Елімізде шағын және орта бизнесті қолдаудың басты тетіктерінің бірі – «Даму» қоры. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, кепілдік және субсидия түрінде қолдау көрсетіп келеді. Биыл қор қызметі жаңа форматқа көшкен. Бұл – кәсіпкерлерге қаржы алу процесін жеңілдетіп, қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған көрінеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Даму» қорының берген мәліметіне сүйенсек, маусым айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы бизнесті нақты қолдаудың жаңа мүмкіндігіне айналды. Бағдарлама шеңберінде инвестициялық жобалар мен айналым қаражатын толықтыруға 12,6 пайыз мөлшерлемесімен несие беріледі. Қаржыландыру көлемі де қомақты: инвестицияға – 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін, мерзімі 10 жылға дейін. Абай облысында осы бағдарлама бойынша 47 жобаға 7,8 млрд теңге несие берілген. Бұл туралы Семей қаласында болған баспасөз турында айтылды.
«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жобалар құнына қарай екі кепілдік қоры іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда, «Даму» қоры екі жұмыс күні ішінде 7 млрд теңгеге дейінгі несиеге кепілдік бере алады. Бұл мүмкіндік ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі сияқты салалардағы жүздеген жобаның жүзеге асуына жол ашты. 2025 жылдың тоғыз айында Абай облысында 236 жобаға қолдау көрсетіліп, жалпы сомасы 21,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 15,4 млрд теңге қор кепілдігімен қамтамасыз етілген», дейді «Даму» қорының Абай облысындағы қаржылай қолдау жөніндегі бас менеджері Екатерина Маслова.
Оның айтуынша, қор қызметі өңір экономикасын әртараптандыруға да серпін беріп отыр. Өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, медицина және әлеуметтік саладағы жобаларға ерекше мән берілуде. Бұл бағыттар Президенттің «инвестицияға нақты сұраныс қалыптастыру» жөніндегі тапсырмасына сай келеді.
– 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Абай облысында «Даму» қорының қолдауымен 39,8 млрд теңгеге 426 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қолдаудың нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер өндірісін ұлғайтып, микробизнес деңгейінен шағын және орта бизнеске өтіп отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті, – дейді «Даму» қоры Абай облысындағы филиалның директоры Мұрат Қайымбаев.
Семей орманының қойнауындағы «Eastwood» демалыс базасы кәсіпкер Фархат Бекметовтің табандылығының нәтижесінде өркендеп келеді. Ол нысанды кеңейту үшін «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңіл несие алған. «Макай» ЖШС 2002 жылдан бері күнбағыс майы мен соя өнімдерін өндіріп, өнімін шетелге экспорттап отыр. Ал «Агролидер KAZ» компаниясы зығыр мен ноқат тұқымдарын экспортқа шығарып, айына 2 мың тонна өнім өндіреді. Жоба толық қуатқа шыққанда 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
Абай облысындағы бұл жобалар – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін айғақтайды. Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тетіктері өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының көбеюіне жол ашып отыр.
Абай облысы