24 Қыркүйек, 2016

Таэквондошылар табыспен оралды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
23-09-16-karagandy-1Италияда ITF таэквондо бойынша жасөспірімер және ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатынан қарағандылық жекпе-жек шеберлері тамаша табыспен оралды. Жалпы, бұл дүниежүзілік додадан қазақстандық таэквондошылар құндылығы әртүрлі 18 медальмен оралды. Ал қарағандылық спортшылардың еншісіне осы жүлделердің басым бөлігі бұйырды: төрт алтын, сегіз күміс және төрт қола медаль! Әлем чемпионатында 68 елден келген 800-ден астам таэквондошы бақ сынаған. Міне, осындай бәсекесі өте жоғары жарыста намысты қолдан бермеген қарағандылық шеберлердің табысын қай жағынан мақтаса да әбден орынды. Чемпионаттағы айқастардың шиеленісті жағдайда өткені соншалықты, финалдық сынға жолдама алу үшін әрбір спортшыға кем дегенде 5-6 жекпе-жек өткізуге тура келген. 16-17 жастағы жасөспірімдер арасындағы сында Георгий Андросов 63 кило салмақта топ жарса, Әлия Сүлейменова 70 кило салмақ дәрежесі бойынша  ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды. Ал командалық арнайы техника сынында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген ел құрамасының сапында қарағандылық Георгий Андросов пен Александр Орлов сынды шеберлер болды. – Міне, 15 жылдан бері ел құрамасының негізін қарағандылық спортшылар құрап келеді, – дейді таэквондодан Қазақстан құрама командасының аға жаттықтырушысы Валерий Когай. – Бүгінгі күнде мұндай дәстүр әбден қалыптасып, өзінің игі жемісін беріп жатыр. Қазір біз әрбір чемпионаттан жүлдесіз қайтып жүрген жоқпыз. Дегенмен, биылғы нәтиже – Қарағанды таэквондосының тарихындағы ең үлкен жетістік. Италиядан олжамен оралған спортшыларды жерлестері құшақ жая қарсы алып, лайықты сый-құрмет көрсетті. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ