Әлемнің қырық елінде өз-өзіне қол жұмсау қылмыс болып саналады. Ал суицидпен күрес мамандары мұны заңдастыру орынсыз деген пікірде. Өйткені мұндай әрекетке баратын адамдарды жазалау емес, қолдау қажет дейді.
Өкінішке қарай, қазір дүниежүзінде суицид көрсеткіші безгек, ВИЧ/АИТВ, обыр секілді қатерлі дерттен, қақтығыс пен адам қолынан қаза табу оқиғаларынан асып түсіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын 720 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болады. Әсіресе 15–29 жас аралығындағы әр үшінші адамның өлімі суицидпен байланысты. ДСҰ өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің 73 пайызы табысы төмен және орташа елдерде орын алатынын айтады. Оның себептері көп, әлеуметтік, биологиялық, психологиялық және экологиялық факторлар әсер етеді.
Осыған байланысты «LifeLine International» компаниясының саясат жөніндегі директоры, доктор Алан Вудворд суицидті қылмыс ретінде қараудан бас тарту қажет деген пікірде.
«Өз-өзіне қол жұмсайтын адамның шын мәнінде өлуге ниеті жоқ. Мұндай әрекетке баратындарды зерттей келе, біз өзін-өзі өлтіруге бейім адам амалы жоқ тұзаққа түсіп қалғандай сезімде болатынын анықтадық. Олар өмір сүргісі келеді, бірақ өздерін азаптан құтыла алмайтындай сезінеді, сөйтіп өлсем ғана құтылатын деген оймен өз өмірін қияды. Бұл адамның алдын ала ойластырған әрекеті, таңдауы деген пікірлер дұрыс емес», деді ол «Lifeline International» суицидпен күрес ұйымының ресми сайтында жариялаған мақаласында.
А.Вудвордтың пікірінше, егер мемлекет өз-өзіне қол жұмсайтын адамның әрекетін біліп, заңмен жазаласа, онда жалпы адамдар өзгелерден қолдау немесе көмек сұрауға құлықсыз болып қалады. Ал қандай да бір қиын кезеңдер қолдау таппағандар сөзсіз суицид жасайды.
Ал қазір көптеген ел өз-өзіне қол жұмсауға қарсы заңдар нәтиже бермейтінін мойындап, суицидті «қылмыстан» алып тастады. Мәселен, кейінгі бірнеше жылда Үндістан, Сингапур, Пәкістан, Малайзия және Гана Ирландияның мысалын басшылыққа ала отырып, заңдарын өзгертті.
Ирландия 1993 жылы өз-өзіне қол жұмсауды қылмыстан шығарды. Суицид Әділет департаментінен денсаулық сақтау департаментінің мәселесіне ауысты. Осылайша, қазір денсаулық мәселесі ретінде қарастырылатын суицидті алдын алу полицияны емес, медициналық және әлеуметтік қызметтерді талап етеді. 2000 жылы Ирландия суицидология қауымдастығы да құрылды. Адамдар өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері туралы көбірек білді. Нәтижесінде, қауіпті фармацевтикалық препараттарға бақылауды күшейту сияқты өлімге әкелетін құралдарға шектеулер енгізілді. Ең бастысы, суицидтен аман қалғандарға, әрекет жасағандарға және өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың отбасылары мен жақындары, достарына мемлекет қолдау көрсетті.
«Өз-өзіне қол жұмсау салдарынан зардап шеккен ирландиялық отбасылар мен жақындары қайғы-қасіретті бастан өткеріп жатқан кезеңде қамқорлық пен қолдау тапты. Бұл – суицид қылмыс болып табылмайтын әлемнің өте маңызды бөлігі. Біз суицидке ұшыраған адамдардың жақындарына қолдау білдіріп, жанашырлықпен түсіністік таныта алатын қоғам құруымыз керек», дейді доктор А.Вудворд.
Сондай-ақ Біріккен Ғаламдық психикалық денсаулық ұйымының негізін қалаушы Сара Клайн әлемде өзін-өзі өлтіру қылмыс болып саналатын елдердің әлі күнге дейін көп екеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай әрекетке мыңдаған фунт стерлинг айыппұл, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Көптеген елде балалар өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені үшін жауапқа тартылуы мүмкін, ал Нигерияда жеті жастан асқан балалар қамауға алынып, сотқа тартылуы мүмкін. 20 елде суицидті шариғат бойынша жазалайды. Шын мәнінде өзін-өзі өлтіруді криминализациялау кері нәтиже береді, ол адамдарға өз өмірлерін қиюға кедергі жасамайды», деді С.Клайн «The Guardian»-ға берген сұхбатында.
Ал қорғаушы Шаймерден Байтуғановтың айтуынша, еліміздегі заңнама тұрғысынан суицид қылмыстық құқық бұзушылыққа жатпайды.
«Адамның өз өмірін қиюға әрекет жасауы немесе осындай әрекетті жүзеге асыруы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Бұл – адамның өз өміріне иелік ету құқығын, яғни өмір сүру ұзақтығын өзі анықтауға құқығы бар деген гуманистік қағидаға негізделген ұстаным. Алайда кейбір жағдайларда басқа адамдардың әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін. Бұл Қылмыстық кодекстің 105-бабында көрсетілген «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы аясында қарастырылады. Яғни егер бір адам басқа біреуге қатысты қорқыту, қатігездік, жүйелі түрде қорлау, ар-намысына тию, психологиялық немесе физикалық қысым көрсету арқылы оның өзіне қол жұмсауына себепкер болса, бұл тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», дейді Ш.Байтуғанов.
Қорғаушының айтуынша, мұнда басты назар себеп-салдарлық байланысты дәлелдеуге аударылады, яғни дәл сол адамның әрекеттері мен жәбірленушінің суицидке баруы арасында нақты байланыс болуы керек. Жай ғана жанжал, келіспеушілік немесе ауыр сөздер жеткіліксіз, заң бойынша қылмыстық жауапкершілік тек жүйелі, деструктивті әсердің нәтижесінде ғана туындайды. Заңгерлік тұрғыдан алғанда, бұл мәселеде жеке адамның еркін таңдау құқығы мен оның өміріне сыртқы әсерден қорғау балансы сақталуы қажет.