24 Қыркүйек, 2016

Әлеуметтік жоба қолдау тапты

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдар­ламаларды үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетау­дағы Достық үйінде үздік әлеуметтік жобалар көрмесі болып өтті. Аталмыш көрме облысымызда осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Өткен жылы «Мен бәрін істей аламын! Менің қолымнан бәрі келеді!» атты жобаны ұсынған Көкшетау қаласындағы психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл жүйелері бұзылған мүгедек балаларға медициналық әлеу­меттік көмек көрсететін мекеме байқау жеңімпазы атан­ған болатын. Биылғы жылы байқауға жеті жоба қатыстырылып отыр. Олардың басым көпшілігі өмірде қиын жағдайға тап болған мүгедек балаларды оңалтуды, қоғамда өз орындарын табуға көмектесуді мақсат еткен жобалар. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар­ды үй­лестіру басқармасы басшысының орын­басары Шолпан Рахматуллина мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келе жатқанын айта келе, бүгінгі күні облыс аумағында 20 мың мүгедек тіркелгенін және осы салада еңбектерімен көзге түскен бірқатар үкіметтік емес ұйым­дар­дың белсенділігіне ризашылық білдірді. Олардың арасында «Ақкөлдегі №1 бала­лар үйі» мемлекеттік мекемесі, Көк­ше­­таудағы «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі, Степ­ногордағы «Ерлік» тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектердің қоғамы, «Балапан» мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамы, Атбасар қаласындағы «Целина» қоғамдық қоры және Жар­қайың ауданын­дағы «Ақмола облысы мүгедек балаларды қол­дау қауым­дастығы» қоғамдық бірлестігі бар. Қазылар алқасы қызу талқылаудан кейін «Көкшетау қаласы мен Краснояр кентінде І топтағы мүгедектерге және 18 жасқа толмаған қозғалып жүруі қиын балаларға үйлеріне барып, паллиативті көмек көрсету орталығын ұйымдастыру» жобасын ұсынған Көкшетау қаласындағы «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігін жеңімпаз деп таныды. Енді бұл ұжым алдағы уақытта іріктеуден өтсе, Шымкент қаласында өтетін республикалық көрмеде облыс намысын қорғайтын болады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы