Мақаншы – елдің шетінде, желдің өтінде тұрғанымен, еліміздің ең берік шебі, туристік, транзиттік, кедендік, экономикалық маңызы бар аудан. Бір кездері таратылып кеткен аудан бүгінде қайта түлеп келеді. Президент бастамасымен Мақаншының тарихи мәртебесі қайтарылып, қаусаған тамырға қан жүгіре бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төрінде өткен Ұлы құрылтайда:« Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту», деген еді. Бұл ғана емес, бұған дейін де биік мінберден елдің шетіндегі шекаралық аудандарды дамытуға айырықша көңіл бөліп келе жатқаны рас. Осы ретте, Абай облысындағы Мақаншы ауданының жөні бөлек. Оның экономикалық өсуі, халықтың тұрақтылығы маңызды жайт. Мәселен, 9 айдың қорытындысы бойынша Мақаншы ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 147,3 % артқан. Бұл өсім аудан экономикасының тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айғақтайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелідин баяндады.
– Ауданда бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бақты ауылында көлік-логистикалық хабтың құрылысы басталды. «Di-Nur Company» ЖШС жалпы құны 7 млрд теңге болатын май өндіру және құрама жем зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Qazaq Oil», «Royal Petrol» және «Лукойл» компаниялары жанар-жағармай құю станцияларын салды. Бұған қоса Жолдауда айтылған «Бақты – Аягөз» теміржолы мен «Бақты» өткізу бекетін жаңғырту жобалары ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, экономикалық серпін берері сөзсіз, – дейді аудан әкімі.
Оның айтысына қарағандай, аудандағы құрылыс саласында да оң нәтижелер байқалады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7 379 шаршы метрге жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 323,3% өсім көрсетіпті. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 59 жеке үйдің (118 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Жол және инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 1 млрд 755 млн теңге қаржыға 41 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Мақаншы – Көктерек – Қызылбұлақ, Келдімұрат, Қаратұма, Бақты ауылдарының көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал Мақаншы ауылындағы Жеңіс саябағы мен Қабанбай батыр ескерткіші маңында демалыс аймақтары жаңғыртылып, көше жарықтандыру жүйелері орнатылды. Бұл іс-шаралар ауданның келбетін жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, – деді ол.
Әкімнің мәліметінше, республика көлемінде халықтың көп демалатын орындарының бірі – Алакөлде жылдан жылға демалушылар саны артып келеді. Бірнеше жылдан қордаланып қалған проблемаларды шешу мақсатында облыс әкімі Берік Уәлиұлының тапсырмасына сай туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында облыстық бюджеттен арбатты жөндеу жұмыстарына 87,1 млн, жағалаудың абаттандыру жұмыстарына 86,0 млн, жағалауға 7 пирс, 7 құтқару мұнарасын, 5 шақырым жағалауға түрлі-түсті қалқыма (буй) орнатуға 37,2 млн, арбаттағы тығыздылықты азайту мақсатында жаңадан қоғамдық кеңестік орнатуға 165,8 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жасалған.
Баспасөз жиынында аудан әкімнен Алакөлдегі кәріз жүйесін, Барлық арасанының жанындағы демалыс сауықтыру орынының жайын, Бақты ауылындағы апатты жағдайда деп танылған мектептің ахуалын сұрап көрген едік. Әкім өз сөзінде Алакөлдегі кәріз жүйесін орнату мәселесі қолға алынғаны жеткізді. Сол секілді Барлық арасанында қайта қалпына келтіруге байланысты жұмыстар жүріліп жатқанын айтты. Ал Бақты ауылындағы мектеп жөндеуден өткен, қазір алаңдарлық жағдай екенін ескерді.
Бұдан соң бір әріптесіміз Мақаншы ауданы маңында шетелдіктерге жер салтылып жатыр деген ақпараттың рас өтірігін сұрап көрген еді. Дәурен Қойгелдідин мұның жалған ақпарат екенін айтты.
Расында кейбір шетелдік инвесторлардың келіп жұмыс істеуін көре алмайтындар ма, әлде Бақты кеден бекетінен әрі-бері өтіп жатқан Қытай азаматтарын көріп алып айта ма, әйтеуір әлеуметтік желілерде сондай әңгімелер айтылып қалғанын байқағанбыз.
Ерге есте болса, бұған Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай міндерінде айтқан сөзімен жауап бергеніміз жөн сияқты.
«Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді», деген еді Президент.
Абай облысы