Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізуге арналған жаңа нормативтік құжат әзірленді. Бұл бастама медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, құжат Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырманы орындау шеңберінде дайындалған. Онда жасанды интеллект арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеудің жаңа жүйесін қалыптастыру міндеті көзделген.
Жаңа тәртіп денсаулық сақтау саласына ЖИ енгізудің ашық, қауіпсіз және ғылыми негізделген моделін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар шешімдердің клиникалық және экономикалық тиімділігін міндетті түрде бағалау қарастырылған. Бұл олардың практикалық қолданысын және кең ауқымда енгізілу тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Құжатта жасанды интеллект жүйелерін енгізу мен пайдаланудың бірыңғай тәсілдері белгіленген. Ол медициналық бұйым ретінде қарастырылатын бағдарламалық шешімдерді де, сондай-ақ басқарушылық және әкімшілік процестерде қолданылатын клиникалық емес құралдарды да қамтиды.
Салада алғаш рет ЖИ технологияларын енгізудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын нақты алгоритмі айқындалды. Ол өтінім беруден бастап технологиялық дайындықты бағалау, пилоттық сынақтан өткізу, қажет болған жағдайда тіркеу рәсімдері мен сенімді шешімдер тізбесіне енгізу және кейінгі кеңейту кезеңдерін қамтиды.
«Ascle» жобасы: Жасанды интеллект дәрігер қабылдауындағы кезекті азайтуға көмектеседі
Құжатта шешімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеуге ерекше мән берілген. Биоэтикалық сараптама, клиникалық валидация және денсаулық сақтау технологияларын бағалау тетіктері енгізіледі. Пилоттық жобалар барысында алгоритмдердің дәлдігі мен сезімталдығы, олардың клиникалық шешімдерге ықпалы және медицина қызметкерлерінің жүктемесіне әсері жан-жақты талданады.
Сонымен бірге, сенімді жасанды интеллект жүйелерінің тізбесін қалыптастыру және оларды енгізгеннен кейінгі мониторинг жүйесін дамыту көзделген. Бұл жүйелердің қауіпсіздігі мен тиімділігі тұрақты бақылауда болады.
Құжат ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарын күшейтуді, сондай-ақ барлық қатысушылардың – әзірлеушілерден бастап медициналық ұйымдар мен пайдаланушыларға дейін – жауапкершілігін нақтылауды қарастырады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа бұйрық теңгерімді реттеуші орта қалыптастырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі бақыланатын түрде енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялауды жеделдетуге жол ашады.
Жасанды интеллект инсульттан болатын өлім-жітімді 40%-ға төмендеткен