• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:45

Бейбітшілікті қорғау жолындағы үніміз әлдеқайда өршіл болуы қажет

10 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылу салтанаты өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос, Сенат төрағасы, аталған съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев, әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани көшбасшылары қатысты.

Астана әлемдік үйлесім алаңына айналды

Сәрсенбінің сәтіндегі съезде Астана жаһанның әр қиырынан жеткен рухани көш­басшылардың, саясаткерлер мен теолог-сарапшылардың диалогіне арналған ең ірі халықаралық алаңға айналды. Биылғы іс-шараға ислам, хрис­тиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да дін өкілдерін қамтыған 60 елден 100 делегация қатысты.

Съезд жұмысын Мемлекет басшысы сөз сөйлеп ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

– Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыс көбейіп барады. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алып отыр. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөзге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алған­да, бүгінгі съездің мән-маңы­зы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұрт­шы­лығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, съезд алғаш қыз­метін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысу­шы­лардың ұсынымдарына сәйкес  съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.

– Аталған құжат біздің бей­біт­шілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл – съезд жұмысына беріл­ген жоғары баға. Алдағы мерей­тойлық 80-сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екеніне назар аударды.

– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниета­нымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогке және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясы ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаһандағы гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін Альянстің жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратиносқа ризашылығын білдірді.

– Киелі діни орындар мен нышандарды қорғау арқылы біз, шын мәнінде, адамзат өркениетінің қайнар көзін сақтаймыз. Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі 4 мыңға жуық діни бірлестік бар. Біз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді киелі жерлерді, ертеде және қазіргі заманда бой көтерген мешіттерді, православие мен католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығы мен «Бейт Рахель Хабад Любавич» сияқты синагогаларды қорғап, қолдау көрсетеміз. Мемлекет діни қауым үшін ерекше маңызға ие барлық қасиетті орындардың сақталуын өз қамқорлығына алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы тас будда петроглифтері, Алматыдағы Леви-Исхак Шнеерсонның қабірі, католиктер айрықша ардақтайтын Солтүстік Қазақстандағы Мәриямкөл – осының жарқын мысалы. Киелі жерлер наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланысты сақтайды. Сондықтан біз үшін бұл – жай ғана сәулеттік немесе тарихи ескерткіш емес, бейбітшіліктің, өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының нышаны, – деді Президент.

 

«Өркениеттер дағдарысы» белең алды

Мемлекет басшысының айтуын­ша, соңғы өткен съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алды. Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар тақты.

– Киплингше айтсақ, «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс. Олар ешқашан бір арнада тоғыспайды». Бірқатар ірі мемлекетте орын алған кейінгі уақиғаларды шолып өтсек, мұндай ұйғарымның дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ саяси факторды еш­қашан естен шығаруға болмайды. Басқаша айтқанда, басқарушы биліктің мемлекеттік құрылым туралы тұжы­рымы мен тәжірибесін қаперде ұстаған жөн. Олар жүргізетін саясаттың бейбіт диалогті қолдау, мәдениеттердің, түрлі дін мен дүниетанымның ықпалдастығы тұрғысынан әрдайым орынды әрі конструктивті бола бермейтінін көріп отырмыз. Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуы алаңдатпай қоймайды. Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысы­на куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде кейінгі жылдары анағұрлым орнықты, ашық әрі әділ сая­си жүйе қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістер дәйекті түрде жүргізілгенін атап өтті.

– Адам құқығын қорғау саласы ай­тарлықтай күшейді: Конституциялық сот құрылып, омбудсмен институты нығайды, арнайы заңдар мен жарлықтар шығарылды. Жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыздың басым бөлігі қолдаған 2022 жылғы конституциялық реформа саяси жүйемізді түбегейлі жаңғыртты. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алдық. Президентті жеті жылға бір рет сайлау тәртібі бекітіліп, сондай-ақ Мемлекет басшысының жақын туыстарына сая­си лауазым атқаруға тыйым салатын нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, жақында халыққа арнаған Жолдауымда елімізде бір палаталы Парламент құру бас­тамасын көтердім. Аталған ұсыныс халық мүддесіне сай саяси жүйені жаңғырту ниетінен туындап отыр. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ішкі саясатымызда ерекше мән беріледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы инновацияны, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге тоқталып, ұлттық экономиканы жаппай цифрландыру идеясы биылғы Жолдауының арқауы болғанына назар аударды.

– Кейінгі жылдары мемлекет экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мен Жолдауда ұсынған жоспарлар аталған бастаманы одан әрі өрбітеді. Бұл жерде еліміздің жаңа индустриалды қалыбын құру жөнінде сөз болып отыр. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртыла бастады. Қазақстан Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі құрлық дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит әлеуетімізді арттыруға айрықша күш саламыз. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауға және азаматтардың кәсіпкерлік бас­тамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда мемлекет инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны жетілдіруге кірісті. Ұлттық экономиканы дамыту ісінде мемлекеттің ауқымды қаржылық мүмкіндігін жұмылдырумен қатар, ірі инвестиция тартуға тырысамыз. Дегенмен біздің басты байлығымыз – адам. Сол себепті мемлекет адам әлеуетін нығайту бағытында кешенді шара қабылдады. Ұстаздарды, дәрігерлерді, ғалымдар мен инженерлерді, жастарды қолдау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді. Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл шешім қоғамда еңбекқорлық культінің маңызды екенін көрсетеді. Біз жаңа мектептер құрылысына, жоғары білім, ғылым, спорт және креативті индуст­рия салаларын дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғыртуға қомақты қаржы бөліп отырмыз. Қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданды. Былтыр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бас­талып, оған миллиондаған отандасымыз қатысты. Мұның бәрі Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Қуатты, Цифрлық Қазақстанды – жауапкершілігі жоғары азаматтардың мемлекетін, мүмкіндіктер мен прогрес­тер елін құру жолындағы басты бағдар саналады, – деді Мемлекет басшысы.

 

Әскерді жарақтандыру жарысы жақсылыққа апармайды

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем­де мәдениеттер арасындағы қарама-қай­шылық күшейіп, сауда және санк­­ция текетірестері бәсеңдемей тұрға­нына, жаппай қарусызданудың орнына әс­кер­ді жарақтандыру жарысы басталып кет­кеніне тоқталды.

– Дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болып жатыр. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы кейінгі он жылда күрт артқанын жиі айта бас­тады. Өкінішке қарай, әлемде конст­руктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өш­пенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақ­тап, әлеуметтік шиеленіс одан са­йын ушығып барады. Менің ойым­ша, мұндай қилы кезеңде диалогке ша­қыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын бас­ты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, өркениеттер байланысын дамытуда, сондай-ақ адамдар мен қоғам арасын­дағы сенімді нығайтуда айрықша рөл атқа­ратын дінбасыларына зор үміт артылады.

– Діни қайраткерлер саясаткер­лер­ді парасаттылыққа, ізгілікке және мораль­дық жауапкершілікке үндеп, әлем­нің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайты­нына сенімдімін. Дүние жүзінде мұндай үлгі тұтар талпыныстар жоқ емес. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Адамзат бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Ибраһим зәузатының үйі» – осы бастамалардың барлығы тізе қосып әрекет етсе, дін ұйыстырушы күшке айналатынын көрсетеді. Мұндай тәжірибені одан әрі дамытып, кеңінен тарату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан әрі Президент Қазақстанның дін­ара­лық және мәдениетаралық диа­логті нығайтуға қатысты ұстаны­мымен бөлісті.

– Халықаралық және өңірлік ұйымдар деңгейінде діни дипломатияның әлеуетін пайдалану маңызды. Осыған дейінгі съезд аясында көтерген «Бейбітшілік қозғалысы» атты идеямды талқылауды ұсынамын. Жоғарғы дін қызметкерлері зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бітімге келу жолдарын іздеуге ешқандай саяси реңксіз, бейтарап үндеу жасау арқылы аталған қозғалысқа моральдық тұрғы­дан демеу бола алар еді. Адам өмірі­нің құны, жанашырлық пен мейір­бандық секілді жалпыға ортақ құндылықтарға негізделген бұл бас­тама діндар қауымды ғана емес, саясаткерлерді, халықаралық ұйым­дар мен мемлекеттік емес құры­лымдар өкілдерін, сарапшыларды, тіпті жастарды да біріктіре алады. Бейбіт­ші­лікті қорғау жолындағы үніміз әлдеқайда өршіл болуы қажет. Осы съезд секілді алаңдар соған септігін тигізеді. Бұл ретте әзірге әлемде баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымына үлкен сенім артамыз. Орайлы сәтті пайдаланып, Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу туралы еліміздің ұсынысына қолдау білдіргені үшін Ұйымға мүше барлық мемлекетке риз­а­шылығымды білдіремін. АӨСШК, Ис­лам ынтымақтастығы ұйымы, ЕҚЫҰ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүс­тік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассо­циа­циясы, Араб мемлекеттері лигасы секіл­ді өңірлік құрылымдардың рөлін кү­шей­ту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, діни конфессиялар қай заманда да адамдарға түрлі қиындықтар мен тауқыметтерді еңсеруге көмектескен. Сондықтан адамның рухани қажеттілігі туралы сөз қозғалғанда, оның дүниелік мұқтаждықтарын да қаперден шығаруға болмайды.

– Елеулі жетістіктерге қарамастан, адамзат көптеген гуманитарлық сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Миллиондаған адамдар аштықтан, індеттен, қоршаған ортаның азып-тозуынан және климат өзгерісінен зардап шегуде. Қазақстан кедейлікті азайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және гуманитарлық көмек көрсетуге айтарлықтай күш-жігер жұмылдыра­ды. Бұл мәселелерді келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Экология және орнықты даму өңірлік саммитінде талқылау жоспарланған. Еліміз – мұсылман әлемінің қиыр солтүстіктегі ең үлкен аймағы. Отыз жыл бұрын біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі атандық. Осы беделді бірлестік аясында Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының құрылуына бастамашы болды. Дін қайраткерлері әрқашан адамдарды жігерлендіріп, игі іс жасауға, жоқ-жітікке жәрдемдесуге шақырады. Діни қауымдар гуманитарлық миссиялар мен еріктілер бағдарламасын іске қосып, мектеп пен аурухана ашады. Жастар мен әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық көрсетіп, климат пен миграция мәселесін қозғайды. Бұл XXI ғасырда да діннің жасампаз күшке ие екенін тағы бір дәлелдейді. Оның мүмкіндігін толық пайдалану қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлем күрделі эколо­гиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырғанын, соның ішінде Орта­лық Азия оны ерекше сезінетінін жеткізді.

– Климат өзгерісі мұнда әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте тез жүріп жатыр. Аймақта құрғақшылық жиі орын алып, мұздықтар еріп, тұщы судың қоры азайып келеді. Кез келген халықтың рухани дәстүрі табиғатты аялауға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге үйретеді. Өйткені Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту – парызымыз. Климаттағы өзгерістер мен оның ауыр салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, іргелі адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақты нығайту, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейде үйлесімді әрекет ету маңызды. Сондықтан съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Аталған құжатта рухани дәстүрлерге негізделген және климат өзгерістеріне осал өңірлерді қолдауға ерекше мән беретін экологиялық жауапкершіліктің жалпыға бірдей қағидаттарын бекітуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент әлемнің жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанына назар аударды.

– Жасанды интеллект, үлкен дерек­­қор, биоинженерия және басқа да рево­лю­циялық жаңашылдықтар адам­ның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертті. Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялылығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұ­раттардың сақшысы ретінде адам­заттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогін ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақы­ныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құнды­лық­тарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл еке­нін атап өтті. Сондықтан еліміз зор­лық-зомбылықты, экстремизмді және өшпен­ділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.

– Бүгінде көптеген ойшыл постсекулярлық дәуірдің басталғанын жиі айтады. Яғни мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Біздің съезд замана көшінен қалмауға тырысады. Сондықтан дін өкілдерінің диалогін ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтеміз. Рухани даналық пен сарапшылар білімінің синтезі жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалардың тиімді шешімін табуға жол ашуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бола­шақ жастардың қолында екенін жеткізді.

– Өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі керек. Қазіргі жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселелер – ортақ. Демек сол түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет. Сол себепті съезд аясында Жас дін көшбасшылары форумы екінші рет өткізіліп жатыр. Бұл форумға қатысушылар ашық пікір алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Бәріміз рухани көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ парыз. Қазақ халқында «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, бәріміз күш-жігерімізді біріктірсек, жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Біз Астана төрінде осымен сегізінші мәрте бас қосып отырмыз. Бұл дін басшыларының арман-мұраты ортақ екенін аңғартады. Бүкіл адамзатқа төнген түрлі қауіптерге бірігіп қарсы тұруға дайын екенін көрсетеді. Осы дөңгелек үстелдегі құрмет пен достық рухы дүние жүзін ынтымаққа бастасын! Игі мақсаттарға бірге жетейік, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

 

Мемлекеттік марапаттар табысталды

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, Дінаралық диалогке қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, съездің құрмет медалін, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады.

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Дүниежүзілік даошылар федерация­сының төрағасы (ҚХР) Ли Гуанфу, Somaiya Vidyavihar университетінің президенті (Үндістан) Самир Шантилал Сомайя;

«Шапағат» медалімен Иран Ислам Рес­пуб­ликасының Ислам мәдениеті және бай­ланыстары ұйымының президенті Мухаммад Мехди Иманипур марапатталды.

Дінаралық диалогке қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер альянсы жөніндегі жоғары өкілі, БҰҰ ислам фобиясымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі Мигель Анхель Моратиносқа берілді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезінің құрмет медалімен:

Мысыр Араб Республикасының бас мүфтиі Назир Мұхаммед Аяд; Татарстан Республикасы Мұсыл­мандар діни басқармасының төрағасы Камиль Самигуллин; Тәжікстан Республикасы Улемдер кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзода; Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог дикастериясының префекті Джордж Джейкоб Кувакад; Минск және Заславль митрополиті, бүкіл Беларусь Патриархының экзархы Вениамин (Виталий Тупеко); Израильдің бас ашкеназ раввині Кальман Бер; Израильдің бас сефард раввині Давид Йосеф; Бахаи халықаралық қоғамдас­тығының бас хатшысы Дэвид Рутштейн; Дүниежүзілік буддашылар бауыр­ластығының президенті Фаллоп Тайари; Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының бас директоры Салим Мұхаммед әл-Малик; Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев; Діни және дәстүрлі бітімгерлер желісінің атқарушы директоры Мұхаммед Эльсаноуси; Еуразияның еврей қауымын қолдау жөніндегі ұлттық коалицияның атқарушы вице-төрағасы, бас атқарушы директоры Марк Барри Левин; Біріккен Ұлттар Ұйымы Өрке­ниеттер альянсының директоры Нихал Саад; Израильдің бас ашкеназ раввинінің өкілі Шломо Менахем Кук наградталды.

Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгілерімен:

Исламабад халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак; БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Әл Сабри; Мартин Лютер Інжіл-Лютеран одағының бас хатшысы Михаэль Хюбнер; Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкілі Болат Сәрсенбаев марапатталды.

 

Бауырластық рухында өткен басқосу

Съездің ашылу рәсімінен кейін «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған жиынның басты пленарлық отырысы өтті. Отырысқа съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев модераторлық етті.

Пленарлық отырыс барысында Рим Папасы XIV Леоның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезд қатысушыларына арналған құттықтауы оқылды. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысушыларды шын жүректен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірген.

«Сіз жер жүзінің түкпір-түкпірінен ескі достықты жаңартуға және бөлшектенген әлемнің жарақатын жазу жөніндегі ортақ мақсат біріктірген ниеттес жаңа достарды табуға зор қадам жасап отырсыз. Съездің тақырыбы аса маңызды, өйткені ол зорлық-зомбылық қақтығыстары көрініс тапқан дәуірде дінаралық диалогтің маңызды рөлін паш етеді», делінген Римнен жеткен құттықтау хатта.

Сондай-ақ ол біз ұмтылған болашақ – бейбітшілік, бауырластық пен ынтымақтың болашағы – білектердің бірігуі мен жүректердің жылылығын талап ететінін атап өткен.

«Діни лидерлер қоғамның ең осал мүшелерін қорғау ісінде бірге тұрып, ортақ үйімізге қамқорлық жасау ниетімен ағаш отырғызғанда немесе адамның қадір-қасиетін қорғау үшін бірге үн қатқанда олар ақиқатты дәлелдейді: яғни сенім адамдарды алшақтатпайды, қайта топтастырады. Синергия осылайша күллі адамзат үшін қуатты үмітке айналады, бұл діндердің түпкі мағынасы қақтығыс емес, арылу мен татуласудың қайнар көзі екенін көрсетеді», депті Рим Папасы XIV Лео құттықтау хатында.

Сөз соңында Рим Папасы Құдіретті Жаратушы біздің күш-жігерімізді қолдай көрсін және барлық адамдардың игілігі жолында жемісі мол болғай деген тілегін жолдапты.

Сонымен қатар БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те съезд қатысушы­ларына бейнебайланыс арқылы өз құттықтауы мен ыстық ықыласын жолдады. БҰҰ бас хатшысы төзімсіздік, қақтығыстар мен өшпенділік өршіп тұрған, ал сенім мен мәдениеттің ақсап, соның салдарынан бөлінушілік барған сайын аш бөрідей етектен тартып бара жатқан құбылмалы кезеңде өмір сүріп отырғанымызды жасырмады.

«Осындай жағдайда діндердің адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріп­теудегі рөлі айрықша маңызды. Діндер бізді жақсылыққа, мейірімге, әділдікке, тыныштық пен бірлікке үндейді. Сіздердің басқосуларыңыз – халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, бейбітшілікке жол ашатын зор мүмкіндік. БҰҰ діни көшбасшылардың үнін әрқашан бағалайды және осы бағыттағы сіздердің күш-жігерлеріңізді қолдайды», деді Антониу Гутерриш.

Панелдік отырыста сөз сөйлеген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл 2012 жылы елімізге келген сапарын еске алып, осынау әлемдік ауқымдағы жиынға қатысу өзі үшін айрықша құрмет екенін атап өтті.

Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің айтуынша, кейінгі 13 жылда съездің ауқымы айтарлықтай кеңейген.

– Бұл халықаралық алаңның дең­гейі мен беделінің артқаны айқын аңғарылады. Сонымен қатар өткізі­летін іс-шаралар – конференциялар, жастар форумы, мәдени бастамалар, тұжырымдамалық құжаттар бар­лығы кәсібилікпен, мазмұндылығы­мен және өзектілігімен ерекшеленеді. Мен жеке өзіңізге, құрметті Прези­дент мырза және Қазақстан Үкіметіне діндер арасындағы диалог, пікір алмасу мен бейбітшілік жолындағы іс-қимылдарға бағытталған тұрақты тетіктерді қалыптастырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді діни көшбасшы.

Оның пікірінше, Құдайды жоққа шығарған әлем – болашағы жоқ әлем. Сондай-ақ ол қантөгісті қақтығыстар, терроризм, экологиялық мәселелер және моральдық дағдарыс – осының бәрі дінді қоғам өмірінен ығыстыруға деген талпыныспен тікелей байланысты екенін жеткізді.

Патриарх Кирилл БҰҰ-ның Өрке­ниеттер альянсымен ынтымақтастықты нығайту идеясын қолдап, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан діндер жөніндегі консультативтік кеңес құру бастамасына қайта оралуды ұсынды.

Сондай-ақ Ватиканның Қасиетті тағының Дінаралық диалог бо­йын­ша дикастерия префектісі Кардинал Джордж Джейкоб Кувакад, Қасиетті Иерусалимнің және бүкіл Палести­наның, Арабияның, Сирияның аса қасиетті Патриархы III Феофил және өзге де дін көшбасшылары сөз сөйлеп, қазіргі таңдағы жаһандық сын-қатер­лер, қақтығыстар мен поляризация жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты платформалардың өмірлік маңызы зор екенін атап өтті.

Бүгін съезд отырысы панельдік сессия­лармен жалғасады. Онда дін мен қазіргі жаһандық қауіп-қатерлер мен цифрлық және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар, бітімгершілік тақырыптарындағы өзекті мәселелер қамтылады.

Сонымен қатар биыл VIII съез аясында Жас діни лидерлер форумы «Жастар бейбіт қатар өмір сүру үшін: болашақ жолындағы синергия» атты тақырыпта кезекті екінші отырысын өткізбек.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»