• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:30

Өндіріске қосылатын өнертабыс

30 рет
көрсетілді

Бүгінде ғарыштан түсірілген суреттер арқылы жолдардың жай-күйін бақылауға болады. Тіпті заңсыз құрылыстарды анықтап, егістік алқаптарының жағдайын білуге мүмкіндік бар. Көпшілік мұндай технологияларды тек шетелдік ірі компаниялар жасайды деп ойлайды. Алайда өз студенттеріміз бен жас инженерлеріміз де осы бағытта нақты жобалар әзірлей бастады. Жуырда Nazarbayev University қабырғасында өткен «NURIS Hardware Challenge 6.0» байқауы соның бір дәлелі болды.

Бұл білім бәйгесі ға­рыш­тық суреттерді тал­дайтын бағ­дар­ла­ма әзірлеуге арналды. Қа­ты­сушылар жер бедерін­дегі нысандарды автоматты түр­де анықтап, оларды GIS-қа­бат­тарға айналдыру бағы­тын­да жұмыс істеген. GIS-қабат дегеніміз – картадағы әр дерек­тің жеке-жеке жүйеленген цифр­лық нұсқасы. Мысалы, жол­дар бір қабатта, ғимараттар екінші қабатта, ал жер бедері үшінші қабатта көрсетіледі. Мұндай технологиялар қазір қала жоспарлау, төтенше жағ­­дай­ларды бақылау, ауыл ша­руа­шылығы, логистика және эко­логиялық мониторинг салаларында кеңінен қолданылып жүр.

Басқаша айтқанда, бұл бай­қауда қатысушылар жай ғана бағдарлама жазып отырған жоқ. Олар спутниктен алынған үлкен көлемдегі деректерді адам­ның көмегінсіз сараптай ала­тын жүйелер әзірлеген. Өйт­кені қазір ғарыштан түсетін ақ­парат көлемі өте көп. Оны қол­мен өңдеу ұзақ уақыт алады. Ал автоматтандырылған жүйе­лер қажетті нысандарды бір­неше минут ішінде анықтап, нақ­ты картаға айналдыра алады.

Байқау қатысушыларына өндірістік тапсырманы «Kaz­AeroSpace» компаниясы ұсынған. Компания 2015 жылдан бері геоақпараттық жүйелер әзірлеумен, ғарыш­тық суреттерді өңдеумен және 2D, 3D модельдеу жұмыс­та­рымен айналысады. Бү­гін­де ол осы саладағы жетек­ші ком­паниялардың біріне айнал­ған. Сөйтіп, байқау қорытын­дысына сәйкес «Terra Scope» және «GeoForce» командалары жеңімпаз атанды. Әр команда 500 мың теңгеден иеленді.

«GeoForce» командасы спут­ник­тен алынған күрделі деректерді көзге көрінеу цифр­лық картаға айналдыратын жүйе әзірледі. Жобаның бас­ты ерекшелігі – суреттегі нысандарды автоматты түрде танып, оларды талдауға да­йын күйде ұсынуы. Ал «Terra Scope» командасының шешімі геосуреттерден көлік түрлерін, ғимараттар мен жолдарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл спутниктік деректерді өңдеу уақытын қысқартып қана қой­май, талдау дәлдігін де арттырады. Соның арқасында белгілі бір аумақтағы өзгерістерді жедел бақылауға мүмкіндік туады.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 35-тен астам өтінім келіп түскен. Соның ішінен тек 6 команда финалға жолдама алған. Байқау барысында финалистер өз жобаларын сарапшылар алқасына, индустрия өкілдеріне және серіктестерге таныстырды. Қатысушылар өз жобаларын қорғап қана қой­май, сала мамандарының ұсы­ныстары мен пікірін тыңдады.

Университет жанындағы «Astana Business Campus»-ының инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Абзал Дәрібай мұндай байқаулар университет пен өндіріс арасын­дағы байланысты күшейтетін маңызды алаң екенін айтты. «NURIS Hardware Challenge 6.0» – университеттегі ғылым мен өндірістің байланысын көрсеткен жоба. Байқау бары­сында студенттер мен жас маман­дар ойдан шығарылған тапсырмамен емес, өндірісте кездесетін нақты мәселемен жұмыс істейді. Соның арқа­сында олар теориялық білі­мін тәжірибеде қолданып, жобалардың алғашқы үлгісін жасап, сала мамандарынан кәсіби пікір алды», деді ол.

Оның айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты тек жеңімпаз анықтау емес. Ең маңыздысы – инженерлік және технологиялық ойлауды дамытатын ортаны қалып­тастыру. «Біз үшін мұндай бас­тамалардың тек жарыс дең­гейінде қалып қоймағаны маңызды. Осындай жобалар дарынды жастарды анық­тап, инженерлік ойлау мен технологиялық қабілетті дамыту­ға жол ашады. Ең бастысы – мұнда жасалған шешімдер болашақта жетілдіріліп, нақты өмірде қолданылуы мүмкін. Бұл жүйенің құндылығы да осында», деді Абзал Дәрібай.

Айта кетейік, байқауды «NURIS Fab Lab» цифрлық прототиптеу зертханасы ұйым­дастырды. Бұл орта­лық жас инженерлер мен зерттеу­шілердің жобаларын қолдап,­ технологиялық идеяларды тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар