Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай кейінгі кездегі кадрлық ауыс-түйістің себебін түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.
«Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту», деді Руслан Желдібай.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгілегенін, жаңа қызметке тағайындалғандардың алда атқарар міндеттерін атап өтті.
«Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады.Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі», деді Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Президенттің баспасөз хатшысы.