• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 12:30

Игілігі мол құрылғы

30 рет
көрсетілді

Қант диабеті – бүгінде әлемде ең көп таралған созылмалы аурулардың бірі. Бұрын бұл дерт көбіне жасы үлкен адамдарда кездессе, қазір балалар мен жасөспірімдер арасында да жиілеп барады. Ауруды бақылағысы келген жандар күн сайын қандағы қант мөлшерін тексеріп отыруы керек. Көп жағдайда бұл саусақты инемен шаншып, қан алу арқылы жасалады. Бірақ мұндай тәсіл ауырсыну тудырады әрі оны жиі қолдану да денсаулыққа зиян. Соның салдарынан кей науқастар қант деңгейін уақтылы тексере алмайды. Осы мәселені шешу мақсатында оралдық оқушылар «SuGuard» деп аталатын жаңа жүйе әзірлеген. Стартап жақында Астанада өткен «alem.ai battle» байқауында AI Young Talents (мектеп оқушылары) санатында жеңімпаз атанды.

Идея бастауы

«SuGuard» жобасы кездейсоқ пайда болмаған. Оның негізінде нақты медициналық және әлеуметтік мәселе жатыр. Жоба авторларының жақын досы қант диабеті ауруына шалдыққан. Оның күнде ине салып, қиналатынын көрген олар жаңа глюкометр ойлап табуды көздейді. Сөйтіп, олар әуелі қант диабетімен ауыратын адамдар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, көп науқастың қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау кезінде қиналатыны анықталған.

Негізгі себептер – құрылғылардың қымбаттығы, тест-жолақтардың тұрақты қажет болуы, ең бастысы ауырсыну мен психологиялық қолайсыздық.

«Біз адамдардың көпшілігі глюкозаны тек қажет кезде ғана өлшейтінін бай­қадық. Ал тұрақты мониторингтің болмауы асқынуларға алып келуі мүмкін», дейді жобаның негізін қалаушы, Орал қа­ласындағы Назарбаев зияткерлік мекте­бінің 11-сынып оқушысы Бекарыс Махсот.

Осыдан соң команда қолжетім­ді, ауырт­палықсыз және заманауи технологияға негізделген шешім әзірлеуді мақсат етіпті. 

Жобаның ерекшелігі

«SuGuard» жобасының басты артық­шылығы – инвазивті емес тәсіл қол­дануында. Яғни құрылғы қан алмай-ақ, ағзадағы физиологиялық көрсеткіштер арқылы глюкоза деңгейін анықтай алады. Стартап авторларының оқушылар екені жобаның құнын одан сайын арттыра түседі. Өйткені олар күрделі меди­циналық мәселені ерте байқап, соған қал-қадерлерінше нақты әрі пайдалы шешім ұсына алған.

«Жүйенің жұмысы жарық арқылы өлшеу әдісіне негізделген. Құрылғыдағы арнайы сенсор теріге инфрақызыл сәуле жібереді. Қандағы қант мөлшері көбейген сайын, ағза бұл сәулені сәл өзгеше қайтарады. Яғни шағылған жарықтың күші қант деңгейіне байланысты өзгереді. Құрылғы осы жарықты қабылдап қана қоймай, тері температурасын да өлшейді. Өйткені ағзадағы зат алмасу үдерісі температураға әсер етеді, ал бұл көрсеткіш нәтижені дәлірек анықтауға көмектеседі. Жиналған барлық мәлімет құрылғы ішіндегі шағын басқару жүйесіне түседі де, арнайы есептеу үлгісі арқылы өңделеді. Бұл үлгі жарық пен температура арасындағы байланысты саралап, қандағы қант деңгейінің шамасын шығарады», дейді Бекарыс Махсот.

Тағы бір маңызды ерекшелік құрыл­ғыға жасанды интеллект енгізілген. Жүйе уақыт өте келе пайдаланушының жеке көрсеткіштеріне бейімделіп, нәтиже­лердің дәлдігін арттыра түседі. 

Қосымша қалай жұмыс істейді?

Құрылғыдан алынған барлық мәлі­мет мобильді қосымшаға жіберіледі. Қосым­ша тек нәтижені көрсетумен шектел­мейді, сонымен қатар толық аналити­калық платформа ретінде жұмыс істейді.

Пайдаланушы біріншіден, глюкоза деңгейінің өзгеріс динамикасын бақылай алады, екіншіден, графиктер мен статис­тиканы көреді, үшіншіден, денсаулық жағдайына қатысты ұсыныстар алады.

Жасанды интеллект алгоритмдері жиналған деректерді талдап, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – симптомдар айқын байқалмай тұрып, алдын алу шараларын қабылдауға жол ашады.

Жоба медициналық құрылғыларды толық алмастыруды көздемейді, керісін­ше оларды толықтыратын көмекші құрал ретінде қарастырылады.

Қазір «SuGuard» құрылғысы жетілдіру кезеңінде. Жоба командасы өлшеу дәлдігін арттыру мақсатында деректер қорын кеңейтіп, алгоритмдерді дамыту жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді. Стартап авторларының айтуынша, алдағы уақытта құрылғыны ықшамдап, функционал көлемін кеңейту, мобильді қосымшаны толық жетілдіру, сондай-ақ медициналық мекемелермен бірлескен тестілеуді жалғастыру жоспары бар. Стартаптың ұзақ мерзімді мақсаты – қант диабетін бақылауды баршаға қолжетім­ді етіп, адамдардың өмір сапасын жақсарту.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар отандық ғылым мен техноло­гияның дамуына жаңа серпін береді. Мектеп оқушыларының осындай күрде­лі мәселеге шешім ұсынуы жас буын­ның әлеуетін көрсетеді. Егер жоба толық жетілдіріліп, тәжірибеде кеңінен қолда­нылса, ол тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар