Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Амантай Құмбаев өңірдің жаңа оқу жылына дайындығы, мектеп құрылысы, кадр мәселесі және білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады, деп жазады Egemen.kz.
«Бүгінде облыста 160-тан астам мектеп жұмыс істейді. Соңғы жылдары халық санының қарқынды өсуіне байланысты жаңа мектептер салу басты міндеттердің бірі болып отыр. Биылдың өзінде 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2026 жылға дейін тағы 12 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған», – деді Амантай Құмбаев.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық барысында барлық мектептер оқулықтармен толық қамтамасыз етілді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Интерактивті тақталар, компьютерлік сыныптар және пәндік кабинеттер жаңартылып жатыр.
«Мұғалім тапшылығы мәселесі бар, әсіресе математика, физика және информатика пәндерінде. Биылдың өзінде облысқа 450 жас маман келді, оның ішінде 80-ге жуығы – ауылдық мектептерге. Жас педагогтерге тұрғын үй жалдау бойынша жәрдемақы және көтермеақы қарастырылған», – деді ол.
Амантай Құмбаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мектептер мен сыныптардың көбейіп жатқанын айтты.
«Облыста инклюзивті білім берумен қамту 75%-ға жетті. Бұл бағытта арнайы педагогтер даярлау ісіне мән беріп отырмыз. Сондай-ақ, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 99%-ды құрап отыр», – деді ол.
Маңғыстауда “Келешек мектебі” ұлттық жобасы аясында жаңа үлгідегі білім ошақтары бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, цифрлық дағдыларды дамыту бағытында пилоттық жобалар іске асуда».
«Басты мақсатымыз – балаларға сапалы білім мен заманауи жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің бақылауында. Біз ұстаздармен, ата-аналармен және қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, ортақ мақсатқа бірге жетеміз», – деп қорытындылады Амантай Кумбаев.