Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 34-маусымы өз мәресіне жетті. Театр маусымы дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымымен жабылды. Суретші Қанат Мақсұтов сахналық сұлбасын сызған спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, хормейстері – Амантай Жұмашев.
Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы жазылғаннан бері арада қанша жыл өтсе де, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше уақытпен бірге өзектілігін арттырып, заманмен бірге жанданып келеді. Оның сыры – Мұхтар Әуезов Абай тақырыбы арқылы күллі адамзаттық мәселелерге қалам тартты. Пьеса өмірге келгеннен бері талай мәрте сахна көріп, сонша рет жүректерге жол салды. Мәселен, режиссер Әлімбек Оразбековке дейін де Абай тақырыбына соқпаған сахна суреткері сирек. Әйгілі Асқар Тоқпанов қолтаңбасынан бастап, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ғ.Хайруллина, Ж.Омаров, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, Ә.Оразбековтен бері қарай да тізбектеліп кете береді. Біз тамашалаған спектакльде Аға Абай рөлін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады.
Жалпы, осы маусымда театр көрермен назарына жеті қойылымның премьерасын ұсыныпты. Атап айтқанда, П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы, Т.Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасы, «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы, Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы, Б.Брехттің «Шеңбер» драмасы, Ә.Кекілбаевтың «Күй» драмасы, «Құмқала» ертегісі өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан еді.
Сондай-ақ театр ұжымының бұл маусымдағы шығармашылық жетістіктері де аз болған жоқ. Г.Бюхнердің «Войцек» драмасы Ж.Аймауытұлының 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалінде Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Ал М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы Ақтау қаласында өткен ІІІ халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінде арнайы көрсетіліп, көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедиясындағы Бопай ханым рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Лейло Бекназар «Театр АLL» III халықаралық театр фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» аталымына ие болды. Бұдан бөлек П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің шешімімен «Жыл музыкалық қойылымы» деп танылды. Сондай-ақ халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде сарапшылар шешімі бойынша үздік актер мен актрисалар марапатталды.
Маусымның айтулы жаңалықтарының бірі – «Оқылым» жобасы болғанын да айта кетейік. Бұл жоба жаңа пьесалар мен тың шығармаларды сахнаға шығаруда маңызды рөл атқарып, көрерменнің зор қызығушылығына ие болды. Жоба аясында жеті жаңа туындының оқылымы өтті.
Театрдың Симфониялық оркестрі мен Халық аспаптар ансамблі де көрермен назарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, репертуардағы музыкалық қойылымдарды сүйемелдеу арқылы көркемдік деңгейінің артуына үлес қосты.
Сонымен қатар театр ұжымы гастрольдік сапармен Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларына барды.
Осы маусымда театр репертуары бойынша 165 спектакль сахналанып, жалпы 42 112 көрермен тамашалады.
Келесі маусымда да театр ұжымы көпшілікке жаңа премьералар мен шығармашылық жобаларды ұсынуды жалғастырады.