• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 09:04

Жас жүректі баураған жырлар

30 рет
көрсетілді

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамып, табанының табы қалған қасиетті Қарасаз ауылының еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін ақын өлеңдерін жатқа айтуды әдетке айналдырған. Сөйтіп, ақынның туған жер, табиғат, әке мен анаға арнаған кәусар жырлары ауылындағы үлкен-кішінің жүрегіне жол тапқан.

Ақынын ардақтап, қара өлеңін қастер тұтатын ауыл тұрғындарының осы бір ерекшелігі ат басын бұрған жұрт­­тың таңдайын қақтырып, басын шайқатары хақ. Жас-кәрісіне қарамай өлең сұрасаңыз, іркілместен жыр тиегін ағытады. Бұл қасиеттің негізі неде деген сауал туған еді. Түйінін А.Барманбекұлы атындағы Қарасаз орта мектебі жанындағы шағын орталық бүлдіршіндері тарқатып бергендей.

Мұндағы 3 пен 5 жас аралығындағы 35 баланың әрбірі Мұқағали аталарының кемінде 2-3 өлеңін жатқа айтады. «Бала тілі – бал» демекші, бірі асықпай, анықтап айтуға тырысса, енді бірі тақылдап тұр. Қолына кітап ұстап, әріп танып үлгермеген құймақұлақ ботақандардың бұл талаптары шын мәнінде тәнті етті. Олардың арасында жыл сайын өтетін республикалық «Мұқағали» оқуларына қатысып, бас жүлде алғандары да бар. Ақын өлеңдерін жатқа айтатын бүлдіршіндердің талабын көзбен көріп, құлақпен естідік те, тіл-көзден аман болуын тіледік.

«Балабақшаның мақсаты – әр баланың қызығушылығын, ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып, оларды адами және ұлттық құндылықтар негізінде дамыту. Балалардың таным­дық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру және тәр­биелеу міндетін алдыңғы орын­ға қоямыз. Шағын орталықтағы 35 баланың басым бөлігі Мұқағали Мақатаевтың «Қарасаз», «Пай-пай, өмір!», «Отан», «Қай­ран Қарасазым-ай», «Шеше», «Мен туған жер Қарасаз баурайдағы» сияқ­ты өлең жолдарын жатқа біледі. Ақынның бұл өлеңдері балалардың жаттауына әлдеқайда же­ңілірек. Топтағы Дара Нұрбол, Әмір Кемелбек, Ясауи Молдыраман, Айсұлтан Оразғали, егіздер Айым мен Асылым Тұрсынәлі, Айбибі Қожан­берді, Хасан Болатжанұлы сынды алғыр балапандар болашағынан үлкен үміт күттіреді. Тарыдай балапандардың тау­дай талабын жанып, қанаттанды­руда ата-аналардың да еңбегі зор», дейді шағын орталықтың аға тәрбиешісі Қарлығаш Қыдырбаева.

Шағын орталықта орта және ересек топтарда 3 тәрбиеші мен 1 кө­мек­ші тәрбиеші жұмыс істейді. Балдырғандар­ға тақпақ жаттатып, шы­ғар­­машылығын дамытуда Сандуғаш Исламова, Гүлзира Бірімтай, Гүлбадан Құрманбаевалардың еңбегі зор.

 

Алматы облысы