24 Қыркүйек, 2016

Қазақстанның қуатты қадамына қызығады

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

astraxan-forum-1-1Астраханьдағы медиа-форумға қатысушылар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызына ерекше ықылас танытты

Әр елдің экономикалық өркендеу жолы өзгеше. Саяси тұрақтылығын айтпағанда, демократиялық талаптары әрқилы болатыны даусыз. Осы орайда, Астраханьда екінші мәр­те өтіп жатқан Каспий маңы ел­дер­ін­дегі бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің медиа-форумы­на қатысушылар тарапынан Қазақ елі­нің экономикалық даму үдерісіне қызы­ғу­шылығы анық байқалды. Мұны, әсіресе, медиа-форумға қатысу­шыларға Астанада алдағы жылы өткізілуі жоспарланған ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы таныс­тырылымынан аңғардық. Бүкіл әлем назар аударып отырған көрмені өткізуге дайындық барысы, оның негізгі тақырыбы – жасыл эко­номика туралы арнайы бейнеролик­ке Каспий жағалауындағы бес елдің 300-ге жуық журналисі ерекше ықы­лас танытты. Олардың бәрі де Қазақ­станның қуатты қадамына қы­­зы­ғып қарайды. Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бір-бі­рімен араз­­­дасқан елдердің татула­суына, сөй­­­тіп, эко­номи­калық, іскерлік бай­ла­ны­сын қай­та жалғауына ара­ағай­ын­­дық жа­сап, бітімгершілікті көз­деген мақсатын қуаттайтынына екпін түсірді. – Ел мен елдің, халық пен халық­тың арасындағы өзара сыйластықтың бұрынғыдан да беки түсуіне бұ­қаралық ақпарат құралдарының тигізер пайдасы орасан зор, – деді медиа-форум қатысушыларына сәттілік тілеген Қазақстан Республикасының консулы Асхат Сыздықов. – Сол себептен, ақпараттық байланыстың кеңи түскені жөн. Медиа-форумда сөз алғандардың барлығы дерлік ақпараттың шынайы болғанын қалайды. Мәселен, Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкиннің пікірінше, Каспий маңы елдерінің арасында ешқашан дүрдараздық та, келіспеушілік те болған емес. Сан ғасырлар теңіз жағалауындағы ел­дер бір-бірімен экономикалық даму тұрғысынан қарым-қатынасын байы­та түсті. Ата-бабаларымыз салған достық, әріптестік байланыс бүгін­де тек экономикалық қана емес, ақпа­рат­тық салада да қарқын ала бастады. Әзербайжан Республикасының Байланыс және жоғары технология­лар министрінің орынбасары Ел­мир Велизаде, Иран Ислам Респуб­ликасының бас консулы Али Мо­хамади, сонымен бірге, «Нейтраль­ный Туркменистан» газетінің өкілі Ирина Имамкулова, «Комсомольская правда» газетінің бас редакторы Владимир Сунгоркин және «National Geographic Russia» журналының ғылыми редакторы Андрей Журавлев Каспий маңы елдеріндегі жаңалықтар мен проблемалардың БАҚ-тарда көрініс табуы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға алғышарт жасайтынына тоқталды. Ал медиа-форум барысындағы пікірталаста белсенділік танытқан БАҚ өкілдері Каспий теңізіндей тұйықтық танытқан жоқ. Бір-бірімен әріптес болуға, ақпаратпен бөлісуге құлшынып тұрды. Мәселен, аталған медиа-форумда Атырау облысында тіркелген ATPress.kz ақпараттық порталының таныстырылымынан соң, онымен серіктестік байланыс орнатуға алдымен Әзербайжан мен Қалмақиядан келген әріптестеріміз ықылас білдірді. Сондай-ақ, «Каспий арманы» тақырыбымен жарияланған ха­лық­аралық конкурстың жүл­дегерлері анықталды. Олардың арасында Атыраудағы «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Надежда Шильман да болды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» –Астраханьнан (Ресей Федерациясы) Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ