Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов аққан жұлдыздай тым келте ғұмырында жақсы адамдармен дос болып, олармен арадағы жылы қарым-қатынасты адамзат игілігіне қызмет ету үшін пайдаланған. Орыс достары жас Шоқанды жанының тазалығы, адалдығы үшін қатты құрметтеген. Айталық, П.Семенов-Тян-Шанский Шоқанның білім-ғылымға деген құштарлығына сүйсініп, былай деп жазады: «...Дамып келе жатқан жергілікті қайраткерлердің арасындағы білімге құштар Г.Потанин, Ш.Уәлиханов тәрізді ең бір таза жанды, дарындылардың өздері жоғары білімді Петербургте алуға ұмтылатын еді».
Талантты жандар таныстығының мызғымас достыққа ұласатынына кәрі тарих куә. Шоқанды шын ниетімен жақсы көріп, оның рухани тұрғыдан жетіліп, шығармашылық қабілетінің ұшталуына, дұрыс жол таңдауына достарының, оның ішінде орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің ықпалы зор болғанын өзара жазысқан хаттарынан аңғару қиын емес. Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевский алғаш рет 1854 жылы Омбыда, Ивановтар үйінде танысады. Ол кезде Шоқан 19-да, Федор Михайлович 33 жаста болатын. 1856 жылы олардың достығы бекіп, кештерді бірге өткізіп жүрді.
Шынайы достық ұлт таңдамайды, жасқа қарамайды. Осы орайда ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин мен Н.Ильминскийдің арасындағы жылы қарым-қатынас тілге оралады. Әжептәуір жас айырмашылығына қарамастан (Ы.Алтынсариннің туған жылы – 1841, ал Н.Ильминский 1822 жылы дүниеге келген; Ф.Достоевский 1821 жылы дүние есігін ашса, Ш.Уәлихановтың туған жылы – 1835 жыл), ұлы тұлғалар бірін-бірі жан-тәнімен жақсы көріп, біршама уақыт алыстап кетсе, сағынышпен қауышып, достыққа берік екендігін білдіріп отырған.
Ш.Уәлихановтың замандасы А.Врангель «Ф.Достоевскийдің досы – Уәлиханов» атты естелігінде былай деп жазады: «... Соңғы күндерде келген кісілердің ішінде Достоевскийді көріп кетуге жолшыбай кіріп шыққан жап-жас, өте сүйкімді офицер – қырғыз, Омбы кадет корпусының тәрбиеленушісі, Орта Орданың соңғы ханының немересі Мұхаммед-Ханафия Уәлиханов есімде қалды. Ол Достоевскиймен Омбыда Ивановтардың үйінде танысып, онымен қатты сыйласып, жақсы көріп кеткен. Уәлиханов аса тәрбиелі, ақылды әрі білімді адам сияқты көрінді. Кейіннен мен оны Петерборда және Парижде көрдім».
Семейге жер аударылып, өмірінің бес жылын осы қалада өткізген Ф.Достоевский қазақтармен жақын араласып, олардың салт-дәстүрімен, өзіндік ерекшеліктерімен танысады. Ұлы адамдарға пана болған Семей туралы академик Ә.Марғұланның: «Семей – ұлы адамдардан жолы болған қала. Оның тарихында дүниеге жүз жылда бір-ақ рет қана келетін Достоевский мен Уәлиханов сынды дара тұлғалардың есімдері қалды» деп, жазғаны бар. Осы орайда екеуінің достығының айғағындай сақталған фотосурет аса құнды жәдігер ретінде көпшілікке мәлім екенін айта кетелік. Бұл турасында филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Әділғазы Қайырбеков былай деп жазады: «С.Мұқановтың жеке мұрағатында Ф.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың қатар отырып түскен бір фотосуреті (көшірмесі) сақталған.Оның сыртында «Ф.Достоевкий и Чокан Валиханов (1858 г., г.Семипалатинск) деп жазылған. Бірін-бірі сағынып, көргісі, пікірлескісі келіп жүретін жандар шарқ ұрып, қайта жүздесудің амалын іздейді. Бұған Шоқанның мына бір сөздері айғақ: «Семейде сізбен өткізген аз ғана күн маған ұнағаны сонша, енді, міне, сізбен тағы жүздесуді ойлап жүрмін» (1856.05.12. Омбыдан жазған хатынан). Ер азаматтардың бірін-бірі қатты ұнатып, тіпті «ғашық» болуы таңғалдырады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін, Ф.Достоевскийдің хатынан мына бір үзікті келтірейік: «Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен еш қысылып-қымтырылмай-ақ сізге ғашық болып қалғанымды жасырмай айтамын. Мен ешқашан ешкімді, тіпті туған бауырымды да сізге құштар болғандай жақсы көрмеппін. Әрине, сіз менің сезімімнің шынайылығына дәлелсіз-ақ сенесіз, қымбатты менің Уәлихановым». Шын көңілден шығып, жүректі елжіретер осынау шынайы сөздерге тәнті боласыз.
Әу бастағы таныстықтың мағыналы рухани жақындыққа ұласып, биік мақсатқа жетелейтінін қос ұлы тұлғаның өнегесі айғақтайды. Федор Михайлович Шоқан досының еуропаша білім алған бірінші қазақ екенін, оның үстіне тағдыр оны тамаша адам етіп жаратқанын алға тартып, аз ойланып, аз толғанып, алға ұмтыла беруіне, іске батыл кірісуіне кеңес береді. Түсінікті болуы үшін, Ф.Достоевский хатының мына бір бөлігін келтірейік: « ...Сіз өз қызметіңіз туралы және басқа жағдайларда не істеу керектігін сұрайсыз. Жұмыспен айналысуды тоқтатпаңыз. Сіздің қолыңызда материалдар көп: қазақ даласы жайында мақала жазыңыз. Сахараның тұрмысы туралы жазсаңыз, тіпті жақсы болар еді. Бұл жұрттың бәрін қызықтыратын жақсы жаңалық болар еді. Мысалы, Ресейде сахара дегеннің не екенін, оның маңызын және өз халқыңыз туралы жерлестеріңіздің арасында алғашқылардың бірі болып айтып жеткізу, бұған қоса өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқыңның жоғын жоқтаушысы болу қасиетті іс, ұлы мақсат емес пе? Менің ойымша, істеп жүрген жұмыстарыңызды тастай көрмеңіз». Хат соңын «Қош болыңыз, сүйіктім, өзіңізді құшақтап, он қайтара сүюге мұрсат етіңіз» деген сөздермен аяқтайды.
Осындайда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қазақ даналығы тілге оралады. Бір мүшелден астам жасқа үлкендігі бар Федор Михайлович жас жігіттің бойындағы дара қабілет, дарынды танып, оның дамып-жетілуіне жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің шапағатына бөленген, әрі бойындағы дүлей дарыны дамыл тапқызбаған Шоқан өз бетінше көп оқып, ізденуден, білімін жетілдіруден, тың дерек жинастырудан жалықпады. Айталық, 1862 жылы 14 қаңтарда ол Ф.Достоевскийге: «...Бір немесе екі жылдан соң Петербургке баратын боламыз. Жаңа кітаптармен, жаңа идеялармен қорланып алып, қайтадан ордаға, қырғыздарға оралар едік...Оқитын еш нәрсе жоқ. Сізге өтінішім, кейін есептесерміз, «Времяны» жіберіңіз, егер қаражатың жетсе, маған арнап «Современникті» жаздырып жіберіңіз», деп жазады.
«Қазақ даласы жайында жазыңыз...» деп кеңес берген досы Федор Михайловичтің кеңесін жүрек түкпірінде ұялатқан Шоқан Уәлихановтың құнды еңбектері авторды көпшілікке әйгіледі. Даланың дара дарыны өзінің тынымсыз ізденісі, қарымды қарекетінің арқасында туған елі, адамзат игілігі үшін өшпес мұра қалдырды. Қазақтардың шығу тегін зерттеп, зерделеген ғалымның «Қырғыз шежіресі», «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыздары», «Абылай», т.б. еңбектері дүниеге келді. Сол кезеңнің өзінде Шоқан жазбаларына шетелдік ғалымдар назар аудара бастады. Бұған академик Ә.Бейсенованың «Орталық Азияны, Қазақстанды және Шығыс Түркістанды зерттеуші ретіндегі Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбегін әлемдік ғылым бірауыздан мойындады» деген тұжырымы айқын дәлел.
Тарих ғылымдарының докторы, тұлғатанушы Көшім Есмағамбетовтің «Қазақ халқының этногенезі, атақонысы, жер-суының ежелгі атаулары туралы Шоқан еңбектері болашақ ұрпақ үшін тәуелсіз Қазақстанның территориялық, этностық тұтастығын сақтап қалу жолындағы аса маңызды тарихи құжат болып табылады» деп бағалауында терең мән жатыр. Қазақ даласында дүние есігін ашып, жақсы жандар шапағатына бөленіп, өшпес мұра қалдырған Шоқан Уәлихановтың сол Ұлы дала елінде мәңгі жасай бермегі айдай анық.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Білім беру саласының үздігі