• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 09:10

Ақтамберді ұлықтауға лайықты

40 рет
көрсетілді

Биыл қазақтың көне жыраулық мектебінің аса көрнекті өкілі, жорық жыршысы, қол бастаған әскербасы Ақтамберді жы­рау Сарыұлының туғанына 350 жыл толды. Айтулы да­та­ға орай даңғайыр жырауды қайыра бір еске алғымыз ке­леді...

«Күлдір-күлдір кісінетіп...»

Әрине, Америка ашу ойымызда жоқ. Өйткені Ақтамберді Сарыұлы – бұған дейін баспасөз беттерінде көп жазылып, талай әдеби зерттеуге тақырып болған тұлға. Әрісі әйгілі тарихшы Құрбанғали Қалидиді айтпағанда, өткен ғасырдың 70-80 жылдары алғашқылардың бірі болып жазушы Мұхтар Мағауин жыраудың бүгінге жеткен жырларын әдеби айналымға енгізіп, жыраулық поэзияның жауһары, поэтикалық қуаты аса биік, құнды өнер табысы екенін  зерделеп жазды. Сонымен бірге жазушы Қабдеш Жұмаділов те өз шығармаларына арқау еткенін білеміз. Бұған қоса, жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп...» деген жыры көпшілікке кең тарады. Еркіндік пен ерліктің ұранына айналған әйгілі жырға этнограф-ғалым Ақселеу Сей­дімбек Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйінің сарынын үйлестіріп, исі қазаққа аты мәшһүр әнші Жәнібек Кәрменовке ұсынады. Бұл қазақтың дәстүрлі клас­сикалық музыка өнеріне әрі талай әншінің ән қоржынына азық болды. Айталық, Бекболат Тілеухан, Ерлан Рысқали, Дәурен Әркенов, Жасұлан Тәжиев, т.б. Сол арқылы да жыраудың атағы елге кең жайылып, аты ұрпақ санасында қайта жаңғырды.

Әйткенмен... Біздің студент кезімізде болса керек, сол кездегі атқа мінген бірер ағалардың аяғы әлі үзеңгіден түсе бермеген шағында Қаратауда туған әйгілі Ақтамберді жырау­дың шежіресі тарқатылып, ол біраз дүрдараздық тудыр­ғаны бар. Жақсыны өзіне тартқаны ма, әлде тарихтың өзін тізеге басқаны ма, әйтеуір осы жөнінде біраз шұбар әңгіменің шыққаны рас. Осы екі арада «бабаның басын мен таптым, жоқ, сен таппадың, мен таптым» деген де дау-дамай дамыл көрмей, басылым беттерінде басылып жатты. Бір дөкейлерге ата, бір көкелерге атақ керек болды-ау... Содан да жыраудың аты көп шықты. Бірақ бүгінде сол ағаларымыздың қатары сетінеп те кетті. Сондықтан мен ол әңгімелердің қай-қайсысына да тоқталуды жөн санамадым. Бірақ кейінгі жылдарда мәлім болған бірер жайтты айта кетуіміз керек. Мәселен, Ақтамберді жыраудың ұрпақтары туралы.

 

Жыраудың үрім-бұтағы

Ақтамберді Сарыұлы (1675–1768) Орта жүз Найманнан тарайтын Сыбан қауымынан шыққаны белгілі. Аягөздік Берікхан Тайжігіттің айтуынша, бүгінде жыраудың ұрпақтары осы өңірде өмір сүріп жатыр.

«Ақтамберді Сарыұлының тікелей ұрпағы Мұхаметқали Ақынтаевтан бүгінде Марат, Жанатбек атты екі ұл, Бәдигүл, Нұргүл, Ләззат, Гүлзира атты төрт қыз қалған. 1944 жылы туған Марат Ақынтаев Таскескен ауы­­лында тұрады да, 1962 жыл­ғы Жанатбек Үржар ауылында. Қабыланнан тараған Қайрат, Бораш Сепбосыновтар да үлкен қызметкерлер. Ал Бойтанның ұрпақтары Қуандық, Ерлан Ожаровтар бабалары жайында шежіре жинақтап жүрген көрінеді. Көкірек көзі ояу Жанатбек үлкендердің аузынан естігеннің барлығын жадына түйе берген», дейді ол.

Ал Берікхан Тайжігіт айтып отырған жыраудың ұрпағы Жанатбек былай деп естелік қалдырыпты: «Жеті жасында жетім қалған ол нағашылары Бердіке батыр­дың қолында тәрбиеленіпті. Әкелеріміз айтып отырушы еді, Ақтамберді бабамыз екі әйел алған адам көрінеді. Біріншісінен Қабылан, Жолбарыс, Еділ, Бойтан, Жамбай атты бес ұл туса, екіншісінен Арық, Көлен, Бабай, Аян есімді төрт ұл дүниеге келеді. Осылардың барлығының ұрпақтары бүгінде Алматы, Таскескен, Аягөз, Шыңқожа, Ай, Алтыншоқы ауылдарында тұрады. Бүкіл өмірін ат үстінде елін жаудан қорғаумен өткізген Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Қаратау маңында дүниеге келіп, 1768 жылы Семей өңіріндегі Шыңғыстау бөктеріндегі Жүрек­­жо­та деген жерде қайтыс болды».

Осы жерде «Сепбосыновтар» деген сөз айтылып қалды. Мәсе­­лен, ҚазКСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының І томына Ақтамберді жыраудың жыр­лары енгені белгілі. Кітап соңындағы түсініктерге назар аудар­­сақ, батырдың бірнеше өлең­­ін құрастырушыға тап­сыр­ған Аягөз ауданы Таскескен ауы­лының тұрғыны, Ақтамберді батырдың ұрпағы Сейсен Сепбосынов екені жазылған. Со­­ны­мен бірге осыдан он жыл бұрын Ақтамберді Сарыұлының кіреу­кесін облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыс­тап және оның батырға тән жәдігер екенін дәлел­­деп бергенін әріптес ағамыз Думан Анаш жазғанын айта кет­ке­німіз жөн.

 

Семейден бір көше бұйырса...

Бүгінде Ақтамберді батыр­дың атына Астананың іргесіндегі Қараөткел ауылында, Алматы қаласы мен Алматы облысында, Аягөз қаласында көше берілген. 2022 жылы Тараз қаласындағы «XXIII-партсъезд» көшесі Ақтам­берді жырау көшесіне ауыс­ты. Алайда «Айран сұрап, ше­легін жасырмас болар». Айт­сақ: қалай алып қарасақ та, Ақ­тамберді жыраудың Абай елінде орны бөлек. Абадан ба­баның асыл сүйегі жатқан, ұрпағы өрбіген жер де осы – Абай өңірі. Бүгінде облыс орталығында Ақтамберді жы­рау­дың көшесі жоқтығы қынжылтатыны рас. Тіпті бұл мәселе бұған дейін де талай ай­тылды. Ономастикалық комис­сия­ның оң қабағы түспей келе ме, түсініксіз. Есесіне әрісі ақ пат­шадан, берісі қызыл жендет­ коммунистерден қалған, бүгінгі мемлекеттік идеологияға жанаспайтын көше атаулары әлі­ де толып жатыр. Соның бірін­ ығыстыруға Ақтамберді жы­рау­дың ығы жоқ па, әлде бүгінгі ұр­пақтың ыждағаты жоқ па, мүм­кін бұған жауапты мекеме басшылары құлықсыз ба, жұмбақ...

 

Абай облысы