• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Шілде, 2025

«Жошының» жорығы

50 рет
көрсетілді

Біз білетін күйді байырғы бабаларымыз «күк» деп атап, оны Тәңірмен тілдестіретін дәнекер деп ұқты. Бұл дерек Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігінен» тиянақ тапқан. Осы арқылы бүгінгі қоғам азаматы сөздің он ғасыр бұрын қалай дыбысталғанын аңғарады. Ал «күк» деп аталатын сол әуеннің өзі ілкі құлаққа қалай жеткен екен? Қаһарлы ханның қабағын түсірген қаралы хабар қандай болды? Қашқаридің қадым кітабындағыдай сөздің ғана емес, үннің де транскрипциясын жасау мүмкін бе? Мәселен, ол дыбыс қоңыр ма, ащы ма? Жоқ, әлде ашық па, бітеу ме? Бұл бір келешектен естелік, өткен шақтан жаңалық іздеу секілді білім мен түйсікке құрылған тұңғиық таным жолы. Сол жолда қазақ музыкасының мүмкіндігін кеңейтіп, әлеуетін арттырып жүрген бір топ өнерпазды кездестірдік. Олар – тарихи аспаптарды қайта жаңғыртып жүрген «Жошы» фольклорлық ансамблі.

Әңгімені әріден бас­тайық. 60-жылдары жиі айтыл­ған «қазақта домбыра мен қобыздан өзге музыкалық аспап болмаған» деген жаңсақ пікірді Отырарда жүргізіл­ген қазба жұмыстарының нәтижесі жоққа шығарды. Өнертанушы Болат Сарыбаев бастаған ғалымдар сол жолы үрмелі аспап – үскірікті тауып, музыкалық айналымға енгізді. Артынша Нұрғиса Тілендиевтің ыждағатымен «Отырар сазы» оркестрі құрылып, ескі замандағы аспаптар сахна төрінде сөйлей жөнелді. Сонда Болат Сарыбаев жиырмадан аса аспапты халық ауыз әдебиетінде сақталған деректерге сүйене отырып іздеп тапты. Айталық, Алпамыс батыр жырын­дағы мына үзіндіге назар аударайық:

«Керней-сырнай тарттырып,

Даңғыра-дабыл қақтырып,

Барып түсті Алпамыс,

Қаракөз айым үйіне».

Осындағы керней, сырнай, даңғыра, дабыл сынды аспаптар тілдік қолданысымызда сақталып қалса керек. Алай­да ел өнеріне адал аза­мат­тар арқасында ол мұ­ралар дәуір құмсағатынан аршылып шықты. Жұрт аузында сақталған әңгімелердің парқына сүйене келе, ас­паптардың сипаты қайта жа­салды.

Қырық құлаш құдыққа тасталған қауға сияқты қандай болсын деректі өткеннің тереңінен бүгінгі күннің кеңістігіне алып шығатын жұмысқа этнограф Ақселеу Сейдімбек түсініктеме береді. «Қазақтың күй өнері» монографиясында ол бұл ізденістің ішкі таным мен интуицияға негізделгенін ашып айтады: «Музыкалық мұраның дүниеге келген қалпында дыбысталуы түпнұсқалық музыка деп есептелетіні сияқты, сол түпнұсқалық музыка тура­лы оны туындатушылардың ұғым-түсінігі мен эмоциялық-эстетикалық әсері де түп­нұсқалық жору болып саналады». Демек музыка тек дыбыс емес, таным мен түйсікке құрылған код.

Шетелдерге «Joshy qazaq national group» болып танылған ұжым – сол кодты іздеуші, оны қайта оятушы рухани реконструкторлар. Болат Сарыбаев атындағы музейден құрылған бұл ұжым алғашқы күннен бастап халық жадындағы архетипті сазды қайта тірілтуді мақсат тұтты. Қазіргі таңда ансамбль құрамында сазсырнай, мессырнай, бұғышақ, адырна, барбыт, керней, дабыл секілді көне аспаптар толыққанды музыкалық ортада үн қатып тұр. Бұл – жай ғана дыбысты қалпына келтіру емес, ұлттың ұмытылған үндік жадын ояту, жаңғырту.

Топ жетекшісі әрі Астана қаласы мәдени-тарихи мұ­ралар мен ескерткіштерді сақтау орталығының басшысы Баянды Сахарияұлы ұлттық ансамбльге мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалғанын айтады. «Осыдан бір жыл бұрын ұжымның еңбегін ерекше бағалаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордамызда өзгелерге үлгі боларлықтай ұлттық танымдық орталықтың болуы керектігін айтқан болатын. Көп ұзамай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет басқармасы «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» жанынан «Ұлттық өнер мұражайы» бөлімі құрылды. Осы бөлім негізінде өнерпаздарымыздың шабы­тын шарықтатып, шебер қол­дарын ұзарту мақсатында орналасатын ғимараттан бастап, материалдық техникалық базасы толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда өнер ұжымына барлық жағдай жасалды деуге болады», дейді ол.

«Joshy qazaq national group-тың» мүшесі әрі идеялық бас­тамашысы – музыкатанушы, мульти-инструменталист Азамат Бақия. Ол – өнер мен шеберлікті ұштастыра білген ізденімпаз тұлға. Азаматтың айтуынша, қазақта 120-дан астам музыкалық аспап түрі болған. Бір ғана домбыраның бес ішекті «барбыт» Кетбұғаның домбырасына қорғасын құйылмай тұрғандағы үлгісі болуы бек мүмкін.

Ансамбль құрамын­да­ғы­лар тек орындаушылар емес, әрқайсысы – аспап жасаушы шеберлер. Олардың шығармашылық зертханасында аспаптар тек бір ғана үлгіде жасалмайды. Регистрлік жіктемеге – яғни дыбыс диапазонына қарай сұрыпталып, түрлі көлем мен құрылымда дайындалады. Басқа елдерде бұл қағидатқа сәйкес бас, альт, сопрано, пикколо сынды музыкалық атаулар қолданылады. Ал қазақта бұл дыбыстық айырмашылық бұрыннан бар дәстүрлі атау­лармен сабақтасып кеткен. Оларды батырлар жырынан, көне аңыздардан, тұрмыстық қолданыстан кездестіруге болады.

«Жошылықтар» ұлттық аспаптарды тек кәсіби ортада ғана дамыту жеткіліксіз екенін айтады. «Кәсіби біліммен қатар, халық арасындағы таралу мәселесін де ұмытпауымыз керек. Егер белгілі бір аспап тек оқу орны арқылы ғана дамитын болса, ол тек үлкен қалалармен шектеліп қалуы мүмкін. Мысалы, домбыра – халықтық аспап. Көптеген ауылдарда оны консерватория бітірмеген, бірақ шебер орындаушылар ойнайды. Сол ұғымды басқа да көне аспаптарға қолдануымыз қажет. Яғни кәсіби үлгісінен бөлек, қолдануға ыңғайлы, халықтық үлгідегі нұсқалар қатар жүруі керек», дейді А.Бақия.

Осы мақсатта сазсыр­най­дың балалар мен ересектерге арналған қарапайым үлгілері де әзірленген көрі­не­ді. Оның қағидаты өте жеңіл: қара (жабық) және ақ (ашық) нүктелерді саусақпен басу арқылы дыбыс шығару. Бұл тәсіл балалардың моторикасын, тыныс алу қабілетін ғана емес, ұлттық болмысты қабылдауын да дамытады.

Әдетте, аспап жасайтын халық шеберлері өзін кәсіби маман ретінде мойын­да­май жатады. Ансамбль мүше­лері бұл – жаңсақ түсінік дейді. «Олар – дәстүр сақ­­таушылары. Біз кәсіби білімге дейін жеткенше, сол кісілер осы аспаптарды ұмыт­­тырмай жет­кізді. Демек олардың ең­бегі – аса маңызды әрі жо­ғары бағалануға тиіс», дейді музыканттар.

Ұлттық үннің болмысы тек музыкада ғана емес, та­биғатпен үндестікте де бай­­қалады. Соның бір мысалы – сазсырнайдың ұлар құс үніне сәйкес жасалған нұсқасы. Азамат Бақия бұл аспапты жасау үшін алдымен ұлар құстың үнін таспаға жазып алады. Сосын сол үнге сәйкес дыбысты шығаратын сазсырнай үлгісін жасайды. «Бұл аспапты тек Ұлытаудың сазбалшығынан жасауға болады. Әйтпесе үні шықпайды», – дейді шебер. Ол бірнеше аспапты арша бұтақтарына іліп қойған. Кейін желдің лебімен аспаптан ұлар үніне ұқсайтын әуез шығып, айналаға табиғи әуен тарайды. Бұл – тек экологиялық немесе көркем жоба емес, рухани рәміз. Өйткені ұлар – халқымыз үшін киелі құс. Ел арасында соңғы жылдары Ұлытауға қайта оралғаны туралы дерек тарады. Мұны ұлттың өз рухына қайта оралуының жақсы ишарасы деп ұғынуға да болады.

Бұл – жай ғана эксперимент емес, ұлттың табиғатпен, болмыспен рухани үндестігін дәлелдейтін терең рәміз. Ансамбль көне мұраны тек музейлік жәдігер күйінде қалдырмай, оны бүгінгі қоғаммен үндес өміршең мәдениетке айналдыруды мақсат етіп отыр. Олар ға­сыр­лар бойы тербеліп жеткен сарынды қайта тірілтіп, ха­лықты түп тамырымен қайта қауыштырғысы келеді. Осы мұратпен «Жошылық» саз жауынгерлері Қытай, Ресей, Түркия, Қатар және Африка елдеріне өнер жорығын жасап үлгерді. Енді келешекте Алтын орданың арыстан қағаны секілді жаһанның назарын түркі мәдениетіне батыл аудармақ.