• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Кеше

Ұлттық код енгізілген ЖИ жүйесі

60 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда жасанды интеллект жүйелері қарқынды дамып жатыр. Әлем бет бұрған саланы елімізде де дамытуға ден қойылды. Отандық ІТ-мамандары мен инженерлері біраз жылдан бері еңбек етіп, алғашқы нәтижеге жетті. Енді қазақша жасанды интеллект жүйелері пайдаланушыларға қолжетімді болмақ. Оның шетелдік тілдік платформалардан артықшылығы да көп. Ең бастысы – өз жүйеміз қолданушы деректерін есте сақтамайды, қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алады.

Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект инс­ти­­туты (ISSAI) отандық инженерлер әзірлеген ­­жаңа буын жасанды интеллект жүйелерін ­таныстырды. Олардың бас­ты артықшылығы – қазақ тілін шетелдік ба­ла­маларға қарағанда терең түсініп, ана­ғұр­лым дәл өңдей алаты­нын­да. Жүйелер қазақша сөйлем құры­лы­мын, тілдік ерекше­ліктерін, диалектика­сын, тіпті мәдени кон­тексті де ескеріп, мәтін­нің мағынасын сақтай отырып талдайды. Инже­нерлер қазақ қоға­мының мәдени ерекшелігін еске­ріп, ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық тәуел­­сіздікті қамтамасыз етуді негізгі ұстаным еткен.

 

«Oylan»

«ISSAI» инженерлері 5 түрлі жасанды интеллект жасаған.  Біріншісі «Oylan 2.5». Бұл жүйе кез келген сұранысыңызға жауап бере алады. Тіпті аудио хабарламаларды қабылдап, өңдеу функциясы бар. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген, оның ішінде диалектілер мен бейресми сөйлеу формаларын да түсінеді. Сонымен қатар Президент бастамасымен қолға алынған реформаларға сәйкес қазақ тілінің латын графикасын таниды. «OYLAN» еліміздің мәдениеті мен әлеуметтік контекстін ес­керіп жұмыс істейді. Әсіресе білім мен бизнес салаларында деректердің құпия­лығы ерекше маңызды болғандықтан, бұл модель жабық инфрақұрылымда орналастырыл­ған және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ол құқықтық әрі этикалық талаптарға сай жұмыс істейді.

 

«MangiSoz»

Бұдан бөлек, «ISSAI» ұсынған «MangiSoz 2.0» жүйесі сөйлеуді тану, көптілді аудар­ма сервисі. Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерін жоғары дәлдікпен өңдей алады. Қолданушылар сервисті веб-платформа (mangyzsoz.nu.kz) арқылы немесе API интерфейсі арқылы пайдалана алады. «MangySoz» чат-боттарға, дауыс­тық көмекшілерге, call-орталықтарға, білім ­және мемлекеттік жүйелерге оңай енгізі­леді. Барлық мәлімет ел аумағында, нақты­рақ айтқанда Назарбаев Университеті­нің дата-орталығында өңделеді, яғни ақпа­рат шетелге шығарылмайды. Сонымен қатар пайдаланушылардың деректері сақтал­майды және ешкім оны оқи оқылмайды.

 

«TilSync»

 Ал «TilSync» жүйесі ілеспе аударма жасай алады. Бұл жүйе әртүрлі видеоконференцияларда түрлі тілдер арасында тікелей аударма жасап, ақпарат алмасуды жеңілдетеді.

 

 «Beynele»

Тағы бір тың шешім – «Beynele» жасанды интеллекті. Ол тек қазақы нақышта сурет салады. Отандық мәдениетке, ұлттық ою-өрнектерге, тұрмыстық ерекшеліктер­ге негізделген жоғары сапалы суреттер жасайды. Бұл құрал педагогтер мен медиа жоба жасаушылардың жұмысын жеңілдетіп, ұлттық мазмұндағы визуалды материалдарды тез әрі дәл салуға мүмкіндік береді.

 

«Mangitas 02»

Осы жүйелердің негізі – «Mangitas 02» атты отандық инференс серверінде жатыр. Бұл – шетелдік бұлттық жүйелерден тәуелсіз, қауіпсіз, жергілікті мәліметтермен жұмыс істейтін ЖИ сервері. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қолдануға оңтайлы.

«Жасанды интеллект жүйесінің тиімді­лігі ең алдымен инфрақұрылымға байланыс­ты. Бұл – үйдің іргетасы секілді. Егер мықты инфрақұрылым болмаса, әлемдегі ең үздік мо­дельдердің өзі толыққанды жұмыс істей ал­майды. Бүгінде елімізде суперкомпьютерлер же­тіспейді. Иә, бұл бағытта Президенттің тап­сырмасымен алғашқы қадамдар жасалды. Алай­да олардың толық жұмыс істеу механизмі мен қол­жетімді тарифтері әлі де нақтыланбаған. Бұдан бөлек, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан енгі­зілген экспорттық шектеулер де еліміздің тех­но-логиялық дербестігіне тосқауыл болып отыр.

Сол себепті біз өзіміздің ішкі серверлік инфрақұрылымымызды «Mangitas 02» жо­басын қолға алдық. Бұл – бізге сыртқа тәуелді болмай, өзіміздің тәжірибемізді, зерт­теулерімізді, моделдерімізді осында, ел аума­ғында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ал енді алдағы жоспарларға келсек – біз әрқашан пайдаланушыларымызбен кері байланыста боламыз. Қолданушылардан келетін пікір­лер мен ұсыныстар біздің өнімдерді үз­дік­­сіз жетілдіруімізге негіз болады. Біз үшін ең басты бағалау өлшемі – халықтың сенімі», дейді «ISSAI» «ІТ» өнімдер менеджері Әмина Байкенова.

«ISSAI» бас директоры Хусейн Атакан Варол бұл жетістік қазақ тілін цифрлық жүйеге енгізіп қана қоймай, мәдениетімізді де заманауи форматта сақтаудың жолы екенін атап өтті.

«Қазақ тілі мен мәдениетінің цифрлық кеңістікте өз орнын табуы – осы технологиялар арқылы жүзеге асады. Қазақстан халқы өз тілінде және өз ережелерімен озық интеллектуальды жүйелер жасай алатынын дәлелдеп отыр. Бұның барлығы қазақ­стандық зерт­теу­ші­лер­дің, ин­женер­лер­дің, де­рек­тер са­ласын­лағы ма­ман­дар­дың та­ланты мен еңбегінің ар­қасында жү­зеге асып отыр»,  деді ол.

Айта ке­­тейік, 2019 жылы құрыл­ған «ISSAI» бү­гінде 70-тен астам зерттеуші мен инженерді бірік­тіріп, тіл­дік технология­лар, білім, денсау­лық сақтау, инфрақұ­рылым,  қауіпсіздік салала­рында белсен­ді жұмыс істеп жатыр.