Қазақстандық фильм Италиядағы беделді кинофестивальде «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» көркем фильмі Италияның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды.
«Бауырына салу» бұған дейін де бірқатар беделді фестивальдерде топ жарған:
Asia Pacific Screen Awards байқауында – «Ең үздік жастар фильмі» атанды, Baku International Film Festival (Әзербайжан) – бас жүлде, Cinema Heritage Festival (Франция) – арнайы марапат, Оператор Жанарбек Елеубек – Asia World Film Festival аясында «Үздік оператор» номинациясын жеңіп алды.Сонымен қатар туынды «Оскар-2025» сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша Қазақстан атынан ресми ұсынылды.
Картинаның сюжеті – ежелгі қазақ дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесінде болған баланың тағдырына негізделген. Әжесі қайтыс болған соң, бала ата-анасына оралып, жаңа ортаға бейімделуде қиындықтарға тап болады.
Ischia Film Festival – 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан, Еуропадағы ең көркем және ерекше кинофестивальдердің бірі. Ортағасырлық Арагон сарайының аумағында өтетін бұл шара түсірілім орындарының көркемдік және мәдени маңызын бағалауға ерекше мән береді.