• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 08:00

Қазақша ЖИ құтты болсын!

50 рет
көрсетілді

Енді өзіміздің отандық жасанды интеллект жүйелеріміз бар. Олар бізді «ChatGPT»-ден қарағанда жақсырақ түсінеді. Өйт­кені әзірлеушілер жасанды интеллектінің жанына қазақы болмыс­ты сіңіріп, ұлттық дерекқормен оқытқан.

«Nazarbayev University» жанындағы Ақылды Жүйелер мен Жасанды интеллект институты (ISSAI) отандық инженерлер әзірлеген жаңа буын жасанды интеллект жүйелерін таныстырды. Олардың басты артықшылығы – қазақ тілін шетелдік баламаларға қарағанда терең түсініп, анағұрлым дәл өңдей алатынында. Жүйелер қазақша сөйлем құрылымын, тілдік ерекшеліктерін, диалектикасын, тіпті мәдени контексті де ескеріп, мәтіннің мағынасын сақтай отырып жауап береді.

«ISSAI» инженерлері 5 түрлі жасанды интеллект жасаған.  Біріншісі – «Oylan 2.5». Бұл жүйе кез келген сұрағыңызға жауап бере алады. Тіпті аудио хабар­ламаларды қабылдап, өңдеу функциясы бар. Бұдан бөлек, «ISSAI» ұсынған «MangiSoz 2.0» жүйесі сөйлеуді тану, дыбыстау, аудару қызметін атқарады. Ал «TilSync» жүйесі ілеспе аударма жасайды. Жүйе әртүрлі ви­део­­конференцияларда түр­лі тіл­дер арасында тікелей аудар­­ма жасап, ақпарат алмасуды жеңілдетеді. Тағы бір тың шешім – «Beynele» жасанды интеллекті. Ол тек қазақы нақышта сурет салады. Осы жүйелердің негізі – «Mangitas 02» атты отандық инференс сервері. Бұл – шетелдік бұлттық жүйелерден тәуелсіз, қауіпсіз, жергілікті мәліметтермен жұмыс істейтін ЖИ сервер. «ISSAI» бас директоры Хусейн Атакан Варолдың айтуынша, бұл – тек технологиялық емес, мәдени жетістік.