• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кино Бүгін, 08:35

Жыл таңдауы: жеңімпаздар есімі жарияланды

30 рет
көрсетілді

Жыл сайын отандық кино саласының үздік­терін анықтайтын Қазақ­станның киносыншылар қауымдастығы «Сын­шылар таңдауы–2025» жүлдесі жеңімпаздарының есімін жариялады. Отан­дық киноның озығы мен үздігін анықтап, келешек бағыт-бағдарын ай­қындауды мұраты санайтын киносыншылар қауымдастығының бұл қызметіне биыл 10 жыл толып отыр.

Өткен жылдармен са­лыс­­тыр­ғанда өзге­ше­лігі сол, биыл сал­танатты марапаттау рәсімі өт­кізілмеді. Сыншылардың бер­ген­ мә­ліметіне қарағанда, 2024 жыл Қа­зақстан кинематографиясы үшін ең та­бысты жыл болған. Отандық про­кат пен  халықаралық кино­фес­тивальдарда 100-ден аса фильм ұсынылған. Бұл фильмдер жалпы құны 22,5 млрд теңгені құрайтын касса жинаған, оның ішінде сегіз картина миллиардтан асатын қаржыға қол жеткізген.

Ал биылғы «Сыншылар таң­дауы» жүлдесіне 13 санат бо­йынша 22 фильм таласқа түс­кен. Мысалы, басқа аталымдарды санамаламай, «Үздік драма» аталымымен ғана сын­ға түскен «Талақ», «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Тұл», «Велошах» фильм­дерін ата­сақ, арасындағы Әділхан Ер­­­жановтың «Дала қасқыры» филь­мін сыншылар бірауыздан «Жыл­­дың үздік туындысы» деп таныған.

Барлық аталым арасында тар­тымдылығымен де, тар­тыс­ты өтуімен де назар аударатыны – «Үздік әйел бейнесі». Бұрын «Қаратас ауылындағы оба», «Қаш» фильмдеріндегі рөлдерімен киносыншылар бағасын алып үлгерген Толғанай Талғаттан басқа ұсынылған бес актрисаның төртеуі бұл сайысқа бірінші рет қатысып отыр. Әділ­хан Ержановтың «Дала қасқыры» фильмінде белгілі актер Берік Айтжановпен бірге серіктесіп ойнаған Анна Старченко жаса­ған бейне өте күрделі.

Оның кейіпкері ішкі қар­сылығын сыртқа шыға­ра алмай арпалысып, тұтығып-тұлданып жүріп, фильмнің со­ңында тұлға ретінде жаңғырып, айналасын өзінің айқын дауы­сымен таңырқатады. Өзін-өзі жеңу жолындағы кейіпкердің ауыр тағдырының сенімді суреттелуі актрисаны үміткер үздіктердің қатарына жайғастырды.

Қазақ көрермені ортасында талқыға көп түсіп, төңірегінде таласты пікір, өткір сын көп ай­тылған «Нурикамал» мело­дра­масындағы ақын әйелдің образы – Гүлбахрам Жебесінова­ның кинодағы жаңа белесі. Дәл осы образ актрисаны биылғы «Сыншылар таң­дауы­на» жетелеп әкелді. Өлеңді құндақтау­лы нәрестедей өбектеп, иіген жанының мөлдірін жырға айналдырып күн кешетін лири­ка­­лық кейіпкер композитор күйеуін сүйе тұра, оның да, өзінің де сезі­мі­нің алдында әлсіз. Ғайыптан пайда болып, жүрегіне алау жаққан жан жарының жазығы жоқ бейтаныс музасын бұл да бүкіл болмысымен қабыл алып, түсінетіндей. Құдіретті өнер үшін ерінің таңдауына құрметпен қарап, жаңа шығармашылық шедеврдің тууына мүмкіндік беруі керек. Өте нәзік әрі соншама күрделі бейне. Үміткер бесеу, таңдау – біреу. Амал не, бұл жолы сыншылардың бүй­регі «Нурикамалға» емес, «Дала қасқырының» бас кейіп­ке­ріне бұрылып, күрделі психо­ло­гиялық персонажды бейнелеген Аннаны «Үздік актриса» атан­дырды. «Үздік әйел бейнесі» туралы толымды пікірін белгілі кино­сыншы Гүлнар Әбікеева былай тарқатады: «Биылғы заң­дылық қызық болып тұр. Сын­шы­лардың сараптауына кино әлемінің есігін енді ашқан жаңа жұлдыздар емес, бұрын қуатты драмалық рөлімен танылған орта жастағы актрисалардың ойыны ұсынылып отыр. Бұл заманауи қазақ киносының алуан сипаты мен салмағын толыққанды көрсетіп тұрғандай. Негізінен, осының бәрі – әйел бойында­ғы мықты мінездің көрінісі. Шәри­па Оразбаеваның «Тұл» филь­мін­де Әмина Ермекова әкесі­нен де, анасынан да айырылған тұл жетімнің рөлін ойнайды. Тумай жатып тағдырдан теперіш көр­ген бейбақ баланың маңдайы­на мына дүниенің бүкіл бейнеті жазылған. Қарызға бату, несие­ден көз ашпау, ер адамдар­дың зәбірі, күндіз-түні бел жазбай екі ауысымда жұмыс істеу жетім қыздың қалыпты өмірі­не айналып кеткен. Картина осы уақытқа дейін бірнеше жүлде иеленді, Бішкекте өткен кинофестивальда «Үздік сценарий» ретінде аталып өтті. Ал Әсел Аушакимованың «Велошах» фильмі Нью-Йоркте өткен «Tribeca» кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Қазақ киносы Америкада бұрын-соңды мұн­дай жетістікке жетпеген. Бұл, ең алдымен, орталық телеарна­ның тілшісі болып басты рөлді ойнаған Салтанат Наурыздың еңбегі. Бұл – қоғамдағы шындық пен билік үгіт-насихатының бір-бірімен үйлеспейтінін көрсете­тін трагикомедия. Ә.Ержанов­тың «Дала қасқыры» фильмі Тама­раның тарихын тарқата отырып, астан-кестеңі шыққан қала ішінен жоғалған баласын із­деген ананың жанайқайын ­баяндайды. Баласын құтқару үшін бұрын тергеуші болған бүгінгі баукеспенің көме­гіне жүгінуге мәжбүр. Міне, биыл сарапқа са­лын­ған фильмдер­дегі әйелдердің образы осындай қайшылығымен қы­зықты болып тұр» деп, киносыншы үміткер фильмдердің өн бойындағы әйел қайсарлығын ашып көрсетіп, жеке-дара атап өтті.

Сондай-ақ осы фильмдегі Берік Айтжанов та «Үздік ер адам бейнесін» жеңіп алды. «Екін­ші пландағы үздік әйел» бейнесі «Sheker. Соңғы мүм­кіндік» филь­мін­дегі Шұғыла Ешенова, «Екінші план­дағы үздік ер адам бейнесі» «Үкім» фильміндегі Айбар Салыға та­быс­талды. «Үкім» фильмі «Үз­дік жанрлық фильм» атанса, «Дала қасқырын» түсірген Әділ­­хан Ержанов «Үздік режис­сер», «Қар­лығаш» фильмімен Ма­лика Мұха­метжан «Үздік дебют»,­ Әділхан Ержанов «Дала қас­­қы­ры­­мен» және Данияр Са­ла­мат «Талақ» фильмі үшін «Үздік сце­нарий» иесі деп танылды. Ер­кін­бек Пыты­ралиев «Үздік опера­тор», Ермек Өтегенов «Үздік қою­шы сурет­ші», «Махаббат сарбазы» филь­міне жазған музыкасы үшін Байғали Серкебаев «Үздік ком­­­пози­тор», Jeltoksan «Алматы, мен сені сүйем» әнімен «Үздік ән» ата­­­лы­­­мын­дарында жеңімпаз деп танылды.

Киносыншылар қауымдасты­ғы биыл жаңа мүшелермен то­лықты. Олар – кинотанушы Әлем Дәулетқұлов және киносын­шылар Ботагөз Койлыбаева мен Рамазан-Мәлік Елеусіз. Сондай-ақ өткен жылдың тағы бір елеу­лі­ жаңалығы, Қазақстанның кино­сыншылар қауымдастығы «ФИПРЕССИ» халық­аралық кинопресса федера­ция­сының құрамына кірді.

 

АЛМАТЫ