Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім халықтың инфляциялық күтулері мен экономикадағы ішкі-сыртқы факторларды ескере отырып жасалды, деп жазады Egemen.kz.
Комитеттің пікірінше, қатаң ақша-кредит саясатын сақтау – инфляцияны тұрақтандыру мен халықтың сенімін арттырудың басты құралы.
«Инфляцияның баяулағанына қарамастан, ол әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр. Тарифтердің өсуі, тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы және жекелеген нарықтық қызметтердің қымбаттауы жалпы бағаға қысым түсіруде. Осыған байланысты біз базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтау туралы шешім қабылдадық», деп түсіндірді Ұлттық банк.
2025 жылғы маусымда жылдық инфляция 11,8% болды. Қызмет көрсету бағасы 16,1%, ал азық-түлік бағасы 10,6% өскен. Бұл өсім, бірінші кезекте, импорттық тауарлардың қымбаттауы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы, және реттелетін қызметтердің тарифтерімен байланысты.
Инфляцияның айлық көрсеткіші мамырмен салыстырғанда сәл төмендеп, 0,8% болды. Алайда базалық инфляция – 0,9%, ал маусымдық факторларды есепке алмағанда – 1,0%.
«Біздің бағалауымызша, халық тарапынан тұтынушылық сұраныс әлі де жоғары. Бұл – жалақы өсімімен, бөлшек несиелеудің қарқынды дамуымен және инфляциялық күтулердің әлі де жоғары болуымен байланысты», деді Ұлттық банк өкілдері.
Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, алдағы 12 айға арналған инфляциялық күтулер төмендеген. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіштердің құбылмалы әрі тұрақсыз екенін айтады.
«Инфляциялық күтулердің төмендеуі – оң белгі. Алайда сауалнама нәтижелерінен халықтың баға өсіміне деген алаңдаушылығы сақталғанын көріп отырмыз. Бұл факторлар ақша-кредит саясатына қысым тудыруы мүмкін», деді Комитет мүшелері.
Нарықтағы кәсіби қатысушылар инфляция 2025 жылы 10,7–11% арасында болады деп болжайды.
Сыртқы инфляциялық қысым сәл әлсірегенімен, әлемдік нарықтардағы құбылмалылық сақталып отыр. Жетекші елдердегі инфляция бәсеңдегенімен, Орталық банктер сақ әрі байыпты саясат жүргізуге мәжбүр.
«Қаржы нарықтарындағы құбылмалылық, геосаяси шиеленістер мен сауда қатынастарындағы белгісіздік сыртқы қысымның толық жойылмағанын көрсетіп отыр. Осы ретте мұнай бағасы біздің оптимистік сценарийге жақын деңгейде сақталып келеді», делінген ресми хабарламада.
Қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасы 6% өсім көрсетті. Бұл өсім негізінен көлік саласы (23,1%), құрылыс (15,4%), сауда (7,8%) және өнеркәсіп секторындағы белсенділікпен байланысты.
Тұтынушылық кредиттеу 32,4% жылдық өсіммен алға жылжып отыр. Халық арасындағы бөлшек несиеге сұраныстың артуы, маркетингтік науқандар мен бөліп төлеу тетігінің кеңінен қолданылуы ішкі сұранысты арттырып келеді.
«Қазіргі сұраныс деңгейі өте жоғары. Бұл – экономиканың жанданғанын көрсеткенімен, инфляциялық қысымды да күшейтетін фактор», дейді Ұлттық банк.
Алда не күтеміз? Ұлттық банк алдағы уақытта базалық мөлшерлемені өзгеріссіз сақтау немесе қажет болған жағдайда арттыру нұсқаларын қарастырады. Бұл шешімдер макроэкономикалық болжамның жаңа раундына байланысты қабылданады.
Келесі жоспарлы шешім 2025 жылғы 29 тамызда жарияланады.