• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 11:18

Тұлпармен түн қатқан шекарашылар

20 рет
көрсетілді

Картасын найзамен сызған бабалардың бізге қалдырған аманатын күзету – армен қорғалатын абыройлы міндет. Туған жердің тыныштығын қадағалау, әрбір қадамына қырағылық танытып, мемлекеттің берік қалқаны болу – әр сарбаздың басты борышы. Осынау мәртебелі қызметтің маңызын түсіндіретін мысалдар Түркістан облысы, Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарындағы полковник Асқар Болатов басқаратын шекара заставаларының қызметінен анық аңғарылады.

Ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасы он үш мың шақырымнан асады. Оның ішінде тек Өзбекстанмен арадағысы 2300 шақырымды құрайды. Бұл – қырағылықты, сергектікті талап ететін ауқымды аумақ. Әрбір күн, әрбір сағат сайын шекара бойында жауынгерлеріміз кірпік қақпай қызмет атқарады.

Полковник Асқар Болатов басқарманың Өзбекстанмен шектесетін екі жүз шақырымға жуық аумақты күзетеді. Оның жүз отыз шақырымы құрлықпен, жетпіс шақырымы өзен бойымен өтеді. Бұл аумақта автомобильдік, теміржолдық өткізу пункттері мен жүк тасымалына арналған бекеттер орналасқан.

«Біздің қатарға келген жігіттердің бәрі елге деген патриоттық сезіммен қызмет етеді. Бұл – ата-бабамыздан аманатқа қалған жер. Найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап кеткен Отанды біз сеніммен күзетіп отырмыз. Әр саланың қиыншылығы болады ғой, шекарашыларда бұл міндеттің жүгі тіпті ауыр. Бірақ біздің сарбаздар соған төтеп беріп, қызметін абыроймен атқарып жүр», дейді полковник.

Оның сөзінен әрбір әскеридің бойындағы мақтаныш пен жауапкершілікті аңғаруға болады. Асқар Болатов туған жерінің өзі шекараға жақын болғандықтан, бала кезден офицер болуды армандаған. Бүгінде сол арманы орындалып, үлкен ұжымға басшылық етіп отыр.

А.Болатовтың басқаратын аумағы таулы-шатқалды болғандықтан, сарбаздардың бір тобы ел шебін атпен күзетеді. Кәнігі Кейкі мергендер секілді олар да пиғылы жаман дұшпанға қапияда қарсы тұрады. Таңның атысы, күннің батысы тұлпардың тұяғы тынбайды, күзет шебі үзілмейді. Сарбаздар төбенің тасасы мен әр сайдың ығына мұқият назар аударады. Ауылда өскен, атқа үйренген жігіттер үшін мұның бәрі – үйреншікті жұмыс

Ал Сырдария бойындағы «Бірлік» заставасында құрлықпен бірге өзен де бақылауда ұсталады. Арнайы катерлер арқылы шекарашылар тәулігіне бірнеше мәрте өзенді шолып шығады. Мұнда келісімшарт негізінде тәжірибелі мамандар еңбек етеді.

Осылайша, Асқар Болатов басқарған бөлімшелердің жіті еңбегінің арқасында еліміздің күңгей бетіне көлеңке түсіп тұрған жоқ. Шекарашылар тәулік бойы кірпік қақпай күзетте тұрады. Біз шырт ұйқыда жатқанда олардың әрбір қадамы ел қауіпсіздігіне кепіл болып отыр.

Иә, бұл жүйелі жұмыс оңай қалыптасып кеткен жоқ. Шекарамыздың шегенделуі –бірнеше дипломатиялық келісімдердің нәтижесінде. Ең алғаш 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан шекара әскерлері құрылған еді. Кейін түрлі кезеңдерден өтіп, 1999 жылы ҰҚК құрамындағы Шекара қызметі болып қайта жасақталды. 2013 жылы «Мемлекеттік шекара туралы» заң қабылданып, құқықтық негізі нығайды. Бүгінде еліміздің шекарасы – әлемдегі ең ұзын құрлықтық межеленген аумақтың бірі.

Осы ауқымды аумақты қорғап отырған сарбаздар мен офицерлердің еңбегі – ел тыныштығының кепілі. Полковник Асқар Болатов айтқандай, ата-бабамыз аманат еткен жерді күзету – әрбір шекарашының жүрегіндегі серт болып қала бермек.