
Фото: Шымкент әкімдігінің сайты
Сот отырысында прокурор Бауыржан Караманов айыптау актісін оқып, болған оқиғаның мән-жайын баяндады.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 21 сәуірінде айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қалалық құрылыс басқармасының құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысынан ақпарат алған. Ол Жиембайға Руслан Берденовтің тапсырмасымен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметінен өз еркімен кетуі тиіс екенін жеткізген.
Айыптау тарабының мәлімдеуінше, осы ақпараттан кейін Жиембайда Берденовті өлтіру ниеті пайда болған. Эмоционалдық күйзеліс жағдайында ол дүкеннен спирттік ішімдік сатып алып, оны көлігінде ішіп, кейін үйіне барып, «Сайга» маркалы аңшы мылтығын алған. Мылтықты жұбайына тиесілі көліктің жүк салғышында бірнеше уақыт алып жүрген.
Сол күні кешкісін Жиембай Шымкент қалалық әкімдігі ғимаратына барып, Берденовті күтіп тұрған. Ол әкімнің орынбасарын көріп, оған бес рет оқ атқан. Шенеунік жерге құлаған соң, Жиембай жақындап барып, тағы оқ атпақ болған.
Алайда жараланғанына қарамастан, Руслан Берденов қарсылық көрсетіп, осы сәтте оның жүргізушісі араласып, көлігімен айыпталушыны қағып, қылмыстың алдын алған.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша қаралып жатыр. Негізгі сот процесі 6 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді.
Айта кетейік, сот тыңдауында Руслан Берденов болмаған. Оның өкілі шенеуніктің қазіргі уақытта ем қабылдап жатқанын мәлімдеген. Судья Берденовке негізгі сот отырысына жеке келу міндетін жүктеген.
Алдын ала тыңдау ашық режимде өткен. Алайда Жиембай өз бейнесінің түсірілуіне қарсы екенін білдірген.