24 Қыркүйек, 2016

Аяулы мекен – туған ел

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ұлттық университеттің 20 жылдығына арналған «Өз елім» атты музыкалы-поэтикалық кеш өтті. Оны Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырды. Университет жанындағы атал­мыш бірлестіктің осыған дейін талай кештер өткізгенін білеміз. Ондағы өнер адамдарымен, ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен өткен кеш­тердің студенттерге берер та­ғы­­лымы ерекше. Бұл орайда бірлестік жетекшісі, профес­сор, Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Кенжеғали Мыр­жық­­баев­тың еңбегі зор. Кешегі ұйым­дас­ты­рылған концертте опера әншісі негізінен туған ел, ту­ған жер тақырыбына арналған әндерді шырқап, тыңдарманның ықыласына бөленді. Кеш барысында бел­гілі опера әншісі Кенжеғали Мыр­жықбаев Ө.Байділ­даевтың «Туған ел», К.Күміс­бековтің «Аяулы мекен», Ж. Тұрсынбаевтың «Қыз-қарағай», Е. Рахмадиевтің «Ба­ла ғашық», Л.Хамиди­дің «Отаным», С. Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», «Қырманға кел, қалқатай», Ә.Бейсеуовтің «Сырласу вальсі», І.Жақанов­тың «Жайлаукөл кештері», Т.Базар­баевтың «Ауылым» ән­дерін на­қышына келтіре орындады. Жай орындап қана қоймай, кей­бір әндерге түсініктеме бе­ріп өтті. Сондай-ақ, Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Е.Сыдықовтың Темір­жан Базарбаевтың «Ауы­лым» әні­нің шығу тарихын сах­на­ға шығып әңгімелеп бе­руі тың­дармандардың қызы­ғу­шылығын туғызды. Ал студенттер арасын­да сәу­лет-құрылыс факуль­те­тінің, журналистика және сая­саттану, филология жә­не заң факультеттері­нің А.Жақ­сы­лықова, Б.Ендібай, А.Се­рікбаева, А.Нұрбек, Б.Мәден секілді студенттері елге бел­гілі ақын­дардың өлеңдерін оқып, кө­рер­мен­дерге рухани азық сыйлады. Айта кету керек, кешке елге белгілі зиялы қауым өкілдері­мен қатар студенттер де қатыс­ты. Өнер кешін Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің доценті, халықаралық фестивальдердің лауреаты Любовь Глинка рояльда сүйемелдеп отырды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»