• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:58

Құқықтық мемлекеттің берік іргетасы

10 рет
көрсетілді

Дүйім халықтың дауысымен қабылданған Ата заңымыз жаңа тарихи кезеңнің есігін айқара ашты. Бұл – саяси, құқықтық әрі әлеуметтік жаңғыру мен өркендеудің игі бастауы. Сарапшылар жаңартыл­ған Негізгі құжат әсіресе құқық­тық мемлекеттің берік негізін қалайтынын айтады.

Президент жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясы Бас­қа­ру институтының директоры, PhD Құралай Садықованың айтуынша, 1995 жылы қабылданған ескі Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі жас мемлекет үшін мемлекеттік институттарды қалыптастыру мен билік жүйесін орнықтыруға бағытталса, жаңа Ата заңымыздың маңызды ерекшелігі – құқықтық мемлекеттің іргета­сын бекітуі мен адамға бағдарлан­ған сипатында. Адам – басқару объектісі емес, басқару субъектісі ретінде мемлекеттік-құқықтық құры­лымдар мен институттардан жоғары, оларды қалыптастырушы негіз ретінде институционалдық деңгейге қойылып отыр.

«Жаңа құжатта адам құқық­тары кеңейтіліп, нақтылана түсті. Атап айтқанда, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау, «Миранда ере­жесінің» конституциялық дең­­гейде бекітілуі, адвокатураға арналған жеке баптың енгізілуі, заңдардың кері күшіне тыйым салу қағидатын нақтылау құқық қолдану тәжірибесінде азаматты қорғау тетігін күшейтеді» дейді сарапшы.

Сарапшы адам құқықтарын жоғары құндылық ретінде тану мемлекеттің кез келген саяси немесе әкімшілік шешімінен басым тұратын құқықтық ұстаным екенін атап өтті. Цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі Ата заңды технология­лық трансформация дәуіріне бейім­дейтінін, ал жеке деректерді қорғау мемлекеттің цифрландыру үдерісіндегі жауапкершілігін нақтылайтынын жеткізді.

«Осылайша, «адам үшін мемлекет» парадигмасы конституциялық тұрғыда жарияланып отыр. Адам құқықтарының кеңеюі тек құқық­тық кепілдіктерді арттыру емес, мем­лекеттік билікті заңдастыру таби­ғатын қайта пайымдау ретінде көрінеді», деді ол.

Сарапшының пікірінше, жаңа Конституцияның тағы бір айтар­лықтай ерекшелігі – преамбулада тарихи сабақтастық пен мың­жылдық мемлекеттілікке басымдық бере отырып, ұлттық бірегейлігіміз туралы норманың көрініс табуы.

«Байырғы қазақ жерінде», «Ұлы даланың мыңжылдық тарихы» секілді айқындаулар тарихи құн­дылықтарға маңыз беріп, негіз құраушы қағидаттардың бірі ретінде тарихи-мәдени мұраны сақтауды бекітеді. Бұл тарихи сабақтастық – тек өткенге сілтеме жасау емес, сонымен қатар мемлекеттіліктің өзгермейтін іргетасын айқындау. Ұлттық бірегейлік символикалық, декларативті бағдар емес, алғаш рет конституциялық деңгейдегі құндылықтық-қағидаттық негіз­ге айналып отыр. Құжат мәті­нінде Егемендік, Тәуелсіздік, уни­тарлық ұғымдары да мызғымас құн­дылықтар ретінде бекітілді. Преамбуладағы «Әділетті Қазақ­стан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары тарихи сабақтастықты құқық­тық-азаматтық мазмұнмен толықтыр­ды. Ұлттық бірегейлік тарихи маз­мұнмен қатар құқықтық мемлекетпен, әділетті қоғам идеясымен ұштасады», дейді Қ.Садықова.

Әділет министрлігінің Заң­нама және құқықтық ақпарат инс­ти­тутының бөлім меңгерушісі, философия докторы (PhD) Мар­жангүл Әкімжанова жаңа Ата заң­дағы некені (ерлі-зайыптылықты) конституциялық деңгейде бекітуге, әйел құқықтары мен олардың заң­ды мүдделерін қорғауды күшей­туге, сондай-ақ адам құқықтары мен бос­­тан­­дықтарының басымдығы­на айрықша мән берілген жаңартыл­ған преамбула көпшіліктің назарын аударғанын айтады.

Оның айтуынша, бұл преамбула мемлекеттің адамның қадір-қасиеті, теңдік пен әділдік құндылықта­ры­на адалдығын айқындайды. Бұған адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құн­дылық деп жарияланғаны дәлел.

«Осы тұрғыда некені (ерлі-за­йып­­тылықты) ер мен әйелдің ерік­ті әрі тең құқықтық одағы ретін­­де кон­ституциялық тұрғыдан бекі­­­ту терең мағынаға ие: бұл тек дәстүр­лер­ді сақтау емес, сонымен қатар отба­сы­лық қатынастар аясында жеке тұл­ға­ны құқықтық қорғау», дейді сарапшы.

Сонымен қатар М.Әкімжанова жаңа Конституция ерлі-зайып­ты­лардың тең құқықтылығы­ның кепіл­діктерін күшейтіп, некеге (ерлі-зайыптылыққа) мәжбүрлеуге жол берілмеуін нақтылайтынын әрі әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қолдауды бекітетінін айтады. Яғни неке (ерлі-зайыптылық) институты шектеуші норма ретінде емес, конституциялық құқықтарды, атап айтқанда, отбасын құру, қадір-қасиетке ие болу, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктен қорғалуға деген құқықтарды жүзеге асыру кеңістігі ретінде қарастырылады.

«Неке ұғымын бекіту мемле­кеттің ананы, әкені, баланы қор­ғау жөніндегі жауапкершілігін күшей­тетін шаралармен қатар жүреді. Отбасы – қоғамның іргетасы, ал еңбекке қабілетсіз ата-аналарға қам­қорлық жасау кәмелетке толған бала­лардың әрі адамгершілік, әрі құқық­тық міндеті ретінде белгі­­ленеді. Мұндай ұстаным жеке құқық­тар мен әлеуметтік жауап­кершілік арасындағы тепе-теңдікті көрсетеді» дейді сарапшы.

Сондай-ақ заңгер жаһандық өзге­рістер жағдайында еліміз дәс­түр­лі құндылықтарды адам құқық­тарының әмбебап стандарттарымен ұштастыруға ұмтылатынын айтады.

«Жаңартылған Конституция тұтастай көзқарасты ұсынады: отбасыны қорғау адам құқықтарын қорғау арқылы жүзеге асырылады, ал адам құқықтары тұрақты әрі әділетті отбасылық қатынастар аясында іске асады. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықты, ұрпақтар сабақ­тастығын және құқықтық мемле­кетті нығайтуға бағытталған қадам» дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар