• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:40

Медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болуға тиіс

20 рет
көрсетілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі қабылданғалы саланың жұмысына қатысты сұрақтар қоғамда ашық талқыланып келеді. Соның нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын нығайтатын, қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ететін шешімдер қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық саласы, оның ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы туралы: «Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткенінің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына, көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс», деді.

Президент Жолдауда денсаулық сақтау, МӘМС-ке қатысты мәселелерге ерекше тоқталды. Нәтижесінде, Ден­сау­лық сақтау министрлігі кейінгі бес жылда салаға бірқатар ауқымды өзгеріс енгіз­гені мәлім. Президент тапсырмасымен цифрландыруға, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізуге басымдық берілді. Осы жұмыстар дұрыс үйлессе, қаражатты тиімді басқарып, медициналық көмек сапасын жақсартуға мүмкіндік молаяды. Одан бөлек, Астана қаласында науқастарға медициналық қызметтерді көрсету фактісін растай­тын Face-ID қанатқақты жобасы баста­лып, тәуір нәтиже көрсетті. Енді тәжіри­бе елдегі өзге емханаларға да енгізіліп, ме­ди­циналық көмектің тиімділігі артады, қаржы үнемделеді.

Саладағы тәуекелдерді азайту мақ­сатында қаржыландыру жүйесі түгелдей қайта қаралды. Қазір бюджеттің мүм­кіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, базалық мемлекеттік медицина­лық көмектің бірыңғай пакетін құруға қатысты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Пакетке кірмейтін қызметтер медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады. Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің дирек­торы Ләззат Шоманованың айтуынша, жаңа тәсілдің басты жаңалығы – бірың­ғай пакетті енгізу. Бұл қадам медицинада көмектің қайталануын жояды. Жалпы жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкін­дік береді. 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіреді. Оның алғашқы сатысы биылдан басталады. Соның арқасында кей­бір кең таралған ауруларға қатысты емшаралар жалпыға қолжетімді болады. Базалық медициналық көмектер сақ­тан­дырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан барлық азаматқа кепілді түрде көрсетіледі. Осының ізімен 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесінде ашық әрі сақтандыруға негізделген қар­жыландыру моделі қалыптасады. Қажетті медициналық көмекті әр пациент дер кезінде ала алады. Қаржы тиімді бөлінеді.

Әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру қоры медициналық қызметтің сапасына мониторинг жүргізудің жаңа тәсілдері енгізілетінін мәлімдеп отыр. Қор осы бағытта жұмыстарды үйлес­ті­руге жыл басынан кіріскен. Мысалы, биыл медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі базасында «Мониторинг» модулі іске қосылған. Бұрын стационар­лық, амбулаторлық көмек жеке-жеке баға­ланса, жаңа жүйе пациенттің емха­наға қаралғаннан бастап, стационарға жатқанға дейінгі медициналық көмек жолын кешенді түрде бағалауға мүмкін­дік береді. Өзгерістер туралы Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры басқарма төрағасының кеңесшісі Зәбира Ораза­лиевадан сұрап білдік.

– Медициналық көмекке ақы төлеу­дің бірыңғай жүйесінің бірінші кезеңін­де 20-дан астам автоматты тексеру ал­го­ритмі іске асырылды. Медициналық қыз­мет көрсетілгеннен кейін дерек­тер жү­йеге түсіп, қолданыстағы норма­тив­тік-құ­қық­тық актілер мен қызмет көр­се­ту стандарттарына сәйкестігі тексе­рі­ле­ді. Сәйкессіздіктер анықталса, жүйе ақау­­лар­ды тіркеп, мәселелерді жедел анық­­тауға, жеткізушілер мен аймақ­тар­ға тал­дама­лық есептер жасауға мүм­кін­­­дік береді. Модуль 2025 жылдың нау­­­­ры­зын­да Ақмола облысындағы ме­ди­ци­на­­лық ұйымдарда қанатқақты ре­жім­­де іске қосылды. Нәтижесінде, оң ди­на­­мика байқалды. Ақаулар азайып, стан­­дарттардың бұзылуы төмендеді. Бұл жүйенің медицина­лық қызмет көрсе­ту­шілер тарапынан талаптардың орындалуына ықпал етіп отырғанын көрсетеді, – деді З.Оразалиева.

Жаңа жүйенің тағы бір артықшы­лығы, медициналық ұйым есеп-қисаппен келіспеген жағдайда туындаған ақау­ды автоматты түрде енгізе алады. Яғни медициналық ұйым жүйе арқылы қар­сы­лық білдіріп, дәлелдемелер мен растайтын құжаттарды қамтыса болады. Ол ақпараттар аймақтарға түспейді, көрсетілген қызмет профиліне сәйкес бірден қор сарапшыларына беріледі. Бұл қадам мониторингтің объективтілігін арттырады. Осыған қоса, жүйеде қажет болса шағымды екінші мәрте қарау механизмі қарастырылған. Тек оны басқа сарапшы қарайды. Себебі шешіммен медицина­лық ұйым келіспеген жағдайда әрі қарай түрлі маман жіті тексереді. Мұнда айта кетерлігі, бірінің пікірін екінші сарапшы көрмейді. Қор мониторинг нәтижелерін жүйелі түрде талдап, нормативтік немесе ұйымдастырушылық қайта қарауды талап ететін сұрақтарды уәкілетті органға жібереді. Мұндай ведомствоаралық диалог анықталған қайшылықтарды жоюға, медициналық қызмет көрсету мен есепке алудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге қажет.

Президент тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін мониторинг жүйесі­не жасанды интеллект технологиялары ен­гізіледі. Бұл қадам жүйедегі қателік­терді анықтаудың дәлдігін арттырып, талдау жұмыстарын жеделдетеді. Тәуекелдерді болжауды жақсартып, ресурстарды тиім­ді бөлуді қамтамасыз етеді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында МӘМС жүйесі тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат көлемін арттырудың, инвестиция тар­тудың басты драйверіне айналды. Кейінгі жеті жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 2,6 есеге артты. Медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы да 2,5 есеге өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы 2,8 есе, нақтыласақ 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін ұл­ғай­ды. Алғашқы, консультативтік-диаг­нос­тикалық деңгейлерде көрсетілетін меди­циналық қызмет көлемі 2,7 есеге артты. Елі­мізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жыл­ға жетті. Биыл жылдың соңына дейін 75,8 жылға жетуге тиіс. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының дерек­те­ріне сәйкес, бұл көрсеткіш ТМД ел­дері арасында ең жоғары саналады. Бүгін­де МӘМС тиімділігін дәлелдеп отыр. Қаржыландыру көлемі артып, меди­ци­налық қызметтерге қолжетімділік кеңею­де, бәсекелестік күшейіп, халық денсау­лығының көрсет­кіш­тері жақсарып келеді, – деді министр.

Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен «Мониторинг» модулін тұрақты түрде жаңартып отыру жолымен қор пациентке көрсетіле­тін көмектің сапасын объективті әрі ашық бағалауды көздеп отыр. Сондай-ақ көрсетілген қызметтердің көлемін жіті бақылау арқылы қаражаттың тиімділігін арттыру қажет. Осы жұмыстардың нә­тижесінде бұрынғыдай жалған дерек көрсету фактілері азайып, медициналық ұйымдар мен қор арасында берік байланыс орнайды. Сонда ғана тұрғындар сапалы медициналық көмектің тиімді­лігін көреді.