Сенат депутаттарының өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Ауыл-аймақ халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған сенаторлар өңірлердің басты мәселелерімен танысты.
Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл медицинасын жаңғырту мәселелеріне арналған бірқатар кездесу өткізді. Өңірдегі аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездескен депутат ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның орындалу барысын талқылады. Өңірге инфрақұрылымды жаңарту, фельдшерлік-акушерлік пункттер және ФАП кезінде дәріхана пункттерін құру қажет. Оған қоса маман тапшы, дәрігерлерге баспана жетіспейді.
Ал сенаторлар Сұлтанбек Мәкежанов пен Нұртөре Жүсіп жаңадан салынып жатқан «Абай инновациялық мектебінің» құрылысымен танысты. Олар құрылыс алаңында жергілікті атқарушы орган мен мердігер ұйым өкілдерімен жобаны іске асыру барысы мен алдағы жұмыс кезеңдерін талқылады. Н.Жүсіптің айтуынша, ең бастысы мектеп салу емес, болашаққа берік негіз қалап, еліміздің зияткерлік әлеуеті дами түсетін кеңістік құру болып отыр.
Сенатор Жанна Асанова да Алматыда медициналық мекемелер, бизнес-қоғамдастық және жұртшылықпен бірқатар кездесу өткізді. Ол әлеуметтік қорғау, инклюзивті қоғам және халықтың жаппай несие алуын азайту, экология, урбанистика мәселелеріне тоқталды.
Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Қостанайға сапарлады. Депутаттар облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесіп, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін, халықты әлеуметтік қолдау шараларын талқылады. Сондай-ақ олар Аққайың ауданында болып, Ленинское ауылындағы елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ «Оқжетпес» балалар жазғы лагерін көрді.
Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайхановпен бірге Жетісу облысына аттанып, Панфилов ауданында су шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Онда жаңа үш су қоймасының құрылысы жоспарланып отыр. Қазір осы нысандар бойынша мемлекеттік сараптамадан өтетін техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Ж.Жөргенбаевтың айтуынша, осы су қоймалары пайдалануға берілгенде, Панфилов ауданының 42,6 мың гектар жерін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар депутаттар Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіп секторының мәселелері сөз болды. Сенаторлар полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеумен және пластик ыдыстарды шығарумен айналысатын «Amantayplast» компаниясының жұмысымен де танысты. Кәсіпорында тәулігіне 4 тоннаға дейін қалдық өңделеді, олардан 10 мың қорап жасалады.
Депутаттар сондай-ақ 2015 жылдан бастап заманауи агротехнологияны пайдалана отырып, 1,4 гектарға көкөніс өсіріліп жатқан жылыжай кешенінде болды. Олар кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесуде жергілікті жерлерде бизнес жүргізу кезінде туындайтын өзекті мәселелерге қанықты.
Депутаттар өңірлерде қордаланған мәселелер бақылауға алынып, Парламентте талқыланатынына уәде берді.