24 Қыркүйек, 2016

Серіктес авторлықтың сыры неде?

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
aygul-akhanbaykyzyБірде оқулықтары бірнеше буынды тәрбиелеген біртуар ғалым Қажым Жұмалиев туралы шыққан жаңа жинақты парақтап отырып, «Қажым ғажап еңбексүйгіш адам еді. Қажым еңбектерін оқыған, оны жақсы білетін адамдардың есінде болар, ол өмірінде біреудің еңбегіне соавтор болып, қол қойып көрген адам емес. Өз қолымен жазбаған еңбекке қол қоюды ол мейлінше жеккөретін және өзі жаза білмейтін, өзінің ойы жоқ, пікірі жоқ адамның ісі санайтын. Бізді де ол осындай мінезге, еңбекшіл болуға баулыды», деген академик Серік Қирабаевтың пікірін көзіміз шалды. Кітапханаға барған сайын сөрелерде қаз-қатар тізіліп тұратын кітаптарға көзіміз түседі. Ғылымның түрлі саласы бойынша баспадан жаңа шыққан кітаптардың көпшілігінің мұқабасында авторлардың іркес-тіркес, қос-қостан жазылғанын байқаймыз. Бұл не: ұжымдасып кітап шығаратындай ғылымның да соншалықты күрделі тартқаны ма, әлде әдепке де, білімге де жат «әлімжеттік» деген пәленің ғылымға да жеткені ме? Жеке авторлардың сирей бастауына не себеп? Әрине, ірі ғылыми орталарда дәрежесі жоғары жетекшісімен бірге магистранты да бірдей тер төгіп, еңбек етсе, ұстазы шәкіртінің білігі мен еңбегіне қиянат жасамай, аты-жөнін қосалқы автор ретінде көрсетіп жатса, ғылымның заңына сыймағанымен, қазақы қауашаққа сыя беретін түсінігімізбен «е-е, жас ғалымды қолдағаны ғой» дейміз. Егер, керісінше, жұмыстың негізгі бөлігін жас ғалым атқарып, зерттеуін жарыққа әзірлегенде, ұстазы ұятты жиып қойып мінгесіп алса, әмірден аса алмаған жас авторды емес, ғылымды аяймыз. «Үстінен қарап беремін», деп алып, қайтарғанда қосақталып келсе, сорлағандық деген сол. Мұқабасы әдемі кітаптың ар жағында бетперде жамылып тұрғанның қайсысы талантты, еңбекқор екенін, ал қайсысының жатыпішер жалқау екенін өздері білмесе, біз біле алмаймыз. Өйткені, еңбекқор адамның талантты болуы мүмкін, ал талантты адамның жалқау болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Кімнің кім екенін, автор мен көмекшіні анықтайтын арнайы мекеме де жоқ, өйткені, бұл шаруа еңбекті жазып шыққан адамның келісімімен, рұқсатымен атқарылғандықтан, осылай жарыққа шығып отыр. Сахнада ойналып жатқан пьесаға артист те, көпшілік сахнасындағылар да (массовка) қатысып, бір спектакльді ойнайды. Күш басты геройға түседі. Бірақ табыс ортақ болып есептеледі. Белгілі аты-жөннің иесімен бірге бір еңбекті бөлісу – жас ғалымның ғылымдағы болашағына кепіл бола ала ма? Осыдан кейін ғылымның да театр сахнасындағы спектакльден айырмашылығы қалмай бара жатқан жоқ па осы деген ой туады. Ойымызды жас ғалыммен бөлісіп көргенбіз. Мәселенің мәнісі мүлде басқада болып шықты. Бүгінгі ғылымда магистранттарға да, оқытушыларға да, профессорларға да жылына екі-үш мақала шығаруға, өзі айналысатын ғылым саласы бойынша оқулық жазуға міндеттеледі. Егер ғылыми мақаласын ЖАК-тің тізіміне кіретін басылымдардың біріне жарияласа, бағасы 5 мың мен 10 мың теңге аралығында. Салалық емес басылымдардағы баға тіпті қымбат, жолдаудың өзіне жүрексінеді. Магистратураның талабы бойынша, Skopus Tomson Reuters сияқты шетелдік беделді басылымдарға мақала шығару үшін баға 1000 доллардан басталады. Әрине, бұл бір адамның қалтасына ауырлық етеді, екі адам бірігіп шығарса, әлдеқайда арзанға түспек. Амал жоқ, 4-5 оқытушы немесе магистранттары мен жетекшілері бірігіп мақала жариялауға мәжбүр. Ал кітап шығарса, баспа мен баспаханаға байланысты шығын тіпті артып шыға келетін көрінеді. Ғалымдардың жеке мақала жазуға, басы бүтін кітап шығаруға әлеуеті жетпейді емес, жетеді, тек материалдық мүмкіндігі, қаражаты қолбайлау. Сөйтіп, «серіктес авторлардың» шамадан тыс артып бара жату себебі өз-өзінен пайда болмаған секілді. «Серіктестер» өзара сенімді болса, түбі мұның да еш сөкеттігі жоқтай, ғылымдағы қолайлы жерде өсіп-өнетін қалыпты жағдайға айналары сөзсіз. Осындайда «Қайран, Қажым» дейсің. Сол тәрбиені санасына сіңіріп, ғылымдағы адаспас ақ жолым деп ұстанатын, біреуді барымталамай, өз сөзінің иесі өзі болып келе жатқан Серік аға Қирабаев секілділерге деген құрметің артады. Магистрантқа мінгесу – олар үшін өліммен тең еді ғой... Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»