1 шілдеден бастап елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот жұмысын бастады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жоғары Сот кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов мәлімдеді.
Бұған дейін Жоғарғы Сот заңды күшіне енген шешімдерді қайта қарайтын негізгі инстанция саналатын. Енді ол міндетті кассациялық соттар атқарады. Кассациялық сот заңды күшіне енген сот актілеріне қатысты істерді қайта қарап, шешім шығарады. Ал Жоғары Сот ерекше жағдайларда ғана Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас прокурордың қарсылығы бойынша істерді өндіріске алады.
– Бұл – Қазақстанның сот жүйесін дамытудың тиімді қадамы. Уақыт талабына сай Жоғарғы соттың жүктемесін азайтып, басты назарды ел азаматтарының құқықтық мәселелеріне аударуымыз керек. Сол арқылы азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттырамыз. Істерді қайта қараудың қосымша инстанциясын енгізу азаматтардың құқық қорғауға қатысты проблемаларын жеңілдетіп, сот шешімдерінің сапасын арттырады және заңдылықты бақылау әлдеқайда нақты болады, – деді спикер.
Спикер кассациялық соттардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу конкурс негізінде, HR-бағалаудың құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
2025 жылдың 22 қаңтарында Жоғары Сот кеңесі кассациялық соттарға 87 бос судьялық лауазымға конкурс жариялап, азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа – 39, қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотқа – 29, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотқа 19 судья тағайындалған.
– Кассациялық соттардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кеңеспен ақылдаса отырып, конкурс негізінде HR-бағалаудың кең спектрін қолдану арқылы жүзеге асырылды. Іріктеу барысында практикалық тәжірибе, судьялық еңбек өтілі, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, қаралған істердің күрделілік деңгейі, мінсіз бедел, судьялық этика талаптарын сақтау, әңгімелесудің нәтижелері, Жоғарғы соттың пленарлық отырысының және судьялар қауымдастығы органдарының қорытындылары, кандидаттарды бағалаудың көп сатылы және кезеңдік жүйесінде қарастырылған басқа да критерийлер ескерілді, – деді Е.Айтжанов.
Сонымен қатар кандидаттар таңдау кезінде жұртшылық пен заңгерлік қауымдастық өкілдерінің пікірлері, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар да назарға алынған.
Жоғары Сот кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов конкурсқа қатысу үшін барлығы 334 үміткерден құжаттар келіп түскенін, оның ішінде біліктілік талаптарына сәйкес келген 170 үміткер конкурсқа жіберілгенін, іріктеу нәтижесінде 75 үміткер таңдалып алынғанын тілге тиек етті. Бос лауазымдарға тағайындалған соттардың 49-ы, яғни 65 пайызы – әйелдер және 26-ы, яғни 35 пайызы – ерлер.
– Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен үміткерлер қатысты. Бұл қадам кассациялық соттар құрамында жан-жақты өңірлік өкілдікті қамтамасыз етеді. Ұсынылған судьялардың орташа жасы – 52 жас, орташа судьялық өтілі – 20 жыл, оның ішінде апелляциялық инстанцияда – 10 жыл. Жаңа кассациялық соттарға жүргізілген мұқият әрі ашық іріктеу аясында бірінші және апелляциялық инстанциялардағы үлкен жұмыс тәжірибесі бар ең тәжірибелі судьялар ұсынылды, – деді спикер.
Жоғары Сот кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова Жоғары Сот Кеңесі кассациялық соттарға кандидаттарды іріктеумен қатар басқа да судьяларды іріктеу және олардың мансаптық өсуін жетілдіруге бағытталған жұмыстармен таныстырды. Спикердің айтуынша, судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыру жиілігі артқан. Бұрын судьялар жылына 4 реттен біліктілік емтиханын тапсырса, енді сынақ саны 12-ге дейін көбейген. Біліктілік емтиханын тапсыру мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқарып, психологиялық тестілеу өткізу жиілігі жылына 3 реттен 10 ретке дейін ұлғайған.
– Алғаш рет судья лауазымын иеленетін үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтілді. Құқық қорғау және арнайы органдардың деректер базалары арқылы қосымша тексерулер енгізілді. Бұл үміткерлердің қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру, есірткі чаттар, радикалды ағымдар, заңсыз құмар ойындар, цифрлық активтер айналымы және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге қатыстылығын анықтауға мүмкіндік береді, – деді С.Жүніспекова.
Жоғары Сот кеңесінің мәліметіне қарағанда, 2025 жылдың 6 айында Біліктілік комиссиясының 18 отырысы өтіп, 125 кандидат сынақтарды сәтті тапсырған. Былтыр 73 кандидат іріктеуден өтіп, бос лауазымдарға тағайындалған еді.
С.Жүніспекова судьялық лауазымдарға үміткер қабылдау конкурстары жылына екі реттен артық өтпегендіктен, 2-3 жыл бойы еліміздегі 300-350-ге жуық судьялық лауазым бос тұрғанын, бұл жағдай қазіргі судьялардың жүктемесінің шамадан тыс арттырып, мамандардың зейнет жасына жетпей отставкаға кетуіне әсер ететінін жеткізді.
– Бұл проблеманы шешу үшін енді жылына 6 конкурс өткізілетін болды. Бір конкурсты өткізу мерзімі 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды, конкурстық процесс толығымен қайта форматталды. Яғни субъективизм алынып тасталды. Енді айқын, ашық және объективті өлшемдерге баса назар аударылды. Кандидаттарды бағалау кезінде азаматтардың пікірлері ескеріледі, бұл үшін әлеуметтік алаңдар кеңінен пайдаланылады, мониторинг жүргізіледі, соттармен өзара іс-қимыл жасайтын қоғамдық кеңестердің пікірлері назарға алынады. Бұл жүйелі жаңарту соттар құрамын тез және сапалы жасақтауға мүмкіндік береді, – деді спикер өз сөзінде.