Instagram мен TikTok-та видео салып, YouTube-та блог жүргізіп жүргендердің әрекетін бұрын тек хобби деп қабылдайтынбыз. Ал қазір бұл – нақты табыс көзі, тіпті жаңа экономикалық кеңістікке айналып үлгерді. Елде интернет қолданушылар саны 18 млн-нан асып, халықтың 92%-ы ғаламторға тұрақты қосылады. Оның 75%-ы әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады.
Әлеуметтік желі – мүмкіндіктер алаңы
Бүгінде әлеуметтік желіден табыс табудың бірнеше негізгі тәсілі бар: парақшада жарнама орналастырып, қаралым мен белсенділік үшін ақы алу; эксклюзив контент үшін тұрақты төлем қабылдау; өнімдерді жарнамалап, сатылымнан пайыз еншілеу; өнімді онлайн парақша арқылы ұсыну, тікелей қолдау – оқырманнан донат немесе сыйлық қабылдау. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, жас әнші әрі ақын Арманбек Жәкейханның айтуынша, TikTok-тағы қаралымнан түсетін монетизация Қазақстанға енді келіп жатыр.
– TikTok-та монетизацияның толық іске қосылмауы – біз үшін уақытша кедергі. Сол себепті, көп қолданушы жаңа аккаунт ашып, монетизация баптауларын іске қосуға тырысады. Өйткені алгоритм кейбір парақшада монетизацияны қолдаса, енді бірінде мүлде мүмкіндік бермейді. Өзім алғашқы парақшамда тікелей эфирге шығып, көрермендерден виртуалды сыйлықтар алып, кішігірім табыс тауып жүрдім. Қазір негізгі күшті қаралымнан табыс табуға бағыттап, арнайы жаңа парақшамды дамытып жатырмын, – дейді.
Арманбек TikTok мүмкіндіктерін толық игерумен қатар, YouTube-ті де белсенді пайдаланады. Бұл платформада монетизация жүйесі 2007 жылдан бері жолға қойылған.
– YouTube-тағы контентім үнемі монетизацияланады. Бұл платформада жұмыс істеу оңай емес, бірақ беретін мүмкіндігі зор. Бұл – жай ғана онлайн табыс емес, шын мәнінде заңды кәсіптің бір түрі. Сондықтан мемлекетке төлеуді де салық міндетті де ұмытпау керек. Егер біз осы саланы кәсіби деңгейде дамытсақ, цифрлық экономикадағы орнымызды нақтылай аламыз, – деді Арманбек.
Блогерлер салықтан жалтара алмайды
Біреу – вайнер, біреу – шолу жасаушы, енді бірі мотивация мен косметика арқылы қыруар ақша тауып отыр. Ал енді сол табыс заң алдында қаншалықты ашық? 2023 жылы қабылданған «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң – осы саладағы алғашқы нақты қадамның бірі. Құжатқа сәйкес, әлеуметтік желі арқылы табыс тапқандар 3%-дан 10%-ға дейін салық төлеуге міндетті.
Алайда заң қабылданғанымен орындау жағы ақсап тұр. 2025 жылғы ақпанда Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогердің жалпы сомасы 53,3 млрд теңге салық төлемегенін мәлімдеді. Кейін 15 блогерге 1,5 млрд теңге қосымша салық салынып, 75 млн теңге бюджетке қайтарылған. Тағы 850-ге жуық блогерге ескерту жасалыпты.
Айтпақшы, 2024 жылғы наурыздан бастап блогерлер кез келген жарнамалық контентін «жарнама» немесе «PR негізінде» деп белгілеуге міндеттелді. Талапты бұзса, 57 мың теңгеден бастап жарты миллионға дейін айыппұл төлейді. Дегенмен мәселе тек заңда емес. Көп блогер салықтық сауаттан жұрдай. Табысын заңдастырудан қорқады немесе қайдан, қалай бастарын білмейді.
Көлеңкелі табыс көрінбей қалмайды
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, заңсыз ақша табу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады.
– Біріншісі – орналастыру. Заңсыз жолмен алынған ақша алдымен қаржы жүйесіне енгізіледі. Мысалы, кәсіпкерлік табыс ретінде көрсетілуі мүмкін. Екінші кезең – қабаттастыру. Бұл кезеңде ақша бірнеше қаржылық операция арқылы өткізіледі. Нақты қайдан келгенін жасыру мақсатында шетелге аударылады немесе криптовалютаға айналуы мүмкін. Үшінші кезең – интеграция. Соңында бұл ақша заңды кәсіпке немесе жеке тұтынуға жаратылады. Мысалы, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе инвестиция салуға пайдаланылуы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Оның сөзінше, кейбір контент жасаушылар төлемді криптовалюта арқылы алып, оны жасырып отыруы мүмкін. Мұндай тәсілдермен келген табыс салық органдарына көрсетілмейді. АҚШ-та блогерлер мен контент жасаушыларға арнайы салық формалары енгізілген. TikTok, YouTube табыстары арнайы 1099 формасы арқылы есепке алынады.
– Еуропалық одақ елдерінде 2020 жылдан бастап DAC7 директивасы күшіне енді. Оған сәйкес, YouTube, TikTok платформалары пайдаланушының табысы туралы ақпаратты автоматты түрде салық органдарына жіберіп отыруға тиіс. Сингапур, Корея, Жапония елдерінде әлеуметтік желі қолданушыларының табысы арнайы салық кодымен тіркеліп, заңды есепке алынады. Бұл елдерде ақшаны жылыстатуға қарсы заң өте қатаң жұмыс істейді. Осы ретте бізде де Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, блогерлер мен контент жасаушылар үшін нақты ережелер мен талаптар белгіленуі керек, – дейді экономист.
Әсем ЖАНАТОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3-курс студенті