық-түлік саудасында тәртіп пен тұрақтылықтың болуына алғышарт жасауда. Биыл облыс диқандары астықтан бұрынғы жылдарға қарағанда, анағұрлым мол өнім алды. Мұның өзі өңірде ұн және нан өнімдеріне бағаны тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, картоп пен көкөністен де тәуір өнім жиналды. Әлеуметтік азық-түліктің жетпейтін бөлігін өңіраралық кооперация негізінде толықтыру қарастырылуда. Жалпы, облыста азық-түліктен таршылық болмайды. Бұған қазірдің өзінде берік негіз қаланды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы