24 Қыркүйек, 2016

Тайга төрінде – тақта тайталасы

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ресейдің Ханты-Манси автоно­миялық облысының орталығы – Юграда бұрнағы күні шахматтан 14, 16 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының бірінші жарыс күні аяқталды. Әуелі Қазақстан шахмат федерациясында атқарылған ұйымдастыру шаралары жайына тоқталайық. Ұйым атқару комитетінің Алматыда 21 қыр­күйекте өткен отырысы күн тәрті­бін­де бір ғана мәселе – еліміз шах­мат­шы­ларының жақында Бакуде аяқталған 42-ші Бүкіләлемдік олимпиадада өнер көр­сетуінің қорытындылары тал­қы­лан­ды. Атқару комитетінің 15 мүшесі қатысқан мәжілісте әйелдер құрама­сы­ның көрсеткішіне көңіл толмайтыны бірден айтылды. Турнирде ерлер құрамасы 180 команданың арасында 28-орынға табан тіресе, бойжеткендер жасағы 140 ұжымның ішінде 37-орыннан көрінді. Ал бұдан екі жыл бұрын өт­кен олимпиадада жігіттер 170 коман­да таласында 42-орын алса, қыздар 136 бәсе­ке­лес ортасында 6-тұ­ғыр­ға тұрақтаған еді. Талқылау барысында «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті Еркін Исрайылов федерация президенті Ғалымжан Есеновтің осыған байланысты ұсынысын жеткізе келіп, әйелдер құрамасының бас жат­­тық­тырушысы Павел Коцурды ат­қарып отырған қызметінен босату керек­ті­гіне тоқталды. – Федерация президенті ұйым жұмы­сын қазіргіден де гөрі мөлдір де ашық етуді, сондай-ақ ұйымды конкурстық негізде қайта құруды қалап отыр. Осының бәрі федерация мен жаттықтырушылар жұмыстары сапа­сын арттыру мақсатында жасал­мақшы, – деді Е.Исрайылов. Ол, сонымен бірге, 2017 жылдан ба­с­тап барлық жаттықтырушылар келі­сім­­­­шарт жүйесіне көшіріліп, олар­­­дың кон­­курс­тық жолмен таңдап алы­на­ты­нын сөз етті. Ал бапкерлер жұмыс­тары­­на баға беруде әрбір екі жылда бір рет өтіп тұ­ра­тын Бүкіләлем­дік олим­­­пиа­­да­­­ның қо­рытын­дылары негізгі өлшем болады. Енді Ханты-Мансиде керуен керген әлем чемпионатына келейік. Ал­ғашқ­ы раунд ешқандай кездейсоқ нәти­желер әкеле қойған жоқ, егер жақында ғана Ресей шахмат федерациясына ауысып кеткен қазақстандық Бибісара Асаубаеваның турнирді өте күшті бастағанын алға тартпасақ. Мәселе мынада, бұған дейін 12 жасқа дейінгілермен шаршы тақта үстінде шайқасып келген Бибісара бұл жолы 18 жасқа дейінгілердің үйіріне қосылып, бірінші партияда өзінен көп үлкен вьетнамдық Нгуиен Занг Зуи Тиенді еркін ұтып шықты. Сөйтіп, әлемнің 12 жасқа дейінгілер арасында экс-чем­пионы болып табылатын ол тур­нирдегі ең ересек 70 қыздың тобында грек Ставроула Цолакидоумен бірге турнир кестесінің көшін бастады. Мамандарды тек рейтинг бойынша бірінші тұрған Еуропа чемпионы, грузин қызы Нино Хомери­кидің күтпеген жерден тең ой­нап қалғаны таңғалдырып жатыр. Ал біздің осы ортада сынға түс­іп жат­­қан жалғыз спортшымыз – Диляра Албекова ресейлік Виктория Якимен­ко­мен тең ойнады. Жастары 18-ге дейінгі жігіттер арасындағы кездесу­лерде қазақстандық Жанат Сайын латвия­лық Олег Петровскийді ұтса, Арыстанбек Оразаев түрік Онер Огузбен тең ойынға келісті. Осы позиция­дағы үшінші өкі­лі­міз Айрат Сәдубаев армян Арам Акопян­нан жеңіліп қалды. 14 жасқа дейінгі қыздар сайысында біз­дің Әсел Серікбай норвег Ингрид Скас­лиенмен тең түссе, Сақыпжамал Бар­ма­ғам­бетова белорус Ольга Бадел­ко­­дан жеңілгенін мойындады. Ұл­дар сапы­нан Рамазан Шалмаханов бель­гия­­лық Лев Акуловтен басым болса, Рус­лан Сәлімов ресейлік Семен Лобасов­­қа әлсіздік көрсетті. Бұдан әрі 16 жас­қа дейінгі жасөспірім қыздары­мыз­­дың бірі қарсыласымен тең өнер көр­сет­се, екіншісі жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Атап айт­қан­да, Арнаш Бауыржан ресейлік Поли­на Шувалова екеуі бір-бірін ала алма­са, Алиса Қозыбаева үндістандық Приа­н­каға есе жіберді. Ұлдардың екеуі бірінші қарсыластарынан басым түссе, екеуі жеңілістің ащы дәмін татты. Осылайша, Жандос Ағманов – эсто­­ния­­лық Алексей Субехинді, Денис Мах­нев словакиялық Игор Литнерді жеңсе, Дастан Тұрар – ре­сей­­лік Олек­сандр Тряпишкодан, Тимур Нұр­жанов ирландиялық Араш Тобиас­тан ұтылды. Кеше кешке екінші раунд кездесу­лері ойналды. Чемпионат 3 қазан күні мәреге жетеді.  Дамир ҚОЖАМҚҰЛ