Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Италияға жұмыс сапары аясында «Шоқан Уәлиханов және қазіргі Қазақстанның бастауы» атты монографияның таныстырылымы өтті. Белгілі ағартушының 190 жылдығына арналған бұл еңбек алғаш рет итальян тілінде жарық көрді.
Аида Балаева ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшыға арналған ғылыми еңбектің жарық көруімен барша зерттеушіні құттықтады. Министрдің айтуынша Шоқан Уәлихановтың мұрасын италиялық оқырмандарға таныстыру – Қазақстан мен Италия арасындағы рухани байланысты тереңдететін маңызды қадам.
«Шоқан Уәлиханов – Ұлы даланың ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастыққа Орталық Азия халықтарының бай мәдениеті мен өркениетін, сондай-ақ қазақ халқының рухани мұрасын кеңінен танытты. Оның еңбектерінің итальян тілінде жарық көруі – білім мен ғылым арқылы екі елдің жақындасуының жарқын үлгісі. Бұл кітап италиялық оқырмандарға қазақтың тарихын, мәдениетін және ой әлемін жақынырақ тануға мүмкіндік береді», деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр екі елдің ғалымдарына, зерттеушілеріне, аудармашыларына шынайы алғысын жеткізді. Ол бұл кездесу Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, жас ғалымдар мен зерттеушілерді жаңа ізденістерге жетелейтініне сенім білдірді.
Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын Италия профессоры Федерико Пасторе жазған. Ол ұзақ жылдар бойы ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты қазақстандық дереккөздерді зерттеген. Сондай-ақ монографияда Ш.Уәлиханов өмірінде кездескен белгілі қазақ тұлғаларына арналған ауқымды бөлім бар.
Кітап Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен, «Sandro Teti Editore» баспасынан, қазақстандық «Каспий Нефть» АҚ мен «Doscar Foundation Charity Fund» корпоративтік қорының демеушілігімен жарық көрді. Зерттеу сонымен қатар ағылшын тілінде де қолжетімді.