Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрлық өзгерістер мен ЖИ-ды енгізудің маңызына айрықша басым мән берді. Мемлекет басшысы «Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру» стратегиялық міндетін қойып, бұл үрдістің елдің болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Әлемде жалған ақпараттың таралуы басты проблемалардың біріне айналды. Әсіресе, ақпараттың жылдам ағыны мен жаңалықтардың толассыз лентасы өрістеп тұрғанда сол ақпарат пен деректерді тексермей қабылдау үрдісі басым. Осыған орай, Қазақстан медиа сауаттылықты арттыруға бағытталған бірегей жоба іске қосылуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттық қаржыландыру нәтижесінде әзірленген «RasInfo» – жасанды интеллект интеграцияланған алғашқы медиаресурс жасалды.
Аталмыш ресурс Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландару жобасы бойынша орындалды. Бұл бастаманың мақсаты – жастарға цифрлық сауаттылық пен фактчекинг дағдыларын үйрету.
Қазақстанда жас зерттеушілер үшін жасанды интеллект саласында зерттейтін көптеген бағыттар бар. Әсіресе, қазақ тілін ЖИ-ға бейімдеу үлкен үлес қосуға мүмкіндік беретін басты бағыттардың бірі. Бұл тек ғылым үшін ғана емес, ұлттық мұраны сақтау үшін де маңызды қадам болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ Журналистика факультетінің ғалымдары әзірлеген «RasInfo» жобасы Президент Жолдауында айтылған басымдықтармен толық сәйкес келеді. Бұл еліміздегі жасанды интеллект интеграцияланған алғашқы мобильді медиаресурс. Оның негізгі мақсаты азаматтарға цифрлық сауаттылық негіздері мен фактчекингті үйрету.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастардың ЖИ-ды сауатты қолдануы – елдің цифрлық трансформациясының негізгі шарты» деген пікіріне тікелей жауап болып табылады.
Бүгінгі Жолдауда: Цифрлық трансформация тек экономиканы модернизациялауға ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге де бағытталған. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсыныс жасалды. Бұл қадам ЖИ-ды ел экономикасының барлық салаларына жаппай енгізуге мүмкіндік береді.
Осы өзгерістер аясында ҚазҰУ ғалымдарының тағы бір ірі бастамасы – қазақ баспасөзін толық цифрландыру жобасы ерекше мәнге ие. 1889 жылдан бастап жарық көрген басылымдарды жинақтап, бірыңғай цифрлық мұрағат жасау – тек тарихи құндылықты сақтау ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект арқылы ғылыми зерттеулерге жаңа серпін беру. Бұл жоба Қазақстандағы цифрлық мәдени мұраны қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
Жасанды интеллект қарқынды дамып, адамдардың дүниетанымына, әсіресе жастардың сана-сезіміне әсер етуде. Бұл процесті тоқтату мүмкін емес, сондықтан оған дайын болу қажет. Ел Президентінің сөзінше, «басты міндет – кідіріссіз, батыл әрекет ету», өйткені кешігудің салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Еліміздің қазіргі міндеті – жасанды интеллектің мүмкіндіктерін пайдаланып, елді қауіпсіз әрі дамыған қоғамға айналдыру.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессор-зерттеушісі