Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысында интеграциялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мәселесі талқыланды. Тараптар сауда-экономикалық байланысты кеңейту, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы ортақ нарықтың тиімділігін арттыруға басымдық берді.
Отырыс Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Жиынға Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, цифрлық технологияларды енгізу мен жасанды интеллектіні интеграциялық үдерістерге тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Тараптар қазіргі геоэкономикалық жағдайда бірлескен жобаларды дамыту мен кедергісіз орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Еліміз биыл Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде төрағалық кезеңінің негізгі басымдықтарын айқындап берген болатын. Атап айтқанда, экономикалық интеграцияның жаңа сапалы кезеңіне өту үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, саудадағы әкімшілік тосқауылдарды азайту, сондай-ақ өзара жеткізу тізбектерін жетілдіру міндеттері белгіленді.
Олжас Бектенов интеграциялық күн тәртібін іске асыруда ортақ күш-жігердің маңызына тоқталып, ЕАЭО кеңістігінде экономикалық байланыстарды нығайту жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолдану өндірістік кооперацияны жандандырып, өңірлік сауда көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.
Жиын барысында қатысушылар цифрландырудың экономиканың әртүрлі саласына тигізер әсеріне де назар аударды. Жасанды интеллект технологияларын енгізу логистикалық үдерістерді жеделдетіп, тауар қозғалысының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ тиімді цифрлық жеткізу тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа инновациялық жобалардың іске асуына жағдай жасайды.
Бұған қоса, тараптар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, бірлескен цифрлық платформаларды дамыту, деректер алмасу тетіктерін жетілдіру бағытында тәжірибе бөлісті. Интеграциялық бірлестік аясында заманауи технологияларды пайдалану өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтетіні айтылды.
Отырыс «Индустрия 5.0: Өзара іс-қимыл күші» тақырыбына арналған Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы қарсаңында ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде цифрлық трансформация мәселелері бойынша көпжақты диалогті тереңдетуге, жаңа бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде инновациялық даму қарқынын күшейту, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.