• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Кеше

Исламофобия: Сынақ һәм аңдысқан ағайын

30 рет
көрсетілді

Кешегі кеңестік кезеңдегі атеизм кеңінен насихатталған, дін атаулыға жасқана қарауға мәжбүр еткен қоғамның өзінде халықтың діни сауаты төмен болғанымен ішкі әлемінде Исламға деген құрмет, ілтипат, сағыныш, оң көзқарас жойылмады. Сондықтан шығар, Құдайға құлшылықтарын жасырын жасаған азаматтар, діни рәсімдерді ашық не бүркемелеп атқарған жамағат аз болған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықтың Исламды еркін тұтынуға, дін еркіндігіне деген аңсарын, сусаған көңілін басуға бағытталған ішкі бұлқынысының екпінді болғаны сондай, Тәуелсіздіктің таңы атар алдындағы санаулы жылдарда, егемен ел болған алғашқы кезеңдерде жұрт жаппай дінге бет бұрды. Аяғы шідерден, қолы кісеннен босағандай болған ел ғибадатқа ден қойды, мешіттер сала бастады, балаларының діни білім алуын қалап, жаңадан есігін аша бастаған медреселерге жүгінді, еркін іс-қимылға көшкен имам-молдалардың алдын босатпады. Талайлар перзенттерін Араб жазирасындағы елдерге, Түркияға, Орталық Азиядағы атақты діни орталықтарға аттандырды. Мұның барлығы біз жоғарыда сөз еткен Исламға деген сағынышты, сусаған көңілді басу амалы еді. Бұл сайып келгенде кеңестік атеистік қоғамда өмір сүрген халықтың жүрегінде Исламға деген ерекше ниеттің сөзсіз болғанын, миллиондардың жан сарайларында дінімізге құмарлықтың булығып келгенін растайды. Ал, кешегі атеистік қоғамның өзінде асыл дінімізге деген ықылас жақсы болғанда, Ислам құндылықтарына еркін бойлауға жол ашылған бүгінгі таңда  елімізде дінімізді жақтырмаушылық пиғылдың, теріс көзқарастың, исламофобияның ішінара бой көрсетуіне жол беріп алғанымыз қалай?

Біз бұл мақаламызда өз арамызда исламофобияның туындауына түрткі болған сыртқы және ішкі ықпалдарды тәптіштеп тізбелеуді, егжей-тегжейлі түсіндіріп жатуды мақсат етпедік, тек осы мәселеде бірер пайымдарымызды айта отырып, негізгі ойымызды ары қарай ұштасақ дейміз.

Жасыратыны жоқ, қоғамымызда исламофобия белгілері бар. Оны күнделікті өмірімізден, қоғамнан, аралас-құралас жүрген кейбір азаматтардың ұшқары ой-пікірлерінен, ақпараттық озық технологиялар кесірінен салиқалы да дәстүрлі БАҚ-тан оза шапқан, кейінгі кездері пайдасынан гөрі зияны көп екені аңғарыла бастаған әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан біліп жүрміз. Ішкі мәдениеті жоғары адамдар үшін тиімді мінбер, олардың өнімдерін оқып не еститін көзі ашық адамдар үшін пайдалы алаң саналатын,  ал ішкі әлемі жұпыны кейбіреулер үшін аузына келгенін айтатын, ойына келгенін көрсетіп бағатын таптырмас құрал болған, олардың әдепсіз әрекеттеріне қол соғып мәз болатын базбір бейәдеп кемақылдарға «оңай олжа», «тегін концерт» беретін әлеуметтік желілерді ақылдылар қолындағы жасампаз технология, ақымақтың қолындағы өткір семсер десек те жарасар.

Бөтен пиғылдылар әлеуметтік желілерді белсене қолданып елімізде исламофобия бықсығын үрлеп, одан жалын тудыруды мықтап қолға алған сыңайлы. Ал бұлардың аптығын басу, бықсығын өршітпеу қамымен жүргендердің үні құмығыңқы, әрекеті әлсіз, іштей қолдаушылары көп болғанымен олар ең құрығанда сөз жәрдемін мандытпай отырғандай. Бұл деген әлеуметтік желілерді үздіксіз пайдаланатын бейәдеп, бұрыс ойдағылар мен әлдекімдердің қолшоқпарына айналған аз ғана пысықай белсенді топтың дауысын басым етіп, сондайлардың ұшқары да кертартпа, кесірлі пікірлерінің бүкіл қоғамдық ой-тілек болып көрінуіне, еліміздегі көңіл-күйдің өлшемі, халықтың басым бөлігінің ойы сияқты аңғарылуына жол ашады. Әлгілердің айғайшыл үні, бұра тартар сөздері халықтық ұйғарым, пайым параметрі ретінде қарастырылып кетуі де әбден мүмкін-ау. Бұл өте қауіпті құбылыс. Осынау қарбаласты ахуалды өз пайдамызға шешуде қашанда білімі терең, аузынан салиқалы сөз шығатын сауатты, медресе көрген, кітап ашқан азаматтардың, әсіресе Діни басқарма қарамағындағы имам-молдалардың орны ерекше. Мұны мойындауымыз керек. Бұл өз кезегінде имамдарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді, маңдай терін тамшылатып тұрып атқаратын еңбекті, соның ішінде терең білім мен орнықты сөйлеуді талап етеді. Имамдарға сөздерінің кейбір тұстарын «кесіп» алып, оны өздерінің бұзық пиғылдарын іске асыруда шебер пайдаланатын, соны қару етіп, Ислам беделін төмендетуге тыраштанатын кейбіреулердің әрекетіне заматта лайықты жауап беріп, «қиылып» алынған сөзінің арғы-бергі жай-жапсарын, түпкі мәнін дер кезінде жайып салатын қағілездік, әбжілдік керек-ақ.

Қоғамымызда исламофобия белгілерінің қылаң беруі кешегі атеистік қоғам кесірінен орын алған діни сауатымыздың төмендігінің салдары. Яғни, діни тұрғыдағы ақ пен қараны ажырата білуімізге деңгейіміздің жетпегенінің айғағы. Бұдан біз салдармен ғана күресіп қоймай, оның түпкі себебін нақтылап, соны жоюдың, дәлірегі діни сауатымызды көтерудің аса қажет екенін ұғамыз.

Дінімізге деген теріс көзқарастың айналамызда пайда болуы Жаратушы иеміз – Тәңір тағаланың бізге жіберген сынағы шығар, бәлкім. Жаратушы өз сынағын назары ауғанға, оны көтере алатындарға, үдебарасынан шығатындарға ғана береді. Демек біз, Тәңірдің сынағында тұрмыз. Осы сынақтан сүрінбей өту жалпыхалықтық іс болғанымен, мұндайда жетекші рөлде білікті имамдарымыз болатыны сөзсіз. Сондықтан имамдарымызға қоғамымыздың зор үмітпен қарайды, селкеусіз сенім артады. Бұл жүкті олардың қайыспай көтере алатынына сеніміміз мол, әлеуеті де жетеді.

Біздің қоғамда, әр шаңырақта төр дін сөзін айтушы имамдікі. Бұдан біз халқымыздың Құдайға деген жоғары сенімін, Исламға, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген шексіз құрмет-ізетін, ата-бабаларымыз ұстанған дініміздің дәстүрлі жөн-жоралғысына адалдығы мен одан ізгілік пен жақсылық іздеген ниетін еш қиындықсыз байқаймыз.

Төрдегі кісі – дін мұратын жеткізуші адамда кедергісіз сөйлеу, мінбер иелену мүмкіндігі болады. Сондықтан оған түзу,  сақ сөйлеу, терең білімге ие болу, айтпағын майдан қыл суырғандай етіп жеткізу міндеті өздігінен жүктеледі. Өйткені төр лайықты жанға ғана ұсынылады, есесіне одан ғибратты сөз, мәністі тәлім күтіледі. Осы орайда имамдарымыздың қаперінде жүрсе екен деген тілекпен аз-кем сөз арнаудың реті келіп тұрғандай.

Біз имамдарымызға ақыл-кеңес айтқымыз жоқ, бірақ ішіміздегі түртпектеген кейбір ойымызды бүгіп қалғымыз келмейді.

Шын мәнінде, елімізде исламофобияның зиянкес ұрығының шашылуына сөз ұстап, жұрт алдында жүрген кейбір имамдарымыздың уағыздары барысында біліп не білмей, аңдаусызда айтылып қалатын кейбір пікірлері де өзіндік «үлесін» қосып отырғандай. Исламофобияны тудырушы тараптардың аңдығаны имамдардың аузы. Қит еткенді қиып түсуге алақанын ысқылап әзір отыратын әлгілер имамның әр сөзінен ілік іздеп зорыққанда «өліп кете ме, қайтеді?» дейсің. Егер уағызшының аузынан шыққан сөзден ілік тапса бітті бөркін аспанға атып қуанып, бүкіл өмірлік арман-тілегі орындалғандай алақайлап шаттанады. Содан келіп әлеуметтік желілерді жаңғыртып, имам сөзінен тапқан «дүниесін» айқайлай жариялап, әдеттегідей байбаламына, ойбайына басады. Өзін қоғамның бейне бір нағыз жанашырындай көрінудің шебері болып алған тырнақ астынан кір іздеушілер «Міне, көрдіңдер ме, бұлар осындай...» деп имамдардың көзін шұқуға дейін барады. Ал содан келіп әлгінің айтқанына елірген әпербақандардың ойсыз, орашолақ, былапыт сөздері қарша борайды. Ештеңенің байыбына барып жатпастан бұларға еріп қосыла «үретін» талайлар жөнінде айтпай-ақ қояйын. Міне, осы көріністің өзі имандылыққа бет бұрып, асыл дінімізге қарай қадам басуға талаптанған талай жас-кәрінің тың толқынын кейін ысырып қана қоймай, қарсы күштің қатарына қосылып кетуіне итермелеуі бек мүмкін. Бұл сайып келгенде Исламның керемет дін екенін білетін, іштей мойындайтын, бірақ оны шөп қорыған ит секілді өзіне де, өзгеге де бұйыртпаудың сан-салалы амалын қолданатын сыртқы-ішкі дұшпан көздердің пайдасы.

Ал өзін дұшпанның «нысанасына» іліктіріп алған имамның бұған дейінгі еңбегі, ол да біреудің әкесі не атасы, отағасы екені, жерлес, қандас екені есепке алынбайды. Бүкіл лас сөздер, айыптаулар имамға бағытталады. Лезде қарақұлақ болып шыға келген имамның да пенде екені қаперден шығады. Қоғамның бүкіл дертіне тек сол имам ғана кінәлі, жазықты сияқты болады.

Қандай тұлға болса да қоғамдық пікірдің құлы болуға мәжбүр заман орнап тұр. Содан да болар, дінімізді қаралаушы, оған өзіндегі күйені жағуға тырысар тасыраңбайлардың ойсымақтарын қоғамдық пікір ретінде қабылдап, солардың ыңғайында сөйлеуге бұрылып тұратын имамдар аракідік болса да кездесіп тұрады.

Мәселен, соңғы кездері біздің кейбір азаматтарымыздың тарапынан Исламның қоғамымыздағы, тіпті әлемдегі орнын төмендетіліп көрсетілетін болып жүр. «Бүгінде Ислам дінінде сыртқы форма ғана қалды, онда рух жоқ» деген мазмұндағы ойларын әртүрлі деңгейдегі мінберлерден еркін түрде айта беретіндер жиі кездеседі. Олар мұндай пікірлерін мұсылмандарды ширықтыру, ой салу мақсатында айтатын шығар, бірақ, дәл бұлай сенімді түрде сөйлеу, үкім ету қаншалықты әдепке сай келетінін, осылай деуге кімнің құқық бергенін білмедік. Бір білетініміз, әлгіндей ойын басқаша да жеткізуге болады емес пе. Оған уағызшының ой-өрісі, сөздік қоры жететіні анық.

Ислам дінін қорғаушы – Құдай. Ислам бүгінде сыртқы формасымен де, ішкі ізетшіл иірімдерімен де теңдессіз дін саналады. Бірақ оны жаманатты етіп көрсетуге бекігендер Ислам әлсіреп барады, жүректерден орын таппай жатыр деген жалған сөз тартып бағуда. Дұшпан сөзіне еріп біз де өзімізше мұны қолап еліріп жүрміз.

Ислам дінінің қазіргі ықпалы, деңгейі жөнінде ерсілі-қарсылы сөйлеуді дұрыс деп есептемейміз. Негізгі діні Ислам саналатын мемлекеттердегі саясат, экономика, ғылым-білім, мәдениет салаларындағы кемшіліктер мен артта қалушылықтарға, әлеуметтік мәселелер шешімінің табылмауына дінімізді, мұсылмандардың құлшылық амалдарын  жазықты ету санада мықтап орнығып қалғандай. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, кейбір саяси кикілжіңдер мен қақтығыстарда, соғыста басты ұстанатын діні Ислам болып келетін елдер жеңіліп қалса, тағы да діннен көреміз. Тіпті, мұны Исламның тізе бүгуі деп те сипаттап жіберетіндер бар. «Міне, Исламның шарттарына адал боламын деп жүріп ақырында дұшпанымен тартыста таланып қалды» деген сыңайдағы пікір қиындықсыз айтыла салады. Мұның барлығы әділетсіз, жөнсіз пікір екенін ешкім қозғағысы келмейді. Бар кінәні Исламға, оны тұтынушы жамағатқа аударуға құмармыз. Дамыған, құдайсыз қоғам құрылған мемлекеттерде тек күн көру ғана бар екенін, ал Ислам орныққан елдерде көн көру де, өмір сүру де қатар өрбіп келе жатқанын айтқымыз келмейді.

Таза шариғат талаптары негізінде өркендеп отырған, Ислам діні негізінде зайырлы қоғам құрып, азулы ел, дамыған дәулет атанған қаншама ел бар. Бұл елдердің тынышын алып отырғандарға, оларға саяси-экономикалық тұрғыда үстемдік жүргізгісі келіп, қысым, зорлық көрсетіп бағатындарға көз жұма қарап келеміз. Сөйтеміз де, бар кінәні Ислам дініне жапқымыз келеді. «Ислам дінін мемлекет құрылысына, қоғамға тірек етсең құрисың, дамымайсың, артта қаласың» деген таптаурын пікірді санаға сіңіруші – Исламның дұшпандары. Олардың мақсаты – әлемді Исламнан «құтқару», бездіру, сөйтіп, күлдібадам, құрдымға бастар өз жолына түсіріп, жарқабақтан құлағалы тұрған өздерімен бірге азғырылғандарды да ала кету. Ал дұшпандар Ислам дінін ұстанған, оның талабына беріктердің өздерімен бірге құрдымға кетпесін білгендіктен олардың берекесін қашырып, тынышын алу үшін өршелене іс-қимылдар жасауда. Ал біз солардың ұсқынсыз, бүкір пікірін қайталап әуреміз.

Шын мәнінде Ислам дінінде тек сыртқы форма ғана қалса, онда ол қызметін мүлде тоқтатқан болар еді. Бірақ, әлемнің барлық түкпірінде мешіттер ашылып, оған баратын жамағаттың қатары күн санап артып бара жатқаны, жаһандағы 2 миллиардтан астам адамның Ислам туының астындағы мұсылмандар екені дініміздің сыртқы формасы ғана қалды деген пікірді өтірікке шығарады. Іші қуыс, сыртқы қаңқасы ғана қалған дін осынау әлеуетке ие бола отырып ілгері жылжи ала ма?

Кейбір уағыз айтушылар қазақтың салт-дәстүріне, ғұрыптарына, ырым-тыйымдарына қатысты ой-пікірлерін оңды-солды айтатын болып жүр. Қазақтың бұл құндылықтары уақыт сынынан, ғасырлар елегінен өтіп бүгінге жеткенін, осынау аралықта олардың Ислам дінімен сәтті қабысып ортақ игілік, тәлім-тәрбие құралы болып кеткенін ешкім жоққа шығармайды. Ислам бұрыннан шет көрмеген бұл қазыналарымыздың табиғатын, ішкі мәнін теріс түсіндіру, оларға білімсіздіктен орынсыз тіл тигізу халқымыздың шымбайына батады емес пе. Сондай-ақ бұл жағдай онсыз да байырғы түркі әлемінде тұтынылған наным-сенімді көлденең тартып, дініміздің шаужайына жармасып арамтер болып жүрген ағайынның байыпсыз базынасы мен құйтырқы уәжіне тұздық болып, оларға иіліп жүргендерді бір даурықтырып, дінімізге тас атуын үдеткізе түспей ме?..

Тағы бір уағыз жеткізуші бауырларымыз исламофобиялық ыңғайдағы пікірлердің ауанына құлап сөйлеймін деп ақырында сөзден сүрініп жататыны да бар. Содан келіп сөз аңдығандар «қуанышқа кенеледі», ал қарапайым жамағат әрі-сәрі күй кешіп, бір-біріне сыбырлай күңкілдеп, «мұнысы несі?» деп қала береді.

Кейде тіпті Ислам дініндегі негізгі парыздардың парқын арзандатып, беделін түсіретін уағыздарды естіп қалып жатамыз. Айтушының ниеті дұрыс шығар, тереңнен қазып, түп-төркіннен тамыр тарта сөйлегісі келгенімен тілі жетпеген болар, бірақ тыңдаушы жамағат естігенінен әрқилы ой түйіп, тұжырым жасайтынын ескеріп, барынша сақ болғаны абзал емес пе. Бұл жерде айтпағымыз анық болуы үшін мысалмен сөйлесек.

Бір уағыздарда мінберде тұрған азаматтардың оқыған намазың, ұстаған оразаң, басқа да парыздарды орындауың сені тозақтан құтқармайды, жаннатқа кіруіңе кепіл болмайды, бір адамдар бар намаз оқымағанымен Аллаға иман келтіреді, мінезі көркем, міне сондай адамдар жаннаттық болады, намаз оқитын, жұма намазына келетін адам қадірлі емес, ешкімге зиянын тигізбейтін, тек пайдасын ғана көрсететін адам қадірлі, қиямет күні оқыған намазың бетіңе лақтырылуы мүмкін деген мазмұнда сөйлегенін талай естідік. Дұрыс-ақ. Түсінікті жайт. Бұл жерде мұсылмандық тек тілімізде ғана емес ділімізде де болуы қажет екені, Құдайға деген таза ниет пен ыстық ықыластың жүрегімізде орнауының маңыздылығы түсіндіріліп тұр. Бірақ, осы арада негізгі айтпағын намазды, дініміздің басқа да парыздарын ортаға киліктірмей-ақ жеткізуге болар еді ғой дейміз. Өйткені, адамның ниеті қандай екені, оның жүрегі таза не кір екені, оқыған намазы мен басқа да құлшылық амалдарының қабыл болғанын не болмағаны Құдайға ғана белгілі емес пе? Біз намаз оқымайтын, бірақ Құдайға иман келтірген, көркем мінезді адамның ішіне кіріп шыққанымыз жоқ қой. Сондықтан оның бағасын мына өмірде бес уақыт намаз оқитын, басқа да құлшылық амалдар жасайтын, бірақ бұл құлшылығы қабыл болғаны не болмағанын Құдай ғана білетінін түсінетін, о дүниесіне онсыз да алаңдаулы жаннан сенімді, кесімді түрде асыра бағалап үкім айту қаншалықты дұрыс екенін білмедік. Намаз оқысам, ораза ұстасам болды жаннаттықпын деп есептемейтін, бірақ сол амалдары арқылы Құдайдан үмітті адам бұл құлшылық әрекеттерге о баста ниет түзулігімен баратыны түсінікті емес пе.

Біздің ортамызда ниетім түзу, Құдайға сенемін дейтін, өзін мұсылман санайтын, бірақ намаз оқымайтын азаматтар бар. Оларға пәлен деп ештеңе айтпаймыз. Олар құлшылықтарын Құдайдан пәрмен түскен кезде жасай жатар. Бірақ ниетім ақ, Құдайға иманым кәміл дейтін әлгі адамдар шынымен өзі ойлағандай жан ба, оны бір Тәңір біледі, біздің білетініміз өзінің ізгі ниетін, Құдайға сенімін жүрекке бекіте түсу үшін намаз оқу, ораза ұстау сынды құлшылық амалдар жасау керек емес пе.

Тағы бір жиында сенің ниетің тура болмаса, оқыған намазың жай еңкею мен тоңқаю ғана дегенді де естідік. Қалай дегенде де, сәждеге тиген бас пен рукухқа иілген тәнді кемсіте, кекете сөйлеу жарамайды. 

Міне, осы сарында айтылып жүргендердің барлығы айналып келгенде Ислам дінінің, оның негізгі парыздарының салмағын жеңілдетеді, парқын төмендетеді. Содан келіп, Құдайға сенемін, көңілім ақ, иманым кәміл деп, бірақ мұсылмандық парыздарға қол сілтеп, оларды орындауды нәпсісіне ауыр көріп күн өткізетін ағайын қатары көбейе береді. Дәлірегі, «Намаз оқып, ораза ұстасам, бірақ қиямет күні бұл амалдарым бетіме лақтырылып жүрсе қиын ғой, одан да тыныш қана, құлшылық жасамай-ақ жүре берейін» дейтіндер санын арттыра береді.

Жалпы, рухани деңгейіміз ала-құла қоғамда бір дүниені түсіндіру үшін діни басты парыздарды таразының бір басына қойып, оларды мысал ретінде жеңіл тартқызу әрі-сәрі күй кештірмей қоймайды. Онсызда қайда бет бұрарын білмей сарсылған ағайынға обал жасамағанымыз, санасын  сансыратпағанымыз жөн.

Бұл жерде имамдарымызды сынап-мінеуді мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Біздікі дін ісінде, әсіресе дәстүрлі дініміздің жауы жан-жақтан андыздап тұрған қазіргі уақытта имамдарымыз ауыздарына сақ, ұстанымдарына берік болса екен деген тілек қана. Әрине, бәрін білуші Құдай тағала. Біз тек пендеміз. Бірақ бір-бірімізді сақтандырып, өзара жанашырлық таныта сөйлегенімізде айып жоқ шығар деп ойлаймыз.

Соңғы жаңалықтар