• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 08:20

Бөтен бетті иемденген «жаңа бейне»

70 рет
көрсетілді

«Бет көрсе, жүз ұялады» дейміз. Алақандай сол бетіңді мың өзгертіп, жүректей жүзіңді жүз құбылтсаң, шын кескін-келбетің қайда қалмақ? Айналаға жақсы аттанып, бергі жағыңнан әділетсүйгіш, шыншыл, отаншыл, пат­риот,­ жүзіңнің арғы қатпарында қарақан басыңның күйін күйт­тегіш біреу тұрса ше? Осы бір жалқының қалпы жалпы қоғамдық мінезге айналса не болмақ?

Жапон жазушысы Кобо Абэнің «Бөтен бет» романын оқып отырғанда мені осы текті сұ­рақ­тар мазалады. Неге екенін қай­дам, жас қаламгер Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» атты әңгімесі де санамнан саңылау тауып, қиыспас жерден қиыса кеткені. Әлем классик деп таныған кең құлашты Кобо мен өзіміздің шынашақтай Есболдың ойларының арасында көп сезе қоймаған үндестік бар секілді. Ол үндестік туынды тақырыбындағы «бет» деген ортақ сөзге байланып тұр деп қателесуге де болмайды.

Кобо Абэнің «Бөтен бет» романының бүкіл мазмұнын бірер сөзбен айтып тауысу әсте мүм­кін емес. Қысқаша айтсақ, ғалым кейіпкердің беті күйіп, ел алдына шыға алмай қалады. Қор­шаған орта теріс айналған. Та­ныс­тың бәрі – алыс. Өзіне мәлім баяғы кеңістік – жат... Осы бір ты­ғы­рықтан шығу үшін кейіп­кер теңдесі жоқ бетперде жасап шы­ғады.

Қасіреттісі сол, ол маска күй­ген бетті қалпына келтіруге емес, бөтен біреуге айналуға деген талпыныстан туады. Бұл талпыныс ішкі моральдық құн­ды­лықтардан аттап өтіп, өз әйелін басқа пенде болып арбау­ға ұла­сады. Шиеленісті шығар­ма осылай шиыршық атып, ақы­рын­да кейіпкердің психо­ло­гия­лық эгоизмі бәрін жеңеді. Бет бол­маған соң, тұл­ға­лық болмыс та жоқ екенін, бұл айна­ла­сын­дағылардың бәрін құр­­бан­дық­қа шалуға бейім пен­де­лерді туғы­за­тынын кейіпкердің ішкі арпалысы арқылы жазбай танисыз.

Кобо Абэнің осы романын оқығаннан кейін айнаға қарадым. Одан өзімді емес, бөтен бейне, бөгде болмыс көргендей болдым. Өз кескін-келбетіміз бен болмыс-бітімімізден жеріп, заманға бейім жаңа адамға айналыппыз. Айнаның арғы жағында тұрған адам уақыттың жалына жармасам деп өзгерген. Ол бұрынғы «менге» мүлдем ұқсамайды. Төбеден төпелеген ақпараттар, жан-жақтан кеулеген қоғамдық ой, замана сіңірген түсінік, көптің ырқына күйлеген көзқарас мені, осы жолдарды оқып отырған сізді де басқа адам еткен. Рас, көне сүрлеумен кібіртіктегеннен гөрі жаңа адам болған жақсы да шығар! Бірақ сол жаңа адамдардың бәрі тауықтың жұмыртқасындай ұқсас, я «беттері табақтай, танаулары таңқы» бірдей болып кетсе ше? Яки өз шынайы жүзімізден біржола айырылып, әрқайсысымыз бір-бір бетпердені бетімізге жапсырып өмір сүріп жүрген жоқпыз ба?

Шығарманың мәтін астын­дағы астарлы ойын қалай тәпсірлейін десең де, иі соған көне кетеді. Мәселен, қазіргі қазақ қоғамы да тұлғалық дағ­дарысты басынан кешіп жатыр. Қайда барсаңыз да, әртүрлі әлем-жәлем бетпердені киген, өзіндік кескін-келбетін мейлінше жасырған жұмыр басты пенделерді көреміз. Бірі – әлеуметтік желідегі аттаншыл белсенді, екіншісі – күннің көзі қайдан шықса, көзін сонда сатқан күнбағыс, үшіншісі – онлайн әлемнің қайтпас қаһарманы, төртіншісі көптің көңілінде ғана мейірімді әйел образын сомдап жүр... Олардың сипатын бесіншісі, алтыншысы деп жалғай беруге де болады. Бірақ маған біздің кейінгі он жылдықта пайда болған «бөтен беттер» Кобо Абэнің кейіпкерінен гөрі қауіптірек көрінеді... Қолында билігі барға бір беті жылмыңдап, екіншісі халықшыл бола қоюға шебер біздің «жаңа адамдардың» жүзі шынында күрделі әрі қауіпті емес пе?

Жапон жазушысының кейіпкері маска кигенде басқа адамға айналып, өзгеше еркін­дікті сезді. Бұрынғыдан батыл, шешім қабылдауға бейім тұлғаға айналғандай көрінді. Осы жасанды еркіндіктен мән іздеп, «жаңа болмыс» таппақ болды. Бірақ маска шынайы болмыстан алыс­тап, әртістей рөл сомдауға ғана қабілетті болып қалды.

Ал бізде ше? Бұл сұраққа Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» әңгімесіндегі «езуінде болмашы қан дағы бар» бірдей адамдар жауап бере­тіндей. Шығармадағы бала да, шаға да, жасы мен кәрісі де табақ бет, таңқы танау – сары шал. Қоғамдағы тұлғалық сипат жоғалып, адамдардың бәрі бірдей болып кеткен.

Мемлекеттік һәм ұлттық дең­гейдегі ұраншыл ойды былай қойып, күйбең тіршілік­тегі жігіттердің қыздарға деген қарым-қатынасының бірдей­лігі, әйелдердің ерлерге деген көз­қарасында айырма жоқтығы, тіпті сұлулыққа да өзгелердің дүрбісімен қарап сезінетініміз, тіпті бір-бірімізбен пікір таласа қалсақ та, өзіміздің емес, өзгенің сөзін айтатынымыз, сөйте тұра осы бір санадағы бұғауды бұзуға ерік-жігеріміздің жетпейтіні шынында үрейлі емес пе? Бұзғанның өзінде арғы жағынан тағы да «табақ бет, таңқы танауындағы» әжім бет сары шалдың шыға келетіні анық емес пе?

Кобо Абэнің кейіпкері ғайып­тан беті күйіп, лажсыздан өзіне-өзі маска жасады. Ал біздің «та­бақ бет, таңқы танауымыз» ұлт­тың ырқынан тыс жүзімізге жапсырылып қалған жоқ па, осы?