• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:30

«Ғұмырдария» – өнеге мектебі

130 рет
көрсетілді

Әр адамның тағдыры өмір туралы жазылған роман іспеттес. Әсіресе қоғамда өзіндік орнын, болмысын табу жолында күресіп, үлкен дәрежеге жеткен жандардың басып өткен жолы, өмірі көпшілікке өнеге. Қиырдағы Қарақалпақстанда туып-өсіп, ержетіп, қанат қағып, өмірдің келесі кезеңі атажұртында білімі, ұмтылысы, адамгершілік қасиеттерімен өз орнын тапқан Ерсұлтан Бектұрғановтың «Ғұмырдария» атты мемуар-эссесін оқып, ерекше әсер алдым. Осы кітап туралы бір-екі ауыз пікір білдіруді жөн көрдім.

Біріншіден, мемуар-эссе өзінің шынайылығымен оқырманды тартады. Кейбір шығармаларды, естеліктерді оқысаң, автор өзін шын мәнінде «қаһарман» етіп көрсетеді, оқиғаларды әсірелеп суреттейді. Ал Ерсұлтан Өтеғұлұлы өмірде кездескен оқиғалар туралы объективті пікірін білдірген. Өзінің жетістіктері туралы да, жіберген кемшіліктері туралы да шынайы әңгімелейді. Бұл қасиет шығарманың әсерлілігін арттыра түскен. Кейіпкердің өмірінде кездескен оқиғалардан оқырман өзіне сабақ алады. Автордың балалық шағы туралы естеліктері, студенттік жылдардағы қызықты оқиғалар, оны тағдыр Гүлнар жеңгемізбен кездестіруі, туған-туыстары, ұл-қыздары, немере-шөберелері туралы жүрекжарды сөздері кім-кімге де өнеге болары сөзсіз.

Туындының алғашқы бөлімдері туған жеріне, автордың ата-анасына, туған-туыстарына арналады. Автор кішкентай детальды да назардан тыс қалдырмай, ауылының келбетін, оның дәстүрлері мен адамдарының рухани болмысын асқан құштарлықпен баяндайды. Олардың әрқайсысына автордың сүйіспеншілігі көрініп тұрады.

Өтеғұл мен Перузадан тараған ұрпақ аз емес. Олар − Қарақалпақстанның қасиетті топырағында өсіп-өнген жандар. Автор  олардың әрқайсысына жеке тоқталып, мі­нездеме береді. Бұл дұрыс, өйткені мемуарлық жанрдың қасиеті осыны талап етеді. Ата-анасының арғы ата-бабалары туралы мәліметтер келтіреді. Түркі халықтарында шежіре деген жанр бар. Мәселен, Әбілғазы Баһадүрханның «Түркілер шежіресі», Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы» шығармалары, сондай-ақ әрбір түркі халқының шежірелері (Қазақтар шежіресі, Қарақалпақтар шежіресі және т.б.) сияқты шежірелерден автордың хабардар екені көрініп тұр. Автор кітапқа төмендегідей эпиграф таңдайды:

Әкем менің өркен жайған бір емен,

Анам елдің амандығын тілеген...

Біз ұрпақпыз қанат қағып қияға,

Қасиетті шаңырақтан түлеген.

Автордың туған-туыстары, ауылы, ауыл­дастары туралы жылы пікірлері отбасы, туған ауыл деген қастерлі ұғымдардың мән-мазмұнын одан әрі тереңдете түседі. Ерсұлтан Өтеғұлұлы Қарақалпақстанның ең солтүстігінде орналасқан, Қазақстанмен шектесетін Тақтакөпір ауданында дүниеге келген. Бұл ауданның аумағы соншалықты кең, оған кішігірім Еуропа елдері сыйып кетеді. Бұл елдің шалғайы кең болғандықтан да болар, адамдары да жомарт, бір сөзді, ер мі­незді болып келеді. Ауданда қазақ, қара­қал­пақ бір-бірімен тату өмір сүріп келеді. Олар бір-біріне қыз беріп, қыз алысып құда-құда­ғи болып кеткен. Автор осы жайтты асқан ықы­лас­пен суреттейді. Автордың балалық шағы өткен Мүлік ауылы, Орымбет ауылы деген жер­лер­дің табиғаты, адамдары туралы кеңінен баяндалады.

Балалық шақтың қызықтары «Алла сақта­ды» деген осы шығар...», «Алдырар күні жаздырар», «Бірінші табысым», «Бәкіге қызығып бәлеге қалдым» бөлімдеріндегі оқиғалар қызық­ты да тартымды әңгімеленеді. Төрт жасар ба­ланың ат шабамын деп бір өлімнен қалуы, таң­ертеңнен кешке дейін жүгеріні шым­шық­тан қорыған баланың еңбекақысына дән беруі − бұлардың барлығы кішкентай бала­ның басынан өткен қызықты оқиғалар. Бұл қы­зықты оқиғалар бүгінгі жас ұрпаққа өмір­ден сабақ та бола алады. Халқымызда «Болар бала бес жасынан белгілі» деген сөз бар. Жас Ерсұлтанның кішкентай кезінен-ақ ал­дына үлкен мақсат қойғанын байқауға болады. Кітап кейіпкерінің мектептегі, студенттік ша­ғы да есте қаларлықтай қызықты сәттер арқы­лы суреттелген. Ерсұлтанның мектептегі ұстаз­дары­на, Нөкіс автомобиль жолдары техни­кумы­на арналған өлеңдері де шынайы әсер қалдырады.

Екіншіден, мемуар-эссенің композициясы өте ұтымды. Рас, автор жазушы немесе журналист емес, ол мүлде басқа мамандықтың иесі. Дегенмен ол шығарманы оқырмандарға тартымды етіп жеткізудің жолын таба білген. Өмірдің әрбір кезеңін, кездескен оқиғаларды ұсақ тақырыптарға бөліп орналастырған. Кітап 7 бөлімге, 56 тақырыпқа бөлінген. Әр тақырыпта кейіпкердің өмірінде кездес­кен кішкентай оқиға сөз болады. Оқиғалар бірінен соң бірі жалғасып, оқушыны өмір атты үлкен мұхитта жүзіп жүргендей күйге бөлейді. Шынында да, бұл композициялық әдіс мемуарлық шығар­ма­ларға өте қолайлы.

«Одессадағы тәжірибе» тақырыбында студенттік жылдары тәжірибені Одесса қаласында өткергені баяндалады. Ерсұлтан Мәскеу әуежайына кешігіп келсе, ұшаққа отырғызу аяқталып қал­ған. Ұша алмай қалса, қалтасында ақ­шасы жоқ екенін айтқаннан кейін сол жер­де жұмыс істейтін әйелдер оны ұшаққа тір­кемей-ақ отырғызып жібереді. Автор бейтаныс әйелдердің қамқорлығын үлкен ри­зашылық сезімімен суреттейді. Демек адамгершілік деген қасиет ұлтқа, дінге немесе қай елде тұратыныңа қарамайды екен. Ал «Өмір қосқан жұбайым» бөлімінде өмірлік серігі Гүлнар жеңгеймен танысуы, оған үйленемін дегенге дейінгі қиындық, бір-бірін жақсы көрген екі жастың қандай қарсылық болса да өмірдің ендігі жағында бірге болуға шешім қабылдауы эмоционалды түрде суреттеледі.

Өмір әрқашан оңай бола бермейді. Өмір дегеніміз − күрес деген сөз. Кітапты оқи отырып, Ерсұлтан Өтеғұлұлының өмірі де үнемі күреспен өткенін көреміз. Студенттік жылдардан кейін тұңғыш жұмыс орны, алғашқы айлық, отбасының баспаналы болуына деген ұмтылысы − бұлар кітап авторының басынан кешкен оқиғалары арқылы қызықты әрі мазмұнды етіп жеткізіледі.

Үшіншіден, шығарманың тілі туралы ерекше тоқталуға тура келеді. Ол қазіргі қазақ тіліндегі атауларға арналған нұсқаулық іспетті. Орыс тілі арқылы енген сөздерді қазақшалаған, олар қазіргі қазақ тіліне үйлесім тауып кеткен. Өзім филолог болсам да, техникалық бағытта жоғары білімі бар Ерсұлтан ағамыздың тіл саласындағы білімі мен интуициясына тәнті болдым. Бұл атауларды қарақалпақ тіліне де енгізуге болады екен деген ойға келдім.

Жалпы алғанда, Ерсұлтан Бектұрғановтың «Ғұмырдария» атты мемуар-эссесі туралы ма­қаланы жазуыма кітаптың шынында да өмір өзенінің адамдарға қызмет ететін өнеге бол­ғанын көргенім болып отыр. Себебі бұл мемуар-эссе әр адамның өмірде алдына мақсат қойып, оған жету жолында қалай ұмтылу, еңбек ету керектігінен сабақ берері сөзсіз.

 

Қуанышбай Оразымбетов,

Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

 

Қарақалпақстан Республикасы,

Нөкіс қаласы