24 Қыркүйек, 2016

Бірлік ауылының тірлігі

590 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
birlik-auyly-komirкөмір кеніштерінен экологиялық зардап шегіп отыр Ауданға сапарымызды біз бұл жолы Бірлік ауылына арнадық. Өйткені, облыс орталығына келген сайын тілшілер қосынына да есік қағып, бұйымтайларын айтып кететін ауыл тұрғындарының біраз өтініш-реніштері жиналып қалғандай еді. Бір күнде барып келе қоятындай жер емес, шалғайдағы ауылға жеткенше, өмірі жөнделіп бітпейтін Баянауылдың республикалық маңызы бар жолына түсіп «айналып өту» белгісімен «айналып» біраз жүрдік. Айдаланы қазып, бұрқ-бұрқ шаңдатып жатқан көмір кеніштері де көрінді. Қазақтар бұрын Майкөбе деген қоңыр көмір алабын Сарыкөл, Шөптікөл, Талдыкөл, Тасқұдық және Тамды деп атапты. Осы жер­дегі Шақшан болыстығына Май­көбенің байлығы қарағаны ғой. Сонау 1825 жылдары Майкөбенің көмі­рі­нің иісін сезіп, ағылшын капи­­та­листері де жеткен. Енді, міне, Майкөбе кен орнын бұл күн­д­ері екіге бөліп көмір қазып отыр­­ған кәсіпорындардың бірі – Тал­ды­­көл, Сарыкөл кеніштері. Әлгі бізге келіп арыз-шағым айтатын ауыл­­дық­­тардың дені осы кеніш­тер маңайын­да тұрады. Ауылдың да жолы қайбір оңып тұр дейсің. Әкім­­­дер қайда қараған, енді қашан жөн­­­­де­лер екен деп ойлайсың. Жол­сыз, сус­ыз өмірге үйренген, бәріне де төзім­­­­­ді­лік­пен шыдайтын ауыл тұр­ғын­­­­дары­на жаның ашиды. Жүдеу кө­­рі­­­ніс, құлаған үйлер де аз емес екен. Ал кірпіш зауытын ашып, ауыл тұрғындарына жұмыс беремін деп жүрген Ерлан Жәкеевтің шағын кәсіп­орны­ның қарадай талан-тараж­ға түскен жағда­йын Бірлік ауы­лы­­ның ғана тұрғындары емес, бүкіл облыс білер. Кәсіпкер шын­дық іздеп шырылдаумен, әлі соттасумен, кінәлілерді жауапқа тарт­қыза алмай әуреленіп жүр. Бұл істің артында кімдер тұр өзі, рейдерлер деген адамдар ма, дейді ауыл тұрғындары өзіңе сұрақ қойып. Үкімет ауылға жұмыс бер, шағын кәсіпорындар салыңдар деп жатыр. Бірліктегі кірпіш зауыты қашан жұмыс бастайды деп ауыл күтіп отыр. Ал кірпіш қазір сұранысқа ие, ауылға жұ­мыс керек, дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Қайырбаев. Ауыл әкімі Сұңқар Ахановты көр­геніміз жоқ, Баянауылда жиналыста жүр деді, бұл жұмысты қолға алға­ны­на бір жыл ғана болыпты. Жалпы, айтуларынша, Бірлік және Ақмектеп бөлімшесін қосқанда екі ауылда барлығы мыңға жуық адам қалыпты. Осы мыңның 475-і іргедегі Майкөбе, Сарыкөл көмір кеніштерінде еңбек етуде. Ауылдағы көңіл қуантар жақсы бір жаңалық осы. Ең бастысы, жұмыс бар. Қысқы көмірлерін түсіріп береді. Қытайдан Нәбиден Жарман деген кісінің отбасы көшіп келіпті. Елге оралған ағайын­дарымыз­дың көпшілігі Бозш­акөлде, Екі­бас­тұз, Ақсуда, Май­қайың­дағы өн­ді­ріс орындарында еңбек етіп жүр­­­генін білеміз. Нәбиден де кен ор­­нын­­да жұмыс істейді. Өздері кел­ген Қытай жағында мал бағып қана қой­­май, кен орындарында да жұ­мыс жасап, маманданған көрінеді. Ал баяғыда келген өзге ұлт өкіл­­­­­дерінен ауылда ерлі-зайып­ты Николай мен Евдокия Мещеряков­тар қалыпты, Григорий Лупан­чук, Анатолий Чема­нин, Наталья Дементьева, Нина Бояр­чук, Люд­мила Касьянова секілді орыс, украин­дар, Вероника Виталайм деген молдаван, башқұрт Темір­болат Азна­­баевтардың отбасылары да тату-тәтті өмір сүріп, Баян­ауылдың қазақ­тарындай болып кетіпті. Бірлікте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері атанған 36 ана тұра­ды екен. Бұл да көңіл қуант­ты. Келесі қуаныш: ауыл мек­тебінде 150 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылы басталып, жөн­деу, әктеу, сырлау жұмыстары жүр­гі­зілген мектептері жарқырап, жай­нап тұр. Сыныптары кең, тап-таза. Ауыл балаларының оқып-білім алуларына барлық жағдай жасалған. Ауласында жасанды жасыл төсеніштері бар спорт алаңы бар. Бірліктің мектебі өңірдегі «Үздік ауыл мектебі» қатарына алынып, оқу-білім саласындағы жетістіктерімен алда келеді. – Биыл өткен Олимпиада балаларды жігерлендірді. Қазір күрес, дзюдо түрлерінен бәрі де мектептің спорт залына жаттығуға асығады, – деп жатыр бізге денешынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы Мейрам Қожанов. Жап-жақсы мәдениет үйлері де бар екен. Өкінішке қарай, Бірліктегі мәдениет үйінде өнер адамдары емес, 3 еден сыпырушы, екі күзет­ші, бір директор жұмыс істейтіні қызық көрінді. Екінші қабатында ауыл той өткізеді. Сонда мәдениет үйінен еңбекақы алатын 3 еден сыпырушы тойдан кейінгі қоқысты жинау үшін алынған ба?.. Ауыл кеші көңілді деп мәдениет үйін ән мен күйге толтырудың орнына, аудандық мәдениет бөлімі оны ауылда бар деп мәлімет беру үшін ұстап отырған сияқты. Әйтпесе, директоры Бауыржан Жақыпов музыка колледжін бітірген, өнерлі жігіт екен. Тағы бір қызығы, мәде­ниет үйінің музыка аспап­тарын, кей­бір құрал-жабдықтарын шаруа қожалығының басшысы, әкесі Жыл­­қыбай сатып әперіпті. Ендігі мәселе – жер. Барлық ауыл­дар­дағыдай, ауыл маңындағы жайы­лым­дық жердің жағдайы Бірліктің де тұр­ғындарын толған­тады екен. Бұрын­дары ауыл­дың жанынан жер сатып алғандар да бар көрінеді. Қазір жер алайын, игерейін десе, бос жер жоқ деген жауап алады. Ал ауыл аймағы бос. Әкімдік қызметкерлері қанша бос жатқан жер бар екенін, жермен не істеу керектігі, жалпы, жер жағдайы туралы ештеңе айта алмады. Екі ауылда 39 шаруа қожа­лығы тіркеліпті. Ауылға, мектепке көмектесетіндері «Мәжит», «Дильназ», «Тұз», «Ботагөз» деген шаруа қожалықтары, бірі мектептегі спорт залына қазақша күрес ала­ңын, екіншілері тағзым ескерт­кішін ашуға қолдау көрсетіпті. Әр үй қой, жылқы, сиыр ұстап, құс өсіре­тін­діктен ауыл дастарқаны бай, тұрмыстары бақуатты. Ауыл тұрғындарын қатты алаң­да­тып отыр­ған басты мәселе – экология, қор­шаған ортаның шаңның ішінде қалуы. Өйткені, кеніштер жақын. – Қазір менің бір түсінбейтінім, ақшасы барлардың бәрі жерді қазып, көмір шығаратын болып алды. Бұларға бір тыйым, тексеріс деген бола ма, жоқ па? Күл, шаң, топы­­рақтың астында қашанғы оты­ра­мыз осылай?! Сарыкөл кеніші біздің ауылдың аумағында орна­лас­қан соң, кеніштер бізге есеп беріп отырулары керек. Қоғамдық тыңдаулар өткізу керек. Бұлар сонда салықты қалай төлейді? Сары­көл деген көліміз де бар, обал, құрып кете ме деп қорқамыз. Кие, қасиет­тен қорық­пай ма бұлар? – деді Қар­жаубай ағамыз ренішпен. Біз Сарыкөл, Талдыкөл, Май­көбе кеніш­терінің ауыл тұрғын­дарымен өт­кіз­ген қоғамдық тың­дауларын Баян­ауыл ауданы әкім­дігінің сайтынан із­деп көрген едік. Тақырыбы жазылып тұр­ғаны болмаса, шешімдер, мін­дет­те­ме­лер­ді орындау туралы ештеңе жазылмапты. Облыс прокурорлары биыл «Майкубен Вест» ЖШС көмір өн­ді­ретін кәсіпорнына табиғатты қор­ғау заңын бұзғаны үшін 5,6 мил­­­лион теңге айыппұл салғанын ар­­найы хабарлады. Кәсіпорынның қор­шаған ортаға шы­ғарынды тас­тауға рұқсат беретін құжат­тарсыз жұмыс істеп келгені анық­талды. Сон­дық­тан, мұндай тексерулер бас­қа кеніштерге де жүргізілуі қажет. Кәсіпорындар Елбасы жиі айтатын мәселенің бірі – бизнес­тің әлеуметтік жауапкершілігіне   аса мән бере қоймай­тындай. Әрине, кәсіпорындардың ел экономикасына қосып жатқан үлестері де бар, адамдарды жұмыспен, өңірлерді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, ауыл халқын, ең бастысы, өздері өмір сүріп отырған қорша­ған ортаның таза­лығы, экология мәсе­лесі алаңдатады.   Ауылдықтар бұл жерде қалай өмір сүріп, тіршілік жасауда деп қайран қаласың. Біз ешкімді «делдал», «алыпсатар» деп қаралай алмаймыз. Бірақ тұрмысы жүдеу ауылдарға түсі­ністік танытып, жанашыр­лық жаса­ғаны­мыз дұрыс. Ауыл тұрғын­дарына жұ­мыс бердік деп есептесіп, керісін­ше, қор­шаған ортаға, тұрғын­дар­дың ден­сау­лық­тарына зиян кел­тіру­ге бо­лмас. Шаң мен түтінге қар­­­сы пай­­да­ланылатын өндірістік тех­но­­ло­­­­гия­­­ны қолдану басты шарт болуы керек. Қазір облыс әкімі Болат Бақауов ауыл­дардың жағдайымен өзі жеке таны­сып, елді мекендерді аралап тұрады. Олай болса, біз айтқан мәселелер өңір бас­шы­сының да назарына ілігер деген үміттеміз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Баянауыл ауданы