• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:25

Азғыр полигонының зардабы зерттеле ме?

110 рет
көрсетілді

Атырау облысының аумағында жерасты сынағы жасалған екі әскери ­полигон болған. Соның бірі – Құрманғазы ауданындағы Азғыр полигоны.

Аудандық мәслихаттың депутаты Мансур Қуан­шалиевтің пікірінше, аталған полигон Азғыр ауылының маңында орналасқан. Кеңес одағы кезінде полигон үшін 300 гектар жер телімі берілген. Себеп – жер астындағы тұз қабатында ядролық сынақ жүргізу. Полигон аумағында ядролық сынақ жүргізу үшін 10 технологиялық алаң дайын­далған.

«Жарылыстың ең тайызы 161 метр, ал тереңі 1 491 метрде жасалған. Жақында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы 1966–1979 жылдар аралығында алаңдарда 1491–1613 метр тереңдікте қуаты 10 килотоннадан 100 килотоннаға дейін 17 жерасты ядролық жарылыс жасал­ғаны туралы ақпаратты ұсынды. Ал салдары туралы айтсақ, 1966 жылы А1 технологиялық алаңындағы алғашқы жарылыс­тан соң радионуклиттер жер бетіне шығып кеткен. Бұдан соң 1978 жылы А9 технологиялық алаңында жарылыстың салдарынан диаметрі 600 метр жер бедері 35 метр тереңдікке дейін төмен түскен», дейді М.Қуаншалиев.

Оның дерегіне сүйенсек, Азғыр полигоны аумағындағы радиациялық жағдайды анықтау бірнеше ғылыми мекемеге жүктеліпті. Мәселен, 1991 жылға дейін Санкт-Петербург қаласында орналасқан Хлопин атындағы Радий институты, 1995 жылға дейін Арзамас қаласындағы Бүкілресейлік эксперименттік физика ғылыми-зерттеу институты, 1996 жылға дейін Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының Радиа­циялық қауіпсіздік және эколо­гия институты, 1996 жылдан бері Ядро­лық физика институты жүргізген.

«Полигондағы жарылыс алаңда­рын­да пайда болған тұз қабаттарының қуысында 77-ден 1 500 кюриге дейін альфа-активті нуклид, 450-ден 50 000 кюриге дейін бета-активті нуклид сақталып, радиоактивті заттар ыдырау үдерісі бар. Тұз қабаттарындағы қуыстар түгелге жуық жерасты суына толған. Демек полигонда радиоактивтік тұздықтар жер­асты суының ағынымен жан-жаққа тарап, өзен-көлдермен жалғасып жату қаупі бар. Мәселен, 2006–2007 жылдары жарылыс алаңдарында өсімдіктер мен топырақтағы радий мен цезий көлемі 6 500 беккерель/кг дейін көрсетті. Жерасты суы ағынымен радиоактивті тұздықтардың таралуы, радио­активті топырақтың желмен шаң-тозаң түрінде ауаға ұшуы, радиоактивті газдың атмосфераға жайылуының зардабы орасан зор болуы мүмкін. Радий-цезийдің және радий-стронцийдің жартылай ыдырау мерзімі 27–30 жылға, плутонийдің 238, изотоптың 90 жылға, плутоний 240-тің 6 600 жылға, ал плутоний-239 ыдырауы 24 мың жылға созылатынын ескерсек, онда Азғыр маңының адам денсаулығына аса қауіпті әсері ұзақ мерзімге жалғасатынын, тіпті мәңгілік болуы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз», дейді аудандық мәслихат депутаты.

Жергілікті депутат М.Қуан­ша­лиев Құрманғазы ауданындағы Балқұдық ауылында тұрады. Бұл ауыл – аталған полигонға жақын орналасқан Азғыр ауыл­дық округінің орталығы. Полигон ма­ңын­дағы ауылдардың тұрғындары үшін шы­рылдап жүрген депутаттың ұсынған мәліметіне сүйенсек, бұдан бірнеше жыл бұрын Азғыр ауылынан 1 шақырым қашықтағы №1081 бұрғысында стронций 25 600 мкг/л болған. Алайда нормаға сәй­кес стронций 100 мкг/л болуы керек. Деген­мен су құрамындағы стронцийдің табиғи, ­әлде изотопты түрі екені белгісіз.

«Ал барий мөлшері – Азғырдың №1 құдығында 271 мкг, ал №4 құдықта 240 мкг/л. Бұл элемент те нормадағыдан 100 мкг/литрден асып тұр. Марганец №2002 гидрогеологиялық бұрғысында 1 160 мкг/л, №2004-те 350 мкг/л, №2005-те 277 мкг/л, №1081-де 807 мкг/л. Ауыл тұрғындары суын ішетін №2 құдықта 2230 мкг/л, «Бұлақ» құдығында 442 мкг/л. Бұл да нормадағы шектен асып кеткені анықталды. Темірдің үлесі норма бо­йынша – 300 мкг/л. Алайда №2002 гидро­г­еология бұрғысында 7070 мкг/л көр­сетті. Міне, осындай деректен ауызсу құра­мы­ның санитарлық талапқа сай емесін байқаймыз. Демек жерасты суы таза болмауы мүмкін», деп қынжылады ол.

Ядролық полигондағы жерасты жары­лысының тұрғындар денсаулығына әсері жоқ деуге болмайды. М.Қуаншалиев осы­ған байланысты мынадай деректі ұсынды.

«Менің қолымда Азғыр ауыл окру­гіндегі учаскелік аурухана дәріге­рі­нің мәліметі бар. Онда 1990–2004 жылдары Азғыр және Балқұдық ауылдарынан 416 адамның (214 ер, 202 әйел) қайтыс болғаны жазылған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 53 жасөспірім, 29 жасқа дейінгі 17 ересек бар. Осы жылдары 39 жасқа дейінгі 27, 50 жасқа толмаған 28, ал 59 жасқа дейінгі 33 адам бақилық болған. Тұрғындардың көз жұмуына бірнеше ауру себеп болған. Мәселен, қатерлі ісік ауруынан қайтыс болғандар жыл сайын тіркеледі. 1990–2004 жылдары дәл осы аурудың салдарынан 69, қан айналымы жүйесіндегі сырқаттан 85, тыныс алу жолындағы кеселден 52 адам бақилық болған. Ал 12 адам ас қорыту жүйесі бұзылғандықтан қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Суицидтен 14 адам ­ о дүниеге аттанды», дейді қоғам белсендісі.

Азғыр полигонының зардабынан лейкемия ауруына ұшыра­ғандар да бар. Қоғам белсендісінің дерегіне жүгінсек, Азғыр ауылынан 10 жасар оқушы, бір тұрғынның сәбиі (іштен туабіткен), мал дәрігері мен Балқұдық орта мектебінің мұғалімі лейкемиядан мезгілсіз өмірден озыпты.

Осындай себептерді алға тартқан Мансур Қуаншалиевтің айтуынша, Азғыр полигонына қатысты кейбір мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Әсіресе поли­гонның іргесіндегі Азғыр ауылына қатысты өмірлік маңызы бар әрі көкей­кес­ті ұсыныстарын айтқанына бірнеше жыл­дың жүзі ауған. Оның ұсыныстары әлі де маңызын жойған жоқ.

«Біріншіден, ядролық сынақ жасалған алаңның бәрі әлі де қауіпті болуы мүмкін. Сол себептен әр алаңның айнала­сына радио­активті топырақтың желмен көте­рі­ліп ұшуын тежейтін тал-терек егу арқы­лы көгалдандыру қажет. Екін­ші­ден, жары­лыс алаңдары төңірегінің гидро­гео­ло­гиялық картасын жасақтау керек. Бұл жер­асты суы ағынының бағы­тын анық­та­у­­ға, алдын алу шараларын жүр­гізуге ықпал етер еді. Үшіншіден, облыстық, рес­­п­уб­­ликалық, деңгейде Азғыр ядролық сынақ алаңдарына жақын орна­ласқан елді мекен­дерді экологиялық сауық­тыру, ал тұрғындарын әлеуметтік қорғау бағы­тын­да арнайы бағдарлама қабыл­дау керек. Мұндай бағдарламаның шек­а­раға жа­қын орналасқан елді мекендер­ден тұр­ғын­дардың көшу қарқынын тоқ­татуға сеп­тігі тиеді. Өйткені шекара ма­­ңын­­дағы ауылдарға тұрғындарды түп­­кілікті тұрақ­тан­дыру – аса маңызды стра­­те­гия­лық гео­саясат. Төртіншіден, ше­караға, Азғыр по­ли­гонына жақын орна­ласқан ауыл­дарға қатынайтын жолды асфальттау мәселесі түпкілікті шешілуге тиіс. Бұл – тұр­ғындар үшін өмірлік маңызы зор мәселе. Бесіншіден, Азғыр полиго­нына жақын орналасқан ауылдардағы тұр­ғы­н­дар­дың денсаулығын тексеруге мән беріл­гені жөн. Осы мақсатта Құрманғазы ауда­ны­­ның орталығы Құрманғазы ауылынан сауық­тыру, не оңалту орталығын ашу қажет. Алтын­шыдан, Азғыр полигонының зар­­д­а­­бын толық зерттеуге баса назар аудару керек. Мұны аудандық мәслихаттың де­­путаты ретінде бірнеше рет көтеріп жүр­­­мін. Қазір бұл мәселеге назар аудар­ма­сақ, кейін кеш болатыны анық», дейді М.Қуан­ша­лиев.

Атырау облысы