Елімізде негізі қаланған AEROO EdTech-стартапы халықаралық нарыққа шығып, Вьетнам, Индонезия және Сингапурда өз қызметін бастағанын жариялады. Жоба инженерия мен жасанды интеллектіні оқытудың жаңа тәсілін ұсынып отыр. «Competition Driven Learning» деп аталатын бұл модельде оқушылар теориялық білімді нақты инженерлік жарыстар мен практикалық тапсырмалар арқылы меңгереді.
Ұлы даладан Оңтүстік Азияға дейін...
Анықтап айтсақ, «AEROO» – мектеп оқушыларына арналған инженерлік білім бағдарламалары мен арнайы жиынтықтар әзірлейтін жоба. Бағдарлама аясында жасөспірімдер жасанды интеллект, электроника, бағдарламалау және ғарыш технологияларын тәжірибе жүзінде үйренеді. Сонымен бірге оқушылар мини-зымырандар, спутник модельдері, дрондар мен ровелер секілді құрылғыларды өз қолымен құрастырып, нақты инженерлік тапсырмаларды орындайды. Бұл әдіс күрделі технологияларды қарапайым әрі қызықты етіп көрсетеді.
Жоба жетекшісі Мирас Нусуповтың айтуынша, «AEROO» бағдарламаларының ерекшелігі, мектеп оқушыларына магистранттар деңгейіндегі жобаларды орындауға мүмкіндік береді. «AEROO» стартапын құрудың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына инженерия, жасанды интеллект және ғарыш технологияларын теория арқылы емес, нақты практикалық тәжірибе арқылы үйрету. Жоба жастардың технологияны тек тұтынушы ретінде пайдаланбай, өз қолымен жасап көруіне мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Competition Driven Learning моделі арқылы оқушылар нақты инженерлік тапсырмалар мен халықаралық жарыстарға қатыса отырып, күрделі технологияларды түсініп, инженерлік ойлау қабілетін дамытады. Ұзақмерзімді мақсат – ғылым мен технология саласында жаңа буын зерттеушілерін, инженерлерін және стартап негізін қалаушыларын тәрбиелеу», дейді ол.
Зерделеп көрсек, жобаның негізгі аудиториясы – инженерия немесе бағдарламалау негіздерін меңгерген 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Кейінгі жылдары бұл жастағы оқушылардың техникалық дайындық деңгейі айтарлықтай өскені байқалады. Көптеген елде 17-18 жастағылардың стартап ашуы қалыпты құбылысқа айналып отыр. Жобаға қатысқан мамандардың айтуынша, жасанды интеллект құралдарының қолжетімді болуы мен практикалық білім модельдерінің дамуы алдағы жылдары инженерлік жобалармен айналысатын балалардың жасын одан әрі төмендетуі мүмкін.
«AEROO» жобасының кеңеюіне еліміздегі «Ғылым әлемін ашамыз» ұлттық ғылыми жобасы үлкен серпін берген. Аталған компания дәстүрлі нарықтық зерттеулерге көп қаражат жұмсамай, тікелей жергілікті серіктестермен жұмыс істеу стратегиясын таңдаған. Яғни әр елде ұлттық инженерлік жарыстар ұйымдастыратын ұйымдармен әріптестік орнатып, өнімдерді мектеп бағдарламаларына енгізу арқылы ауқымдалу жолын таңдады. Қазір «AEROO»-ның серіктестері Дания, Вьетнам, Индонезия, Сингапур елдерінде жұмыс істейді. Бірқатар мемлекетте жобаны білім жүйесіне енгізу бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
Мемлекеттік секторға бағытталған стартап
Көптеген технологиялық стартап венчурлық инвестиция іздейтіні анық. Ал «AEROO» сыртқы инвестиция тартудан саналы түрде бас тартқан. Бұған жобаның B2G, яғни мемлекеттік секторға бағытталғандығы себеп. Мұндай келісімдер әдетте ұзақ уақытты талап етеді, кейде алты айдан бір жылға дейін созылады. Сонымен қатар жобаның аппараттық құрамдас бөлігінің болуы венчурлық қорлардың тәуекел деңгейін арттырады. Команда үшін басты мақсат – қаржылық көрсеткіштерден бұрын жастар арасында ғылым мен инженерияға деген қызығушылық қалыптастыру.
Жоба жетекшісінің бұған дейінгі тәжірибесі аз емес екенін білдік. «Мен Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытында білім алдым. Кейін Astana IT University университетінде ақпараттық технологиялар саласы бойынша оқуымды жалғастырдым. Еңбек жолымның бастапқы кезеңінде білім беру және STEM бағытындағы жобаларда жұмыс істедім. Жобалық менеджер ретінде мектептердегі оқу кабинеттерін заманауи STEM жабдықтарымен қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асырумен айналыстым. Сонымен қатар мектептерде инженерлік, роботтехника және технологиялық зертханаларды енгізу, білім ұйымдарымен жұмыс жүргізу, оқушыларға арналған технологиялық инфрақұрылымды дамыту жобаларын үйлестірдім. Бұл тәжірибе маған мектептерде практикалық инженерлік білім беруді дамыту, оқушыларға заманауи технологияларды үйренуге мүмкіндік жасау, білім жүйесінде жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыс істеуге мүмкіндік берді», дейді Мирас Нусупов.
Жастардың мүмкіндігі қандай?
«AEROO» әзірлеген өнімнің бірі – «AI CubeSat Kit». Бұл жиынтық арқылы оқушылар жұмыс істейтін спутник прототипін құрастырып, сенсорлар орнатып, ұшу бағдарламалық жасақтамасын жазып, құрылғыны нақты сынақтарға дайындайды. Бағдарламаның финалдық кезеңі – ASLC халықаралық жарысы. Онда 20 финалист командалар өз спутниктерін 20 мың метр биіктікке дейін, яғни стратосфераға ұшырады. Мұндай техникалық деңгейдегі тапсырмалар әдетте жоғары оқу орындарының магистранттарына ғана қолжетімді болса, «AEROO» оны мектеп оқушылары үшін де жүзеге асырып отыр.
Компания қазір бастауыш деңгейдегі цифрлық сауаттылығы бар балаларға арналған жаңа өнімдер желісін әзірлейді. Осы арқылы инженерлік білімді барынша қолжетімді ету. Сонымен қатар елімізде аэрокосмостық технологияларға арналған ірі халықаралық жарыстар ұйымдастыру жоспары бар. Елдің ғарыштық тарихы мен кең географиялық мүмкіндіктері мұндай жобаларды дамытуға үлкен серпін береді.
«AEROO» жобасының басты құндылығы – инженерлік ойлау мәдениетін қалыптастыру. Жасөспірімдер теориялық біліммен шектелмей, нақты құрылғыларды жасап, тәжірибе жасап, қателіктер арқылы үйренеді. Мұндай тәжірибе болашақта жоғары технологиялық салаларда жұмыс істей алатын, өз стартаптарын құруға қабілетті, жаһандық деңгейде бәсекеге түсе алатын жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге негіз болады. Еліміз жастары «AEROO» арқылы ғарыш пен жасанды интеллект саласында тек тұтынушы емес, өнім жасаушы ұлтқа айналу жолында нақты қадам жасап отыр.