• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:02

Аида Балаева: «е-Өтініш» қоғам мен билік институттары арасындағы сенім көпірі

30 рет
көрсетілді

Елордада «e-Otinish» ақпараттық жүйесінің 5 жылдығына орай «e-Otinish» – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралы» атты конференция өтті. Мерейтойлық шараға Президент көмекшісі Ержан Жиенбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиын барысында ақпараттық платформаның мемлекеттік басқару мәдениетін жетілдірудегі рөлі мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызы егжей-тегжейлі талқыланды.

Президент көмекшісі Ержан Жиенбаев бұл жүйенің бес жыл ішінде халықтың мемлекеттік институттарға деген көзқарасын айқындайтын индикаторға айналғанын атап өтті. 

«Бес жыл ішінде «e-Otinish» жүйесі халықтың мемлекеттік институттарға деген көзқарасын айқындайтын объективті индикаторға айналып, ашықтық пен есептілікке негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа әдебін қалыптастыруға ықпал етті. Азаматтардың өтініштерімен жұмыс бірыңғай әрі тұтас тетік ретінде жолға қойылды. Бұл механизм өтініштерді жедел қарауды ғана емес, мемлекеттік органдар қызметіне объективті баға беруді де қамтамасыз етеді», деді Ержан Жиенбаев.

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева бұл жүйенің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытының іс жүзіндегі көрінісі екеніне тоқталды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың жаңа стандарттарын бекітті. Оның өзегінде адам құқығы, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі және азаматтармен ашық диалог қағидаттары тұр. «е-Өтініш» жүйесінің қызметі дәл осы қағидаттармен толық үндеседі. Осы уақыт ішінде жүйе азаматтардың өтініш беру және мемлекеттік мәселелерді шешуге қатысу жөніндегі конституциялық құқығын іске асыратын пәрменді тетікке айналды. Жыл сайын осы жүйе арқылы азаматтардың миллиондаған өтініші қаралады. Әрбір көрсеткіштің артында нақты адам, оның мәселесі, әділдікке деген үміті және мемлекетке артқан сенімі тұр. Шын мәнінде, «е-Өтініш» қоғам мен билік институттары арасындағы сенім көпірі болып отыр», деді Аида Балаева.

Конференция барысында Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсанбаев, AMANAT партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай, ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара азаматтармен тікелей жұмыс істейтін фронт-линиялар қызметі, мемлекеттік сектордағы жасанды интеллектінің рөлі және халықпен өзара іс-қимыл стандарттары туралы баяндамалармен жалғасты.

Бүгінде «e-Otinish» – 50 мыңдай мемлекеттік орган мен ұйымды біріктірген толыққанды мемлекеттік экожүйе. 3 миллионнан астам азамат платформаның игілігін көріп отыр. Бес жыл ішінде жүйе арқылы 16 миллионнан астам өтініш қаралған.

Конференция аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен – «Құрмет» орденімен, ІІ дәрежелі Бауыржан Момышұлы атындағы «Айбын» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ Президенттің «Құрмет» грамотасы және «Алғыс» хатымен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметшіге Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хаттары табысталды.

Соңғы жаңалықтар