Даниялық жазушы Ханс Кристиан Андерсен қиялдан туған ертегілері арқылы бүкіл әлемдегі балалар мен ересектердің назарын өзіне аударды. «Патшаның жаңа киімі», «Бұршақ үстіндегі ханшайым» сияқты шығармалары оның атын аспандатты. Балалық шағы кедейшілікте өткен оның өмір жолы «Ұсқынсыз үйрек» сияқты тамаша туындыларды жазуға тікелей әсер етті. Оның тынымсыз еңбегі мен асқақ қиялы көпке дейін шетқақпайланған, бірақ ақырында сұлу аққуға айналған кейіпкер туралы хикая жазуға шабыттандырды.
Андерсеннің әкесі етікші болыпты. Бала Ханс 11 жасқа толғанда асқар тау әкесі дүниеден өтіпті. Әр кімге жалданып, кір жуушы болып еңбек ететін анасы оған «Мың бір түн» шығармасын оқып беруден жалықпапты. Кедей отбасынан шыққан оны балалар «ұсқынсыз» деп мазақтаудан танбаған. «Ұсқынсыз» деген осы бір сүркейлі сөз бен қорлауға парапар іс-әрекет оның санасында сонау кішкентай шағында әсер еткені рас. Бірде ол әлдебіреуден «Перілер адам баласын ауыстырып кеткен» деген мифтік аңызды естиді. Содан кейін ол өзін кейде «сол алмастырылған бала менмін» деп ойлайтын. Соның әсерімен көбінде шексіз қиял әлемінде өмір сүріпті. Қиялдағын сонша өзін текті әулеттің тұяғы санап, өскенде үлкен сарайда өмір сүремін деп қиялдаудан шаршамаған.
14 жасында ол Оденсе қаласынан бір жола кетіп, жалғыз өзі Дания астанасы Копенгагенге жол тартты. Сан құбылған баланың ендігі қиялы әнші болу еді. Сол арманның жетегінде Корольдік хор мектебінің директоры Джузеппе Сибониді үйіне іздеп барады. Үйінде маңызды қонақтарына дастарқан жайып отырған Сибони мырза баланың меселдесін қайтармай, Андерсенге ән айтуға мүмкіндік береді. Жас баланың әсем даусына таңғалған ол сол сәтте Андерсенді «Оденсенің бұлбұлы» деп бағалайды. Оны баулығысы келеді. Алайда көп ұзамай Андерсеннің дауысы өзгеріске ұшырап, ол ән айту қабілетінен айырылды. Сибони оған Оденсеге қайтып, бір кәсіп үйренуді ұсынады. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтай бала Андерсен үшін бұл ауыр соққы болды.
Зерделеп көрсек, оның қалай жазушы болғаны да бір қызық оқиға. Әнші бола алмаған соң, Андерсен театрға арнап шығарма жазуды таңдады. 17 жасында жазған алғашқы пьесасы Корольдік театр тарапынан тойтарысқа ұшырады. Алайда театр директоры Йонас Коллин оның бойынан өзгеше талант байқап, қамқорлығына алады. Коллин Андерсенді өз үйінде тұрғызып, гимназияға оқуға орналастырады.
Андерсен жиырма жасқа толғанда жазушылық шеберлігімен айналасына таныла бастады. Бағы жанып, ол Дания королі мен Даннескьолд графинясы сияқты ауқатты меценаттардың қолдауына ие болды. 1842 жылы Зеландия аралындағы бай қамқоршысымен бірге сейілдеп жүріп, көл бетінде жүзіп жүрген аққу балапандарын көреді. Әне сол сәтте ол болашақта жазатын «Ұсқынсыз үйрек» ертегісінің желісін ойластыра бастайды. Бұл, әрине, оның бала кезіндегі және жастық шағындағы өз сезімдерімен тікелей байланысты еді.
Аталған ертегіде үйрек балапаны өзге үйректер мен қорадағы жануарлар тарапынан мазаққа ұшырап, шеттетіледі. Тек есейіп, жабайы аққулармен кездескенде ғана ол өзіне ешқашан лайық болмаған ортада жүргенін, шын мәнінде ұсқынсыз үйрек емес, сұлу аққу екенін түсінеді. Өз дәуірінде «Ұсқынсыз үйрек» тосын шығарма болды. Ол бұрыннан бар ертегі желісін қайталамай, мүлде тың тақырыпта жазылды. Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілері көп өтпей орасан табысқа жетті. Ол Данияның ұлттық мақтанышына айналып, әлемге әйгілі жазушы болды. Андерсен адамдарға өз болмысымен өмір сүру керектігін дәлелдеген суреткер бола алды. Бір сөзбен айтсақ, әлемге әйгілі «Мың бір түн» оның жандүниесіне өзгеше әсер етіпті. Соның әсерімен өзі де оқырман жүрегіне жететін дүниелер жазып кетті.