• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:32

Кәсіпкерлерге кедергі келтірген кім?

Мемлекеттік саясаттың бас­ты ұстанымы – шағын және орта кәсіпкерліктің өркен жаю­ына қолдау көрсету. Бірақ жергілікті биліктің тарапынан кәсіп ашқандарға түрлі бөгет жасалып отыр.

Атырау облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Нұрлан Сүйін­баев­тың дерегіне сүйенсек, былтыр кәсіп­керлерден құқығы мен заңды мүддесін қорғау үшін 117 өтініш қаралыпты. Нәтижесінде, 45 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, кәсіп иелерінің 3,45 млрд теңгеден асатын мүліктік құқығы қалпына келтірілген.

«Палата сарапшылары 10 сот про­цесіне қатысты. Сегіз сот отыры­сы­ның шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Сервистік қолдау көрсету аясында шағын және орта кәсіпкерліктің 678 субъектісіне 693 қызмет көрсетілді. Қолдаудың негізгі түрлеріне бухгалтерлік және салық­тық есеп жүргізу, статистикалық есеп­тілік жасау, бизнес-жоспар әзір­леу қыз­меттері кірді», дейді Н.Сүйінбаев.

Палата көмегіне жүгі­нетін кәсіп­кер­лер аз емес. Соның бірі – Вера Щер­бакова. Мұнайлы шаһарда 30 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын ол жер учаскесіне қатысты түйткілге тап болған. Өйткені оның кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырып отырған орны «Ақ Жайық» қонақүйінің жанында орналасқан.

Кәсіпкердің айтуынша, оған белгісіз адамдар келіп, бизнесін сатуды ұсыныпты. Ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Ал бірнеше аптадан кейін оған әкімдіктен жер учаскесінің мемлекет қажеттілігі үшін мәжбүрлі түрде алынатыны туралы хабарлама жіберілген.

«Барлығы әкімдікке сілтейді. Ал әкімдіктен тек ресми жауаптар келеді. Мәжбүрлі алып қою туралы заң бар екенін біле­мін. Бұл шара қаланың игілігі үшін қаншалықты қажет? Неліктен жұмыс істеп тұрған екі ғимаратты бұзу керек?», дейді В.Щербакова.

Бұл мәселе палата жанындағы ке­ңес отырысында қаралды. Атырау қала­лық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жер учаскесін алып қою қала әкімі қаулы­сының негізінде жүзеге асырылады.

«Абай көшесіндегі көпір мен жолды жөндеу аясында автотұрақ салу бастамасы көтерілген еді. Біз, жұмыс органы ретінде жер учаскесін алып қою рәсімін орындаймыз. Әкімнің қаулысы шыққаннан кейін учаске иесіне хабарлама жіберіледі. Одан соң 10 жұмыс күні ішінде құжаттары тапсырылуға тиіс. Осы құжаттар негізінде тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Алайда бұл жағ­дайда меншік иесінен құжаттар әлі түспегендіктен процесті жалғастыруға мүмкіндік болмады», дейді Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты «Бас жоспар орталығы» КММ бөлім басшысы Абзал Назаров.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ди­рек­торының орынбасары Сарсен­бай Жол­дыбаевтың пікірінше, сан алуан ке­дергі тап болған кәсіпкерлер аз емес. Сол себептен палата қызмет­кер­ле­рі­нің бас­ты міндеті – кәсіпкердің құқы­ғын қор­ғау, заң нормаларының сақта­луы­на ықпал ету. Сондықтан түйткіл­ді мә­селенің туындау себебі терең зерделенеді.

«Біз әкім қаулысының құқықтық негізінің бар екенін жоққа шығар­май­­мыз. Алайда бір жыл бойы бұл мәсе­ле оң шешімін таппады, тіпті ілгері қоз­ғалған да жоқ. Бұл кәсіпкер үшін күр­делі салдарға әкеліп отыр. Оның ны­са­нын жалға алушылар кетіп жатыр. Кә­сіп­кер шығынға ұшыра­ды. Нысанды баға­лау да, өтемақы да жоқ. Оған бала­ма­лы жер учаскесі де ұсынылмаған. Егер заңда барлық рәсім қарастырылған болса, онда неге процесс ілгері жүрмей тұр?», дейді ол.

Ал «Алғыс 2030» ЖШС басшысы Нұрлан Отарбаев 20 жылдан бері кәсіппен айналысады. Қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті әкімдікке жер учаскесін кеңейту туралы өтініш бергенімен, мәселесі оң шешімін таппаған.

«Маған әртүрлі себепті айтып, же­рімді кеңейтуден бас тартты. Бірде бұл жерге автотұрақ салынады деді. Енді бірде стадион салынады дейді. Ал іс жү­зінде жер телімі бос жатыр. Әкім­дік әдейі кедергілер жасап отырған сияқ­ты», деп шағымданды кәсіпкер Нұрлан Отарбаев.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жауапты органдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету тәрті­бінің бұзылғанын, кәсіпкердің құқығы шектелгенін анықтады. Бұл деректі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері де растапты.

«Бір өтінішке неге екі түрлі жауап берілді? Осы мысал негі­зінде әкімдік пен жауапты органдар бірлесіп, бұдан былай мұндай жағдай қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Өйткені бұл – жалғыз жайт емес», дейді С.Жолдыбаев.

Әкімдік тарапынан кедергіге жеке кәсіпкер Азамат Тілепқалиев те тап болды. Оның айтуынша, биылғы

3 сәуірде қалалық әкімдік пен поли­ция өкілдері оған тиесілі бала­лар аттракционы – жылжымалы кару­сельді алып қойған. Бірақ ешқан­дай процессуалдық құжаттар рәсім­делмеген.

«Айналмалы аттракционды өз қаражатыма сатып алдым. Қазір мүлкімді әкімдік өкілдері ешқандай әкімшілік хаттама толтырмай алып қойды, электрондық үкіметтегі e-өтініш арқылы барлық органға жаздым. Бірақ еш нәтиже болмады. Өтінішімді бір органнан екіншісіне жібере береді. Егер тәртіп бұзсам, айыппұл салып, мүлкімді қайтарсын. Карусель – жылжымалы, ешкімге кедергі келтірмейді. Қандай құжаттар керек екенін айтсын, бәрін тапсырамын. Мені сенделтіп қойғанына 20 күннен асты», деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, әкім­шілік құ­қық бұзушылық туралы хаттама тол­тырылмаған, әкімшілік іс те қозғал­маған. Тіпті соттың шешімі жоқ.

Кәсіпкерлер палатасы дирек­то­ры­ның орынбасары Сәрсенбай Жолды­баевтың айтуынша, мүлікті алып қою құқықтық негізсіз, еркін нысанда жасалған актімен рәсімделген. Құжат­ты қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы жасап, оған полиция қызметкерлері қол қойған.

«Мәселені мүмкіндігінше сотқа де­йінгі тәртіппен реттеу үшін кеңеске шығардық. Әйтпесе сот органдарына жүгінеміз. Лауазымды тұлғалар әре­кетінің заңдылығын қадағалау органдары тексеруге тиіс», дейді С.Жолдыбаев.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Зәмзәгүл Шалабаеваның мәлімдеуінше, қала әкімнің өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы бар. Бұл топ шаһардағы қоғамдық орындарда бизнестің заңдылығын тексереді.

«Саябақтарда, өзен жағалауы мен алаңдарда кәсіпкерлік қызметтің заң­ды­лығы тексеріліп, бизнес субъек­ті­ле­­ріне түсіндіру жұмысын жүр­гізе­­міз. Бұл жағдай жөнінде нақты еш­теңе айта ал­маймын. Өйткені мен сол жер­де бол­ған жоқпын. Егер оның бар­лық құ­жа­ты дұрыс болса, мүлкін еш қиын­дық­сыз қайтарып алуына болады», дейді әкімдік өкілі.

Атырау қалалық прокуратура­сы­ның өкілі Нұрболат Рзабектің дере­гіне сүйенсек, кәсіпкер Азамат Тілеп­қалиевтің өтінішін қарауға алыныпты. «Өтініш бар, қазір қаралып жатыр. Тексеру жүргізіледі, жағдай жан-жақты зерделеніп, белгіленген мерзімде жауап беріледі», деді ол.

Қызылқоға ауданында тұратын кәсіпкер Нұрбол Жарылғасиннің құс шаруашылығын жүргізу үшін алған жер телімі бар. Жер телімінің маңынан «Кереген–Сағыз–Жамансор» топтық су құбыры өтеді. Су құбырына «Сағыз Су Арнасы» ЖШС иелік етеді. Жергілікті кәсіпкер шаруашылық қызметін қамта­масыз ету мақсатында техникалық шарт­­тар алу үшін аталған серіктестікке жүгінген.

«Өткен жылдың қыркүйек айында «Сағыз Су Арнасы» ЖШС маған техникалық шарттар берді. Соған сәйкес қосылу нүктесі жер телімінен 600 метр қашықта төмен орналасқан аумақта белгіленді. Ал менің жер телімім биіктеу жерде орналасқан. Бұл судың қозғалыс бағытына қарсы құбыр тартуды, сорғы жабдықта­рын орнатуды, қосымша жер қазу жұмыс­тарын жүргізуді талап етеді. Салдарынан елеулі қаржы шығындадым. Осыған байланысты Қызылқоға ауданының әкімдігіне шағымданып, кәсіпкерлер палатасына жүгініп отырмын», деп түсіндірді Н.Жарылғасин.

Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың пікірінше, кәсіпкердің өтінішіне байланысты «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-не хат жолданыпты. Алайда серіктестіктің жауабында қосымша қосылу нүктесін орнату су қысымының төмендеуіне соқтыру мүмкін екені айтылып отыр. Сол себептен бұрын шығарылған диаметрі 65 мм құбырдан су алу ұсынылыпты.

«Кәсіпкер бізге өткен жылы жүгінді. Біз су құбырын теңгеріміне алған «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-ға хат жолдадық. Серіктестік рұқсатын берді. Алайда кәсіпкер ұсынылған қосылу нүктесімен келіспеді. Біз серіктестікке қайта жүгініп, ең жақын нүктеден рұқсат беруін сұрадық. Серіктестіктен бас тарту туралы жауап келді. Өз тарапымыздан арна қазуға техникамен көмектесуді ұсындық. Алайда кәсіпкер келіспеді», деп түсіндірді Е.Құмаров.

Ал «Сағыз Су Арнасы» ЖШС директоры Самат Мұхитов магистралдық су құбыры былтыр теңгерімге алынған. Оның негізгі мақсаты – нысандарға су жеткізу.

«Мұндай құбырға тұтынушылар үшін қосымша тесік жасауға болмайды. Алайда бұл бұрын, біз теңгерімге алмағанға дейін жасалған. Сол себепті бар нүктеден кәсіпкерге рұқсат беріп, тех­никалық шарттар ұсындық. Бірақ кә­сіпкер өз жеріне жақын тұстан қосылу нүктесін талап етіп отыр. Бізде бұзуға бол­майтын нормалар мен ережелер бар. Егер ол берілген қосылу нүктесімен ке­ліс­се, біз көмектесуге да­йынбыз», дейді ол.

Қызылқоға аудандық прокурату­ра­сының өкілі Әділ Сисеновтің айтуынша, аталған мәселеге аудан әкіміндігіне сұрау салыныпты. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жолдаған жауапқа талдау жасалған.

«Кейін нысан «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-ның теңгеріміне өткендіктен материалдарды қайтадан әкімдікке жолдадық. Барлық құжат қайта қара­лады. Ал заң бұзушылықтар анық­талса, прокурорлық ден қою шаралары қабылданады», деді ол.

Өңірлік палата қызметкерлері де кәсіпкердің өтінішіне зерделеу жүргізді. Құбырдан су алу нүктесіне талдау жасалды.

«Магистралдық құбырдың қол­жетімді қуаты жүйеге қосылған тұты­нушылар саны мен олардың су тұтыну көлеміне байланысты деп санаймыз. Ал су жүйесіне қосылу орны судың қысымына әсер етпейді. Сонымен қатар су құбырына қол жеткізу нүктесі жер телімінің шекарасында болуға тиіс. Берілген техникалық шарт кәсіп­керге қосымша талаптар жүктейді деп есеп­тейміз», деп мәлімдеді С.Жолдыбаев.

Бұл мәселеге байланысты өңірлік палата Қызылқоға ауданының прокуратурасына арнайы хат жолдады. Хатта «Сағыз Су Арнасы» ЖШС берген техникалық шарттардың заңдылығын тексеру және кәсіпкердің жер телімінің шекарасында қосылу нүктесін айқындау мәселесін қарау туралы ұсыныс бар.

Мұнайлы өңірде шағын және орта бизнестің иелерін тұйыққа тірейтін осын­дай кедергілер азаймай отыр. Өңір­лік кәсіпкерлер палатасының өкіл­дері кәсіп иелерінің өтінішіне бай­ла­нысты материалдарды алдын ала талдау кезінде бірнеше түйт­кіл­ді  жайттың барын жоққа шығар­майды.

«Материалдарды алдын ала тал­дау лауазымды тұлғалардың өкілет­тіктерін асыра пайдалану және теріс пайдалану, өз бетінше әрекет ету белгілерінің болуы мүмкін екенін көрсетті. Олардың әрекеттері кәсіп­керлік қызметке заңсыз араласу ретінде бағалануы мүмкін. Бұл фактілерді қадағалау органы тек­серіп, заң бұзушылықтар расталған жағ­дайда палата әр кәсіпкердің құқын сотта қорғауға қолдау көрсетеді», деп хабарлады кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар