Ауылдың ақ топырағына аунап өсіп, есейе келе арман-мақсатын үлкен қаладан іздемей-ақ, жанына жақын өңірдің жанашырына айналып кететін ақеден жандар болады. Ондай азаматтар туған топырақтың қыр-сырын жақсы біледі, қадір-қасиетін жүрегімен сезіне алады һәм жұртшылықпен біте қайнасып кетеді. Өз басым Орынбасар Бәйімбетовті сондай жандардың бірі санаушы едім. Бұл күнде арамызда жоқ асыл азаматпен соңғы рет Астанада, қарындасы Әшіркүл апай мен Бимен ағаның кіші ұлы Мұраттың шаңырағында жүздескенім есте. Қай кезде де өте ширақ, ықшам, көңілді жүретін. Осы жолы жүзі сынық, кішкене шаршаулы көрінді. «Денсаулық мазалап жүргені» деді. Бірақ мені көрген бетте жүзіне әлдебір шырайлы сәуле кіріп, «жазушылармен салқын сөйлесуге болмайды» дегенді айтып, ара-тұра нағашы-жиендік әзіл аралас әңгімелер өрбіді.
Қызылорда шаһарында қызмет істеп жүрген кезіміз еді. Бір жолы Орынбасар ағамен ағайындардың бір қызықшылығында кездесіп қалдық. Үзіліс сәтінде оңаша қалып, мөлтек әңгіме құрдық.
– Менің әкем кешегі қан майданда екі бірдей аяғынан айырылған майдангер екенін естіген шығарсың? – деді ағам тосыннан сөз бастап. – Артында қалған ұл-қыздары күндіз-түні әкеміз соғыстан кеудесіне алтын жұлдыз тағып оралады деп армандайтынбыз. Солай боларына сендік те. Ал бірақ... – Орекең демін жұтып, тоқтап қалды. Кеудесіне кептеліп қалған аласапыран сезімді іштей аңғарып тұрмын. Сонда да үнсіз тыңдай түстім. Әрі қарай сөз жалғағанын қаладым. – Соғыс басталған жылы мен небәрі он бір жастағы баламын. Амал қанша, он екі-он үш жасымнан бастап еңбекке араластым. Қарындастарым Әшіркүл мен Маржанкүл, інім Жолдасбек мүлде жас, жұмыс істеуге әлі қауқарсыз. Таңнан қара кешке дейін белі қайысып жұмыс істеп жүрген анам Айжамалға қолғабыс көрсетуім керек болды.
Осылай әңгімесін өрбітіп келді де, кенет қабағын түйіп алып, алысқа көз тіктеп тұрып:
– Сұм соғыс! – деді. – Ленинград маңындағы кескілескен шайқаста жақын маңнан бомба жарылып, әкем ауыр жарақат алыпты, ажалы жоқ екен, есін жиған кезде екі аяғының жансызданып қалғанын аңдайды. Сол сәтте тіршілік өз қызығын мүлде жоғалтқандай көрініп, қасындағы жауынгер досына «мені осы жерде атып таста, аяқсыз адам болып қалай өмір сүрем» деп жалынады. Жауынгер серігі: «жоқ, сен әлі өмір сүруің керек» деп жұбатады. Көзінің алды бұлдырап кетіп, қайтадан есін жиған кезінде госпитальда жатыр екен, көрпені ақырын ысырып қараса, екі аяғы түбінен кесілгенін сезінеді. Дәрігер қыз Тамара «сені бізге ит сүйреп әкелді» деп түсіндіреді.
Орынбасар аға тағы да тоқтап қалды. Өкініш аралас өксік сезім бойын буып тұрғандай.
– Сосын әкей елге оралған шығар? – дедім әңгіменің аяғын естімекке ықылас танытып.
– Әкем Ресей жерінде біржола қалып қою жөнінде іштей шешім қабылдапты. Госпитальда танысқан орыс дәрігері Тамараның қасын паналамақ болыпты. Сөйтіп, бізбен хабарласуды кілт үзеді, – деп, Орекең әңгімесін әрі жалғады. – Біз жаспыз, әкеміз соғыста ерлікпен қаза болды деген жалған ақпаратқа көпке дейін сеніп жүрдік. Кейінірек әкейдің тірі екенін білдім. Оны елдегі Тайыр деген жолдасы айтты. Хат жазысып тұрады екен. Біз әкейді көргенше асықтық. «Кім барып алып қайтады» деген сұрақ туындағанда, Тайыр «жақында арнаулы дәрігердің бақылауымен Төменарыққа жеткізіледі» деп бізді жұбатты. Әйтпесе, жас болсам да, әкемді іздеп барып, өз бетімше алып қайтуға әзір едім. Іштей сондай тоқтамды ойға бекінгенім де бар...
Осы кезде той иелері бізді дастарқанға шақырды. Әңгімеміз әрі қарай жалғанбай қалды.
* * *
Жақын күндердің бірінде ел жақтан жылы хабар естідім. Сыр елінің басшылығы мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек ері Орынбасар Биімбетұлының тоқсан бес жасқа толатын мерейтойын атаусыз қалдырмай, арнайы конференция ұйымдастыруды жоспарлапты. Несі бар, «өз елі өз ерлерін ескермесе» (Жансүгіров) болар ма? Олай болмаса, бұл ел «кемеңгерлерді» қайдан алмақ? Елден жеткен жағымды жаңалықтан соң Сыр топырағына өлшеусіз еңбек сіңірген ағаның өмір жолын тағы да көз алдымнан өткердім. Орынбасар Биімбетұлы 1930 жылғы 15 шілдеде Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық бекетінде (Горняк кеңшары) жұмысшы отбасында дүниеге келді. Бұл кеңшар сол уақытта республика түсті металлургия министрлігіне қарайтын, негізгі мақсаты – ет, көкөніс, ауылшаруашылық өнімдерін дайындау болатын. Орынбасар Биімбетұлы еңбек жолын 13 жасынан бастап, бақташылық жұмыстың «қамытын» мойнына ілді. Балалықпен ерте қоштасты. «Бақташы» бала бірте-бірте шалымдылығымен көзге түсіп, әуелі есепші, сосын бригадир, одан кейін ферма меңгерушісі деңгейіне көтерілді. «Соғыс ызғарын сезініп өскен» бала жігіт алғашқы кәсіби білімді Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында алды, оны үздік дипломмен бітіріп, Жаңақорған ауданына оралды да, екі-үш жыл малдәрігерлік жұмысын абыроймен атқарды. Білімін онан әрі жетілдіре түсу мақсатында Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны тәмамдады да, туған топырағы – Жаңақорғанға қайта оралып, табан аудармастан 1961 жылға дейін мал-дәрігерлік жұмысын жалғастырды.
Адал еңбек еленді. 1961 жылы қызметі жоғарылап, Жаңақорған аудандық кеңесі атқару комитетінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бірер жылдан соң партиялық тапсырмамен Сұлутөбе елді мекеніне жіберіліп, «1 мамыр» кеңшарына директорлыққа бекітілді. Міне, осы жерде табаны күректей бес жыл басшылық қызмет жасап, соғыстан кейін тұралап қалған елдің әл-ауқатын жақсартты, халық алғысына ие болды. 1964 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген мал дәрігері» құрметті атағына ие болды. Біздің көзіміз 1965 жылдың қорытындысы бойынша жазылған мынадай мәліметтерге түсті: 100 аналықтан 134 қозы, 99 құлын, 99 бұзау, 73 бота алынып, мал шығыны азайып, өнім сапасы жоғарылапты. Кеңшар облыс бойынша алдыңғы қатарға шығып, тіпті республикада аты аталып жатты. Соның нәтижесінде, іскер басшының адал ақы, маңдай терінің қайтарымы болып, Орынбасар Бәйімбетов 1966 жылы, небәрі 36 жасында «Социалистік Еңбек Ері» атанып, Қазақ КСР-інің «Құрметті Алтын кітабына» есімі енгізіледі.
Орынбасар Бәйімбетов жас та болса, Сыр еліне танымал тұлға ретінде 1967–1970 жылдар аралығында Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы және облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Ол заманда басқарма басшысының бюро мүшесіне сайлануы өте сирек жағдай еді. Көп ұзамай 1970 жылдың аяғында Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды да, он жылдан астам уақыт осы лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Осы жылдарда Сырдың атақты күрішшісі Ыбырай Жақаев екінші рет Еңбек ері атанып, дүние жүзіне «дала академигі» деген атағы жайылды. Тек Ыбырай емес, сол жылдары Шиелі ауданынан бірнеше Еңбек ері шыққан болатын. Атап айтқанда, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Зәкира Ержанова, Жадыра Таспанбетова және тағы басқалар бар еді. Осы жылдары Шиелі ауданы облыста, тіпті республика көлемінде алдыңғы қатарға шығып, бірнеше дүркін ауыспалы «Қызыл туды» жеңіп алды.
Орынбасар Биімбетұлы жасына қарамастан, сол жылдары беделді мемлекет қайраткері сапынан көрініп, есімдері республикаға белгілі айтулы тұлғалармен сыйласа жұмыс жасап, ел мен жер тағдырына байланысты ұсынысы мен өтінішін үнемі өткізе білді. Бұл – республикалық деңгейде беделге ие екенін көрсетті. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты һәм Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Кейінгі жылдары Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, облыстық асыл тұқымды мал шаруашылығы және қолдан ұрықтандыру өндірістік бірлестігі салаларында лауазымды қызметтерді атқара жүріп, зейнеткерлікке шықты. Еңбегіне лайық Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерінің иегері болды. КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалін алып, Қызылорда облысының құрметті қайраткері, Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы атанды. Өзінің еңбек жолы мен өмірден көргендері мен түйгендері туралы «Шиелі шынарлары», «Парыз» атты кітаптар шығарды. Елуінші жылдары Жайдаркүл апамыз екеуі тағдыр жарастырса, өнегелі отбасы бола жүріп, төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп, он бір немере, үш шөбере сүйді. Бауырлары Әшіркүл-Бимен, Маржанкүл-Шүкірбек, Жолдасбек-Жұпар және Балтакүл-Дайрабайлардың да өмірден өз жолын табуына, бақытты ұрпақ өсіріп-тәрбиелеуіне ағалық ақылы мен алғаусыз ақ ниетін аямады.
* * *
...Той дастарқаны аяқталды. Есік жаққа беттедік. Мен Орынбасар ағаның соңынан ердім. Әлгі бір әңгіменің аяғын тыңдап алуға құштармын. Тысқа шыққан соң ол кісі тоқтап, маған қарап:
– Сен менің әкемнің соңғы тағдырын толық білгің келсе, атақты қазақ жазушысы Сейтжан Омаровтың «Ізбасар» деген повесін тауып алып оқы, – деді. – Мәскеудегі бір қонақүйде ойда-жоқта жазушымен кездесіп қалдық, қасында атақты Соловьев-Седой болды, әкем бастан кешкен осы тарихты бастан-аяқ айтқан едім. Жазу керек екен деп уәде етіп еді, мөлдірете жазыпты. Ал өз басым әкем қашан көз жұмғанша жағдайын жасауға тырыстым. Көңіліне тимедік. Ойындағысын орындауға тырыстық. Бірақ соғыс көрген жауынгердің ішкі әлемінде тағы қандай қыжыл мен құпиялар кетті – оны қазір айта алам ба?
* * *
Орынбасар ағаның өмір бойы ресми қызметте жүрсе де, өнер адамдары мен ақын-жазушыларға барынша жақын болды. «Мен ақын Әбділда Тәжібаевпен аға-іні болып араластым. Сырбай ақынмен көп сырластым. Тлендиевпен тілдестім, Қаратаевпен жиі сөйлесіп отыратынмын» деп сөз өрбітер еді. Тіпті сөз арасында Әбділда ақынның немесе Сырбай досының өлең шумақтарын жатқа оқып қоятын. Әйтеуір қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, сый көрсету бар да, ондай кісілермен «рухани достасып» кету бөлек жағдай. Орынбасар ағаның жүрегі нәзік, шамасы, бір замандарда өлең де жазған ба деп шамалаушы едім. Өз өмірінен екі бірдей кітап шығаруы сол ойымды шегелей түскендей. Ендеше, ұлт руханиятының жоқшысы әрі жанашыры болған асыл ағаның мәдени-әдеби һәм естелік мұраларын бірер том етіп басып шығарса, баға жетпес қазына болмас па?
Кеңестік «қатып қалған» тас қоғамды бұзып шығып, сол заманның ең жоғары мемлекеттік марапатын алған асыл ағаның артында айтулы жұмыстары мен жарқын іздері қалды. Даласын сүйген перзентті даланың кеңпейіл адамдары да жақсы көріп, есімін құрметтеді. Жақсының аты ешқашан өшпейтінінің белгісі, міне, осы.
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ