Спорт • Бүгін, 11:30

Спорт министрі: Елімізге 14 жаңа стадион керек

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 25 760 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 23 678-і – мемлекеттік, ал 2 082-сі – жекеменшік нысандар. Бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықтың спортпен айналысу мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар аймақта жаңа стадион салынатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Спорт министрі: Елімізге 14 жаңа стадион керек

Фото: qazdauiri.kz

Қазір еліміздің спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі – 55,1 пайыз. Министрлік көрсеткішті 2029 жылға қарай 65 пайызға жеткізуді көздеп отыр. 

Осы мақсатта биылғы 9 айда 35 спорт нысаны пайдалануға берілген, жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. 

Бұл қатардағы ірі жобалардың тізімінде Түркістан қаласындағы халықаралық деңгейдегі есу арнасы мен Астанадағы Ұлттық спорт университеті бар. Университет білім беру, ғылыми және спорттық бағыттарды біріктіріп, сала мамандарын даярлау мен зерттеу жұмыстарын жүргізетін маңызды орталыққа айналмақ.

Жаңа футбол алаңдарының да қатарын қалыңдату мақсаты қойылған. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы қарқын алған. Сонымен қатар өңірлерде тағы 14 жаңа стадионға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

«Инфрақұрылымның балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуына ерекше назар аударылуда. Мәселен, Орал қаласында Freedom Шапағат қорының қолдауымен заманауи спорт залы ашылды. Ал Ақтөбе мен Талдықорғанда күрес залдары, бассейндер және фитнес орталықтары бар жаңа кешендердің құрылысы жүріп жатыр. Елімізде спортқа бейім дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернаттарының желісі жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі таңда осындай 14 оқу орны жұмыс істейді, алдағы уақытта олардың санын барлық өңірде арттыру жоспарланған», деді Ербол Мырзабосынов.

Ведомство дерегінше, салаға бюджет қаражатынан бөлек «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресурстары да тартылып отыр. Олардың қолдауымен ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін, спорт кешендері мен модульдік залдарды салуға бағытталған ондаған жоба жүзеге асырылып жатыр.