Аягөзге келгенбіз. Діттеген жеріміз – Ақтоғай. Ол – 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі барып, іске қосқан еліміздегі белді кен орындарының бірі. Біздің мақсатымыз алда келе жатқан Кеншілер күні мен биылғы Жұмысшы мамандары жылы аясында көп жылдар кен өнеркәсібінде еңбек еткен Жексембаевтармен жолығып, әңгімелесу болатын.
Апалы-сіңлілі Балқия мен Әлия Жексембаева биыл Ақтоғай кен орнында (KAZ Minerals компаниясы) еңбек етіп жатқандарына бақандай 10 жыл болыпты. Дәлірек, олар 2015 жылдың қыркүйегінде Ақтоғайға жұмысқа келген. Жексембаевалар үшін кен орнында жұмыс істеу таңсық емес екен, әкесі мен атасы металлургия саласында еңбек еткен жандар екен. Сонымен бірге 2020 жылы Балқияның ұлы Жандос та кен байыту комбинатының ұжымына қосылыпты. Біз кеншілер әулетімен әңгіме-дүкен құрып, өндірісте жұмыс істеу дегеннің қыр-сырын сұрап білдік.
– Мен экономист мамандығын оқып едім. Бірақ жұбайым қайтыс болған
соң балаларды жалғыз асыруға тура келді. Отбасымды қамтамасыз ету үшін жұмыс керек болды. Еңбек жолымды Цинк зауытында краншы болып бастадым. Алдымен қарапайым пульттен, кейін анод цехында көпір кранға отырдым. Зауыттағы жұмыс пен табыс тұрақты болды. Сол үшін ол таңдауыма ешқашан өкінбеймін, – деп бастады жұмысшы маман Балқия Жексембаева.
Балқияның айтуынша, олардың ағасы да металлургия саласында еңбек еткен. Ата-анасы да осы салада жұмыс істепті.
– Әкеміз ыстық цехта істейтін. Бірде анамыз бізді бала кезде зауытқа алып барды. Ол кезде қазіргідей күзет, қатаң бақылау болған жоқ. Әкемнің қасына еш кедергісіз кіріп кеттік. Жарқыраған металл, отқа төзімді киім киген жұмысшылар, қуатты техника – бәрі әсерлі көрінді. Жұмысшылар бізге таңырқай қарап тұрды. Әкеміз: «Мұнда келетін жер емес, өте қауіпті!» деді. Содан соң бармадық. Бұл біз үшін алғашқы «еңбек қауіпсіздігі жөніндегі сабақ» болды. Сол сәттен бастап өндірістегі еңбектің қаншалықты маңызды екенін түсіндік, – деп еске алады Балқия ханым.
Ал сіңілі Әлияның еңбек жолы 1997 жылы Балқаш мыс қорыту зауытындағы электролиз цехында краншы болып тастапты.
– Бұл мамандықты саналы түрде емес, жағдайға байланысты таңдадым. Ата-анам кран машинисіне оқуға бағыттады. Кейін электролиз цехында, одан соң Цинк зауытындағы концентрат түсіру учаскесінде грейферлі кран басқардым. Солардан жиған мол тәжірибемен уақыт өте келе, Ақтоғайға жұмысқа келдім. Үлкен әрі заманауи компанияға ауысу оңай болған жоқ. Бірақ біздің отбасымыз үшін өнеркәсіп – өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткен. Атамыз Коунрад кенішінде істепті. Әкем Балқаш зауытындағы конвертер цехында еңбек етті. Әкемнің үш ағасы да металлург болыпты. Бұл өте құрметті кәсіп, біз солардың үлгісімен өстік, – дейді Әлия Жексембаева.
Әлия кен саласындағы өндірістік қауіпсіздік жұмысының жақсарып келе жатқанын айтады.
– Бұрын нұсқаулықтар формальді болатын, қорғаныс құралдары сапасыз еді. Қазір қауіпсіздік – бірінші орында. Тренингтер, оқу-жаттығулар өтеді. Заманауи жеке қорғаныс құралдары беріледі. Әркім өзінің қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінеді, бұл өндірістік этика. Екінші маманың тәжірибесі де маңызды. Тәжірибең мен білімің болса, елдің қай түкпірінде жүрсең де, өз орныңды табасың, өнім бересің. Өнеркәсіп арқылы жұмыс орындары ашылады, жолдар салынады, мектептер бой көтереді, экономика дамиды. Біздің айналамыздағының бәрі өндіріс еңбегімен байланысты. Сенің жұмысың елді алға жылжытатын істің бір бөлігі екенін сезіну – үлкен қуаныш, – дейді ол.
Ал «жемістің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, нағашыларына қарап бой түзеген Жандос та осы саланың білікті мамандарының біріне айналып үлгерген.
– Мен туыстарымның осы салада жұмыс істеп жүргенін көріп өстім, сол себепті қызығушылығым болды. Туған қалам Балқашта зауыттар көп болатын. Алдымен басқа салаларды байқап көрдім, бірақ өндіріс жайлы ой үнемі жанымда жүрді. Сөйтіп KAZ Minerals компаниясына келдім. Компания жастарға жақсы жағдай жасайды. Мен болашағымды осы саламен байланыстырамын. Сол себепті екінші жоғары білім алып жатырмын. Бірінші дипломым – ТЖ мамандығы болса, қазір инженер-технолог мамандығын оқып жүрмін. Осы салада әрі қарай осында еңбек еткім келеді. Мен жастарға өнеркәсіптен қорықпауға кеңес берер едім. Қазір жұмыс аса ауыр әрі қауіпті емес. Қазір бәрі автоматтандырылды. Технология, еңбек жағдайлары жақсарды. Егер оқуға, дамуға құлшыныс болса – бұл тамаша қадам дер едім, дейді Жандос.
Келешегін кен саласымен байланыстырған, әулеттің ата кәсібі металл қорытып, өз несібесін айырып, өңірдің өркениетіне үлес қосып жүрген адал жұмысшы, еңбек адамдарының кәсібіне береке тілеп қайттық.
Абай облысы