• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 09:15

Жыраулар есімі бедерленген ескерткіш

40 рет
көрсетілді

Елорданың оң қанатындағы Күйшілер аллеясы барын біреулер білсе, біреулер білмес. Мұндай қызғылықты жерді қасиетті тұғырға айналдыруға күш салып жүрген осындағы «Күй анасы» қоғамдық қоры, жергілікті биліктің қолдауымен, әрине. Бұл Күйшілер аллеясының маңдай алдындағы Дина күйші ескерткішінің қапталында дәл Ұлттық домбыра мерекесі мен Астана күні қазақ жыраулары мен жыршыларының есімі қашалған ескерткіш ашылуының куәсі болдық.

Қазақ тарихындағы жырау мен жыршының есебіне жету қиын шығар. Дегенмен мұнда даңқы жер жарған, соңында өшпес сөз қалған даңғайыр­ла­ры­ның есімі мен өмір сүрген уақыты таңбаланыпты.

Тоныкөк, Қорқыт, Кетбұға, Сыпыра, Қазтуғаннан қа­йыр­ған­да, осы заманға дейінгі 110 жырау есімі аталыпты. Үлкен мәрмәр тасты келістіре қалқайтып, «Ғасыр­­­лар үні: жыраулар мен жыршылар» деген айдар астына аты-жөнін тізбелепті. Арасында атаусыз қалыңқырап жүрген Нысанбай жырау есімі барына қуандық. Бұған дейін дәл осы тұсқа тура осындай көлемде күйші-композиторлардың есімі мен өмір сүрген уақыты көр­се­ті­ліп қашалған мәрмәр тас орнатылыпты. Қасына жыраулар мен жыршылар тұрғызылғалы Күйшілер аллеясының салмағы тіптен артқандай. Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөзді Премьер-министр­­­дің кеңесшісі Ералы Тоғжанов сөйледі.

«Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің рухын көтеретін осындай іс-шараларды өт­кі­зе­тін мүмкіндігіміз бар. Қай елге бар­сақ та, бізді қорғап-қолпаш­­­тай­тын жалғыз Отан – Қа­зақстан. Қазақстанның төлқұжаты қал­та­ңызда болса, сол сіздің қал­қаны­ңыз. Сон­дықтан Домбыра күнімен қатар келген азат­тық­тың белгісі Астана күні де құтты болсын!

Шығыс Қазақстаннан біздің эрамызға дейінгі 5 мың жыл бұрынғы домбыра табылды. Домбыра – жай ғана аспап емес, біздің ұлы тарихымыз. Бұл алаң елге, ұрпаққа керек. Халықтың руханияты мен танымына қызмет ететін дүние деп ойлаймын. VI ғасырдағы Күлтегіннен басталып, Қалам­қас Орашева апамыздан аяқта­лып­ты. Осындағы Алмас Алматов ағалар біліп отыр. Қа­зақ тарихында 400-ге жуық жырау­лар мен жыршылар бар екен. Соның арасынан таңдап 110-ын алған екен. Мұның бәрі елдің тарихы мен рухы, атса­лыс­қан азаматтарға алғыс айта­мыз», деді Премьер-министр кеңесшісі.

«Батырлар жыры мен дастандарды ақыл, жад, ес, зерде көзімен ұрпақтан ұрпаққа беріп, аталар бойындағы тек­­­­ті­лікті бүгінге жеткізген даң­­­­­­­ғайыр жыраулар есімін тасқа қашап жазу – халық пен ұлт рухының жаңғыруы. Болашаққа деген саналы қадам, ұлттық рухтың салтанат құруы секілді. Жыраулар мұрасы – тарихтың тірі жәдігері. Мыңжылдық тарихты, алдағы жүзжылдықтың философиялық пайымдарын бойына тұтқан мұралар мәңгі жасай бермекші», деді К.Байсейтова атындағы Ұлттық өнер университетінің профессоры, жыршы Алмас Алматов.

Мұндай игілікті дүниені қолға алып, бастау бар да, оны жүзеге асыру жағын жөнге кел­­тіру де бар. Осы орайда Аста­на­дағы Алматы ауданы­ның әкімі Рүстем Тәуекеловтің еңбегін атап өтті іс басын­дағы­лар. Аудан әкімі көпшілікті Домбыра күнімен құттықтап, ұлт­тық мәдениет­тің өркендеуіне үлес қосушы бірқатар азаматқа Алғысхат табыстады. «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев мерекелік іс-шара барысында қор­дың дәстүрлі жоралғысын да ұмытпады. «Күй анасы» қоры ашыл­ғалы бері осымен 244-ші жас талапқа домбыра табыстады. Бұл жолғы сый Күйшілер аллея­сын абаттандырушылар бас­шысы Амантай Керімовтің қызы Аяулым Амантайқызына ұсы­нылды.

Алқалаған әлеуметке Алмас Алматов жырдан шашу шашып, мейір қандырғандай қылды. Бірін айтып тоқтағанда, екін­ші мәрте қолқалады халайық. Көрұғлы жырынан Раушан­бек қызылбастың қолынан құтылып Үргенішті бетке алған кезінен үзінді толғады. Күйші Тұрар Әліпбаев күй шалды. Белгілі жыршы, Мәдениет қайраткері Амандық Көмеков отарлаушылардың оғынан өлген Елубай Қосымбаевтың топқа түскенде айтатын толғауын айтты. Халық арасынан жасы сексен бесті алқымдаған домбырашы Балқаш Нақанұлы шығып, «Кербез керік» күйін тартып, халық жылы қабылдады. Жап-жас талап домбырашы Нұртөре Қажы­мұраттың өнердегі қада­мы­на ақ жол тілеп тарасты мерекеге жиылған ел.