Қызылорда тарихи-өлкетану музейінде көрген адамды қызықтыратын жәдігерлер қатарында түйе зеңбірек пен шиті мылтық тұр. Кезінде Сырда билік жүргізген Қоқан хандығынан қалған зеңбіректер дария жағалауынан табылыпты. Ал 2 ғасырлық тарихы бар шиті мылтық бір әулетті ғана емес, тұтас ауылды аштықтан аман алып қалған қару.
Шығыс халықтарында зеңбірек XVII–XVIII ғасырлардан бастап қолданылып келгені белгілі. XVIII ғасырда Бұқарды бағындырған Иранның Нәдір шахында осы қуатты қару көп болған деген дерек бар. Жаңа қару сол тұста қазақ даласына лап қойған жоңғарларда да аз болмағаны белгілі. Ал облыстық музейде тұрған зеңбіректер – Қоқан хандығынан қалған мұралар.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау қазақ даласында халқымыздың жауынгерлік өнерін жаңа сатыға көтеріп, сол тұстағы ірілі-ұсақты ұрыстарда жеңіске жетуге сеп болған қаруды Кенесары Қасымұлы ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісінде жиі қолданғанын айтады.
«Қазір қорымызда 8 зеңбірек бар. Бастапқыда біз бұларды орыс қаруы деген байлам жасап, сол бағытта ізденіп көргенбіз. Кейіннен бұлардың Қоқан зеңбірегі екенін білдік. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында қаруларды музейге өткізген адамдардың көпшілігі оларды дария жағалауындағы құмнан тапқанын көрсетіпті. Топыраққа қарағанда құмда қалған зат жақсы сақталады. Соның арқасында құнды мұралар бүлінбей, бүгінге жетіп отыр», дейді ғалым.
Ал екі ғасырлық тарихы бар шиті мылтықтың иесі осыдан 80 жылдай бұрын өмірден өткен Бекжан Досыбайұлы екен. Қазалы өңіріне атқан оғы мүлт кетпейтін аңшы ретінде танымал болған ол кеңес одағы орнаған соң аңшылар қоғамына тіркеліп, аулаған аңдарын сол мекемеге тапсырып отырыпты. Елді аштық жайлаған тұста ауылға да талғажау тауып берген мерген жергілікті атқамінерлердің қысымынан қашып, қарақалпақ жеріне өткен кезі де болған екен. Кейіннен елге оралып, 1947 жылы өмірден өтеді.
Көздегенін құр жібермейтін мергеннің серігіне айналған шиті мылтықтың жасалғанына екі ғасырдан асыпты. Ұлы Сақыбай екімыңыншы жылдар басында мылтықты, бытырасы бар оқшантайды, құстың томағасын Қазалы аудандық музейіне өткізіп, кейіннен мылтық облыс орталығына жеткен.
Асхат Сайлау сол кезеңде соғылған мылтықтардың ұңғысы Орта Азиядан, от бергіші Еуропадан әкелінгенмен, құндағы өзімізде жасалғанын айтады. Бұл қазақ даласында жауынгерлік өнер ұдайы жетілдіріліп отырғанын көрсетеді.
Қызылорда